Құдасының үйінен сейф ұрлаған ағайындыларға қатысты сот үкімі шықты

Құдасының үйінен сейф ұрлаған ағайындыларға қатысты сот үкімі шықты

Ағайынды жігіттер құдасының үйіне ұрлыққа түсіп, сейф ұрлаған.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жангелді Ешманов құдасының үйіне ұрлыққа түсіп, ішіндегі бағалы заттары бар сейфті ұрлаған екі ағайындының заңсыз әрекетін әшкереледі. Ол аталған үш томдық қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдады. Нәтижесінде, ұрылар сотталды.

Полицияға жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреулер үйіне ұрлыққа түскенін айтқан. Жәбірленушінің айтуынша, үйде ешкім жоғын пайдаланған ұрылар, оның жатын бөлмеде тұрған түрлі алтын бұйымдары мен 11 мың АҚШ доллары салынған сейфін ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуық. Полиция ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Ұрының ізіне түскен полицейлер отбасының таныстары мен туыстарынан да жауап алды.

Күдікті ретінде жәбірленушінің туыстары құрықталды. Оның біреуі бұрын сотты болған.

«Сейф ұрлау үшін ағайынды екеу өзара ақылдасып, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Құдасының үйінде ешкім жоғын біліп, ұрлық жасаған. Қоршаудан секіріп түсіп, үйдің терезесін бұзып, ішіне кірген. Ағасын көмекке шақырып, екеуі жатын бөлмедегі ауыр сейфті көтеріп әкеткен. Сейфті ауыл сыртына апарып ашып, ішіндегі түрлі алтын бұйымдар мен ақшаны алып, сейфті сол жерге лақтырып кеткен. Алтын бұйымдарды үйіне жасырып, ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Сот үкімімен бұрын сотты болған 30 жастағы күдікті ҚР ҚК-нің 188-бабымен кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның 32 жастағы ағасына төрт жыл жеті ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деді полицей.