Несібесін алма өсіруден тауып жүрген 76 агроқұрылым шаруалары үшін ауданда 12500 тоннаны құрайтын 7 жеміс-жидек қоймасы жұмыс істейді және бұл Түлкібастың брендін жылдың төрт мезгілінде қолжетімді бағада елге ұсынуға мүмкіндік береді.
Ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Түлкібас жері ғасыр бойы дәмді алмасымен талайларды тамсандырып келе жатқан алма өсіруге өте ыңғайлы аймақ болып саналады. Тау бөктерінде жайқалған жабайы алмасын айтпағанда, мұнда бағбандар алманың түрлі соттарын баптап өсіріп, ел игілігіне жаратып жүр. Күре жолдың бойында қысы-жазы қаз-қатар алма сатып тұрған сөрелерімен жұртты тәнті ететін Түлкібастың алмасын ары-бері зулап өтіп жатқан жолаушылардың көбі тоқтап, алма саудасының көрігін қыздырып жатады.Айта кетейік, аудан аумағында қыс мезгілінде алма сақтайтын сыйымдылығы 12500 тоннаны құрайтын 7 жеміс-жидек қоймасы жұмыс істейді. Бұл қоймалар Түлкібастың брендін жылдың төрт мезгілінде қолжетімді бағада елге ұсынуға мүмкіндік береді.