Алма теруге барған 21 жастағы жігітті ток соқты – видео
Алма теруге барған 21 жастағы жігітті ток соқты – видео
Фото: AstanaTV-дан скриншот
307
оқылды

Төлеби ауданы Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны алма теріп жүріп, көз жұмды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Қайғылы жағдайға қаралы отбасының бау-бақшасы арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп болған көрінеді. Күні кеше құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет аяқасты ұлының жаназасын шығарды. Ауыл тұрғыны Керімжан Сегізбаевтың 21 жастағы ұлы абайсызда көз жұмды. 12 қазан күні үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс әке ойламаған жерден екінші баласының жаназасын шығарды. Кіші ұлы бау-бақша үстінен жүргізілген  жоғары кернеулі токқа түскен.

Марқұмның әкесі Керімжан Сегізбаев: «Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айрылып отырмын. Енді білмеймін, бұдан кейін не істеуге болатынын. Бағананы лажы болса құртыңыздар, құртпайсыздар ма, мен аралап тастаймын», – дейді.

Марқұм Азамат Тоғызалы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген. Ол ауылдасымен бірге дүйсенбі күні алма термек болған. Куәгерлердің айтуынша, темір саты жоғары кернеулі электр желісіне тиіп кеткен.

Жоғарғы қасқасу ауылының тұрғыны Жұмағали Есмұрзаев: «Электр желісі төрт-ақ метр, пәс жерде орналасқан. 10 мың вольт ток жүріп тұр. Не болса да өртеп жібереді. Менің балам да шокта болды. Оны да ток соққанда ұшырып жіберген. Сатының түбі жерге тиіп, балам аман қалды. Ток жерге қарай «заземление» кеткен. Әйтпесе, бүгін екі өлік шығарып жататын едік», – деді.

Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жанұшырып үш сағаттай жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмады дейді. Ауыл халқы 1964 жылы орнатылған бағаналардың көбі тал-теректің ортасында қалып қойғанын айтады. Осыдан кемі елу жыл бұрын қойылған бұл бағаналар күйреп кетіпті. Небәрі жүз түтіні бар ауыл тұрғындары жоғары кернеулі желілерді көше бойымен жүргізуді талап етіп отыр. Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармайды. Бірақ тұрғындардың өзінен де кінә бар дейді.

Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейіржан Дүйсебаев: «Бұл бағаналар негізінде олардың қорасына дейін салынған. Тұрғындар қораны кейін салған. Үйлері де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп легализациямен алып, документтерін туралап алған, былайша айтқанда. Барлығы болмаса да біразы кінәлі», – дейді.

Десе де, келер жылы қора жайлар аумағына жақын тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар екенін айтты.

  https://youtu.be/ZJmAU83EnJg