«Жалақы орнына сүт береді» – Семейдегі жылу-электр орталығы қызметкерлері қанша айдан бері ақшасын ала алмай жүр?
«Жалақы орнына сүт береді» – Семейдегі жылу-электр орталығы қызметкерлері қанша айдан бері ақшасын ала алмай жүр?
Фото: «Теплокоммунэнерго» МҚК
546
оқылды

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Семейдегі жылу-электр орталығының қызметкерлерінің: «Тамыз айынан бері жалақы ала алмай жүрміз. Айлық орнына сүтке және басқа да өнімдерге талон береді» деген жанайқайын жарияланған еді.

Бұл қаншалықты шындық? Аталған жылу-электр орталығының директоры Азат Сарпековтің айтуынша, жалақы мәселесі бар. Бірақ тамыздан емес, қыркүйек айынан бастап берілмеген. Ал сүтке талон жалақыдан бөлек күнделікті беріліп отырады екен. «Бұл орталық жұмысының денсаулыққа зиян келтіруіне байланысты берілетін өтемақы» деген орталық директоры қызметкерлердің жалақысы 10 күн ішінде толықтай өтелетінін жеткізді. Ал ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов бұл мәселені білетінін, инспекция мамандары аталған мекеме басшылығына хабарласқанын айтты.

«Олар жалақы мәселесінің жуық арада шешілетіндігін түсіндірді. Егер айлық төленбесе еңбек ұжымы арыздануға хақылы. Сондай жағдайда жылу-электр орталығына ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес айыппұл салынады», – деді басқарма басшысы.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы