Түркі интеграциясының жаңа кезеңі
Түркі интеграциясының жаңа кезеңі
968
оқылды

Кеше Ыстанбұл шаһарын­да түбі бір түркі жұртының мем­­лекет басшыларының сам­­миті өтті. Он жылдан ас­там уақыт «Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталып келген ұйым жиынында бас қосқан Президенттер құрылымды «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгертті. Басқосуға Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев қатысып сөз сөйлесе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жол­дады.

Саммит аясындағы кездесулер мен қосалқы жиындар бейсенбі күні басталды. Сол күні Ыс­тан­бұл­ға Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғыз Республикасы, Түркия, Өз­бекстан, Түрікменстан прези­дент­­тері мен Мажарстанның пре­мьер-министрі де келіп жетті. Ал жұма күні Қазақстан басшысы өзге әріптестерімен бірге Ыстан­бұл­дағы Түркі кеңесі хат­шылы­ғы­ның жаңа ғимаратының ашылуы­на қатысқан соң, Түркі кеңе­сінің VIII саммитіне қатысу үшін Ыстанбұлдың оңтүстік-шы­ғысында орналасқан Демократия және бостандық аралына бет алды. Сөйтіп, түркі интеграциясы­ның жаңа кезеңінің шымылдығын аш­қан саммит басталған еді.

Түркі мемлекеттері ұйымы жаңа саяси блок емес

Мұндай ойды саммитке қаты­су­шыларға бейнеүндеу жолдаған сә­тінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Жиынға қаты­су­шыларды құттықтай келе, Н.Назарбаев: «Бүгіннен бастап біз­дің бірлестік Түркі мемлекет­тері­нің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ық­палдастықты ілгерілету ісін жаңа дең­гейге көтеріп, ұйымның мәр­те­белі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз», – деді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев түркі интеграциясын мақ­сат тұтқан ұйымның қандай да бір блок емес екенін атап өтті. «Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халық­ара­лық ұйымдармен ынтымақ­тас­тық­қа дайын екенін паш етіп отыр­мыз. Оның ешкімге қарсы ба­ғыт­талмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақ­сат­тары мен принциптеріне сай ке­ле­тін прогрессивті бірлестік», – де­ді Елбасы.

Экономикалық-гуманитарлық бағыт маңызды

Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлығы үшін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға алғыс айта келе, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатқан Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республи­ка­сы, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын құттықтады. Содан соң түркі интеграциясы үшін маңыз­ды саналатын ойларымен бө­лісті. Президент түркітілдес мем­лекеттер басшыларының пан­демиямен бірлесе күресу үшін алғашқылардың бірі болып саммит өткізгенін, Түркістан қа­ла­сының Түркі әлемінің рухани ас­танасы атанғанын, Таулы Қара­бақ мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйы­мының қарарына сәйкес оң шешімін тапқанын атап өтті. Әрі кеңеске төрағалық еткен Әзер­бай­жан мемлекетіне ризашы­лы­ғын білдірді. Мемлекет басшы­сы­ның өз сөзінде ұйымның үшінші тараппен ынтымақтастығы мәсе­лелерін реттейтін ережелердің қабылдануы маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге түркі интег­ра­циясында «Менің пікірім бойын­ша ұйымымыз, ең алдымен эко­номикалық, гуманитарлық жә­не экологиялық ынтымақ­тас­тық­қа баса мән бергені жөн. Әріп­тестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тоқаев Содан соң  нақты бір­қатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, Қазақ­стан Президенті экологиялық түйткілдерді шешу маңызды екенін атап өтті. «Қазір дүниежүзі экологиялық түйт­кілдерді шешуге ерекше мән беруде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мә­селеге айналды. Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз. Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек. Қазақстанның көмірсутегі қоры мол. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз», – дей келе Қазақстанның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарды атап өтті. Ал екінші мәселе ретінде Қ.Тоқаев  сутегі энергетикасы мәселесіне тоқталды.  «Қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келеді. Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды. Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз», – деген Президент түркі мемлекеттерінің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынды. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет екенін айтты Президент. Мемлекет басшысы көтерген үшінші мәселе – жаһандық жылыну үдерісіне қатысты. Қ.Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету  үшін бірқатар шараны бірлесе атқарудың, соның ішінде гидро­құрылымдар салудың маңызына тоқталды. Әрі Қазақстанның бұл бағыттағы ынтымақ­тастыққа даяр екенін атап өтті.  Ал төртінші мәселе ретінде жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды іске асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту маңызын атап өтті. Еліміздің  «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасына Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналас­тыруға дайын екенін айтты. Сонымен қатар ІТ компания­лардың ынтымақ­тастығын күшейтудің, инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атады. «Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыз­дың арнайы форумын өткізуді ұсынамын», – деді  Президент.

Президент ұсыныстарының мәні неде?

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Түркі ұйымының саммитінде айтқан ұсыныстарының  Қазақстанның даму бағытымен  тікелей қатысы бар екенін және әлемдік трендтерге үйлесетінін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Түркі ұйымының  жаһандық супер күштер  күдіктенетін  блокка айналып кетпеуі қажет екенін тұспалдағанын аңғардық Оны Елбасы да атап өткен еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев та, Қасым-Жомарт Тоқаев та  ХХІ ғасырда аумақтық тұтастық­тың маңызды екенін және БҰҰ қарарлары­ның әлем елдері үшін бұлжымас ережеге айналуы қажет екенін меңзеді. Сол арқылы Әзербайжанның  Таулы Қарабақты  қайтарып алу үшін жасаған әскери операцияларын бағалайтынын байқатты. Бір сөзбен айтқанда, дипломатия тілімен Бакуді қолдады. Екіншіден, Қ.Тоқаев ұсыныстарының арасында Орталық Азияда алдағы уақыттарды қалыптасуы мүмкін су тапшылығының алдын алу, суды бірлесе пайдалану мәселесі де жатыр. Тіпті, Түркі ұйымы тәрізді қалың бұқараның көңілінен шығатын  құрылым арқылы су мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін дау-шарасыз шешу  мүмкіндігі бар екенін тұспалдаған сыңайлы. Сонымен қатар Қазақ­стан тарапының ұсыныстары  жаһан­дық  трендтерден қалмауға және адамзат­тың дағдарысқа ұрындыруы мүмкін жағ­дай­дың алдын алуға негізделген сыңайлы. Сутегі энергетикасы, жасыл технологиялар,  ІТ саласы тәрізді  бағыттар  әлем үшін  өзекті бағыт екенін қазіргі ғылым мен технология  көрсетіп тұр. Сондықтан Түркі әлемі дамудың  осынау бағытынан қалыс қалмауы керек. Әрі күш біріктірген жағ­дайда табысқа жету мүмкіндігі бар екенін меңзеген сыңайлы. Біздің пайымдауымызша, бұл – дұрыс бағыт. саммит

Аднан Мендереске құрмет көрсетті

Айтпақшы, Түркі ұйымының саммитінде  Қасым-Жомарт Тоқаев  Түркия­ның бұрынғы премьер-министрі, өткен ғасырдың 50-60-жылдарында  үкімет басқарған қайраткер Андан Мендерестің рухына тағзым етті. Саммиттің өзі  саясаткер қамауда болған түрмеде орналасқан, жаңаша «Демократия және бостандық» деп аталатын  аралында өткендіктен, Қазақстан Президентінің сөзін Режеп Тайып Ердоған ерекше толқыныспен қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың 50-60-жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орны­ғуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Респуб­ликасы­ның Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», – деді. Бұл қилы тағдыр кешіп, Пәкіс­тан арқылы Түркияға жеткен  қазақ­тарға пана болған түрік халқына айтылған алғыс еді.

Өзгерген тек ұйым атауы емес...

Жалпы, сөз басында айтқанымыздай, осы жолғы саммиттің жөні бөлек болды.  Ең әуелі  «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, «кеңес» «ұйымға» айналды. Одан соң Түркі мемлекеттері ұйымының 8-саммиті­нің декларациясы, Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқау­шы мәртебесін беру туралы, «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы, «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлық» туралы, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру, Түркі мемлекеттері ұйы­мы­ның Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөніндегі, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау, Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау туралы, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім, Әзербайжан Республикасының президенті Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі шешімдерге  қол қойылды. Яғни, қабылданған  құжаттар бұрын «кеңес» аталып келген құрылымның атын ғана емес, жұмыс бағытына да өзгеріс енгізді. Саяси айналымнан «түркі тілдес мемлекеттер» деген  сөз ресми ысырылып, орнына  «түркі мемлекеттері» деп атау дәстүрі енгізілген сыңайлы. Ұйым атауы соны меңзейді. Бұл – интеграцияның жаңа сатыға көтерілгенінің белгісі.

Амангелді ҚҰРМЕТ