Жүйедегі олқылықты оңтайлы пайдаланған
Корпорацияны басқарушылар осылай дейді. Қазір «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Азаматтарға арналған үкімет» барынша автоматтандырылған. Осылайша жүргізуші куәлігін алу уақыты 6 сағаттан 2 сағатқа қысқартылса, нөмір мен техникалық құжатты арнайы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ -да 90 минуттың ішінде алуға болады. Айта кетерлігі, мемлекеттік корпорация жұмысында адами фактор толығымен жоққа шығарылған. Бұл бойынша бағаны орталық компьютер береді. Қандай да бір жолмен көмектесуге, күн ілгері белгілі болған нұсқаны енгізуге болмайды, өйткені бірнеше камералардан ұдайы бейнебақылау жүргізіліп отырады екен. Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин астананың мамандандырылған ХҚКО-сына барып, «Құпия сатып алушы» емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алатынына куә болғаны туралы видео жариялаған еді. Видеода министр ешкім танымауы үшін көзілдірік киіп, экспериментке қатысушы құпия сатып алушымен бірге таңғы сағат 10 шамасында арнайы ХҚКО-ға кіріп, жүргізуші куәлігін алуға келіскен. Олар бірігіп қажетті адамды тауып, оған құжаттарын, қолхат беріп, практикалық және теориялық емтихандарды тапсырмай-ақ дайын жүргізуші куәлігін алды. Ол ОКҚ брифингінен кейін журналистерге берген пікірінде: «ХҚКО-ға барып жүргізуші куәлігін алу процесінде заңбұзушылықтарға тап болдым. «Азаматтарға арналған үкімет» ішкі қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері түсірген видео заңбұзушылықтарды алдын алуға нақты негіз болды. Қазір мемлекеттік корпорация қызметкерлері еліміз бойынша осындай деректерді анықтап жатыр. Материалдар одан әрі талқылау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі», – деген еді министр. Арнайы ХҚКО-да жүргізуші куәлігін теориялық және практикалық емтихандардан өтпей-ақ алуға болады деген шағымдар көп. Министр мұның шын мәнінде қалай болатынын өз көзімен көру үшін осындай әрекетке барған.Мыңнан астам адам куәлік сатып алған
Корпорация құрылған бес жыл ішінде 150 миллион қызмет ұсынған. Қазір республика бойынша 339 ХҚКО, 442 бэк-офис, 21 цифрлық қызмет көрсету орталығы, 32 мамандандырылған ХҚКО және 69 мобильді ХҚКО бар. Жаппай автоматтандырылып, оңтайландырылған инновациялық-цифрлық жобалардың арқасында смартфонның көмегімен-ақ көп шаруаны шешіп алуға мүмкіндік туды. Дегенмен адамнан айла артылмайтын заманда автоматтандырылған жүйенің өзін айналып өтіп, оңтайландырылған жобаның да оңтайлы шешімін табатын қызметкерлерге шектеу қою қиын секілді. Мысалы, осыған дейін Ақмола және Қостанай облыстарының мамандандырылған ХҚКО-ларында мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Ал бұған дейін де дәл осы ХҚКО-ның өз қызметкерлерінің өзге адамдардың орнына жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтаған болатын. Олар жүргізуші куәлігін алуда емтиханды сәтті тапсыру үшін арнайы дайындалған басқа адамдарды да тартып отырыпты.Қоғамдық кеңестің көңілі толмады
Өткен аптада «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте үш жыл ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 222 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық тіркеліп, 122 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды. Бұдан бөлек, корпорация бюджетті тиімсіз жоспарлау бойынша антирейтингте 1-орынға шыққан. Кеңес мүшесі әрі жұмыс тобының жетекшісі Ғалым Байтоқтың айтуынша, инспекция барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталыпты. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы да бар. «Мемлекеттік корпорация 2019 жылы 37,7 млрд теңгеге сатып алу жүргізді. Бұл соманың 70%-дан астамы тікелей бір көзден алынған. Сатып алу туралы 10 мың шартта 4 мыңнан астам тәуекел анықталған. Конкурстарда 705 жеткізуші тендерлерді басқаларға қарағанда жиі ұтып алыпты. Ал 2 мыңнан астам келісімшартта бағалар жоғары көрсетілген, жеткізу мерзімі қысқа», – дейді Ғалым Байтоқ. Кеңес төрағасы Ерлан Саиров ХҚКО-ның қызметтері қалаларға қарағанда ауыл тұрғындары үшін қолжетімді еместігін алға тартып отыр. Мәселен, аудан орталықтарынан 200-300 шақырым жерде орналасқан шағын ауыл тұрғындарының орталыққа қатынауы қиын. Әсіресе, шекаралас аудандардағы халықтың мемлекеттік қызмет алуға қолжетімсіздігін «делдалдар» ақша табудың көзіне айналдырып алған. «Адамдардың сенгіштігі мен жасы үлкен зейнеткерлердің электронды гаджеттермен жұмыс істей алмайтынын пайдаланатын «пысықайлар» мемлекеттік қызмет алуды өз мүмкіндігіне пайдаланып жатыр», – дейді Ерлан Саиров.Таныс іздеп жанталасады
Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ басқарма төрағасы Әділ Қожықов мемлекеттік қызмет алу сапасының артуы мен саладағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін барлық мүмкіндік қарастырылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, тұтынушының құзырлы орынмен тікелей байланыстан шығарылуы сыбайластық схемасын түбірімен жоюға көмектеседі. Бұрынғыдай қағазбастылық адамдарды жеңіл жол іздеуге итермелесе, қазір ұсынылатын құжаттар мен анықтамалар саны қысқартылып жатыр. «Мысалы, Ақтөбе облысымен бірлесіп, мемлекет меншігінен жер телімін сату бойынша аукцион өткізу немесе egov порталы арқылы онлайн әдісімен жалға алу құқын беру, жер телімін ұсыну қызметін енгіздік. Тұтынушылардың өтініштерін қарау мерзімін қысқарту да сыбайластық қаупін жояды», – деп отыр Әділ Қожықов. Тұрғындардың өздері де құжатты аз уақыт ішінде иеленгісі келеді, не болмаса ең соңғы сәтте алғысы келгенде таныс іздеп жанталасады екен. Сол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікті 2 сағат ішінде тіркеуге болатын мүмкіндік қарастырыпты. «Нотариусқа жүгінген кезде бұл қызметтің нәтижесін азаматтар екі күн күтеді. Сол секілді банкте адамдар ипотека, несие рәсімдеу мақсатында кепілдікке қою үшін шұғыл меншік құқын дәлелдеу керек болады немесе басқа құжаттық қажеттіліктер туындайды. Енді бұл үрдісті тариф бойынша қосымша ақы төлеп, тездетуге болады. Біз бұл жерде төлемақыны банк қосымшасы арқылы қабылдауды енгіздік. Бұл тұтынушының банк кассаларында немесе «Қазпоштада» кезек күтпей, үрдісті тездетуге мүмкіндік берді», – дейді басқарма төрағасы.Жеңіл жол іздейді
Бір аптаға созылатын бронның уақытын күткісі келмейтіндер де жеңіл жол іздейді екен. Осындай кедергілерді жою үшін ашықтықты арттыруға көңіл бөлініп жатқанға ұқсайды. Мысалы, Алматы қаласында қолданысқа енген U-study жобасында теориялық сынақты тапсыру толықтай автоматтандырылған. Бұл тестілеуден өтуді қалайтындар санын күрт қысқартыпты. Әділ Қожықовтың айтуынша, үшінші тұлғаларға қатысты сенімхат бойынша қызмет көрсетуді сұрайтын адамдар мұқият тексеріледі. Әртүрлі сылтау айтып, мерзімі өтіп кеткен, электронды цифрлы қолтаңбаны беретін бекет көрсетілмеген сенімхатпен келетіндерге тосқауыл қою үшін тұтынушылар фотоанықтаудан өткізіледі. Бұл үшінші тұлғаның келу мүмкіндігін жояды екен. Бүгінде ХҚКО-на бармай-ақ, операторлардан қызметтерді смартфон арқылы алуға мүмкіндік беретін «Бейне ХҚО» қосымшасы іске қосылған. Оның көмегімен оператормен бейнебайланысқа шығып, қызмет алуға мүмкіндік бар. Қосымшада сұранысқа ие 25 мемлекеттік қызмет қолжетімді екен. Таяуда енгізілетін биометрияны пайдалану да жемқорлықтың алын алмақ. Фото немесе саусақ ізі арқылы бірегейлеу де барынша ашықтықты жолға қоятын көрінеді.Қауіпсіздік қызметі – құпия тұтынушы
Мемлекеттік корпорация өз құзыреті аясында тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізеді. Оның ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында үшінші тұлғаның теріс қызметіне жол ашпас үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жүзеге асырылады. Сондай-ақ қауіпсіздік қызметі құпия тұтынушы ретінде ХҚКО-на жүгінеді. «Азаматтарға арналған үкімет» халыққа ұсынылатын қызметтің әділ болуына атсалысып келеді екен. Ал жемқорлық әрекеттерге жол бермеу үшін тұрғындар да өз тарапынан құқықтық сауатын арттырып, заманауи технологияны меңгеруге мүдделі болуы керек. Әйтсе де, кеңес мүшелері айтпақшы, интернетке қол жеткізудің қиындығы мен жүйедегі олқылық, одан қалса аймақтардағы халыққа қызмет көрсету орталықтардың аздығы жемқорлықты жоюға кедергісін келтіреді. Сондықтан орталық санын арттырып, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек. «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Байтоқтың айтуынша, мың жерден заңды біліп тұрғаныңмен медициналық мекеме қызметкерлерінің қызмет көрсету мерзімін сақтамауының салдарынан халықты емханаларға тіркеу кезінде мерзімін өткізіп алу мәселесі жиі кездеседі. «Бұл жалғыз мекемеде кездесетін жағдай емес. Мұндай мысалдар көп. Мемлекеттік қызметтерді уақытылы көрсетпегені, электронды құжаттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін, сондай-ақ ақпараттық сервистердің, оның ішінде egov.kz порталының жұмысындағы іркілістер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізген жөн», – дейді Ғалым Байтоқ.Жадыра МҮСІЛІМ