Тағы мал қырылып жатқаны рас па?
Тағы мал қырылып  жатқаны рас па?
368
оқылды
Жаздағы қуаңшылықты ел ұмыта қойған жоқ. Маңғыстаудағы жұрттың біразы малынан айырылды. Зардабы сейілді-ау дегенде мал өліп жатқаны жайлы деректер қайта шыға бастады. Жазда қырылған малдың қысқа шыдауы неғайбіл. Осыған қарап, өңірде жағдай реттелмеген бе дедік. Ал жауаптылар не дейді? Бірақ олардың сөзі тұрғындардың пікірімен ұштаспасы анық. Өйткені облыс­тағы жұрт қайта мал қырылып бастауы мүмкін екенін болжап отыр.

Әкімдік жағдайдан хабарсыз ба?

Мал өлімі тыйылды дегенге көптің күмәні болғаны шын. Дегенмен «жаздағы қуаңшылықтың зардабы сейілді» деп иландық. Маңғыстаулық шаруалар, қоғам белсенділері күн суытып, қыстың қаһары келер сәттен сескеніп отырғанын осыған дейін айтқан. Жазда арып-ашқан қоңсыз түліктер қыс келгенде қайта қырылардай қорқуы бекер емес. Қарашадан бастап өңірде «қайта мал өліп жатыр» дегенді әр жерден естіп, әлеуметтік желілерден көріп қалып жүрміз. Әуелі ақпараттың рас-өтірігін білмек үшін жергілікті билікпен байланысқа шықтық. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева аштықтан мал өліп жатыр деген деректің тіркелмегенін айтады.
– Негізінде жаппай мал қырылу жө­нінде факті жоқ. Бұрынғы өлген малдар кейбір жерлерде көмусіз қалған. Егер мал өліп жатса, тұрғындар, шаруалар жергілікті әкімдікке хабар беруі керек. Сосын оны тәртіп бойынша көму қажет. Кейде шаруалар малын сыртқа жайғаннан кейін өздері де көрмей қалады. Әкімдік те айтпаған соң білмейді. Бұрын өлген малдардың сол кү­йін­ше жатқан фактілері бар. Сол мал­дардың денесін бір жерге жинап, шаруалар хабар беріп жатыр. Осындай ақпараттар ғана қолымызда, – дейді ол.
Гүлмира Әйткенқызының айтуынша, әлеуметтік желіде таралып жатқан өлген малдың фотосуреттері жазда түсірілген болуы мүмкін екен. Немесе сол жазда өлген малдың денесі далада көмусіз қалып қойған. Бірақ бұл нұсқаны шындық деу қиын. Себебі кемі 3-4 айдан бері далада жатқан малдың денесі шіріп кетпей тұруы мүмкін емес. Оның үстіне аң-құс барын ескеріңіз. Біздікі болжам ғана, ал жағ­дайды көзбен көріп отырған елдің айтары қандай?

Тұрғындар не дейді?

Бір өңірдің малы қырылмасын деп облыс пен Үкімет бюджетінен біршама қаржы бөлінгені рас. Дегенмен сол игілікті малы бар жұрт көрді ме? Қуаңшылық жайлы елге ақпарат тарап, жұрт дүрліккен соң маусымның басында облыс қазы­насынан 200 миллион теңге бөлінді. Ол қар­жыға Ақтөбе облысынан мал азығы алынып, тұрғындарға таратылды. Таратты деп емес, сатты деген жөн болар. Зардабы сейілмей жатқаннан кейін бе, қосымша Үкімет резервінен 1,9 миллиард теңге қа­ралды. Бұл ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы Ауыл шаруашылығы басқармасы­ның ресми дерегін таусылмастай етіп тізе берсек болады. Әйтеуір жалпы көлемі 41,5 мың тонна шөп пен 24 мың тонна жем жеткізілген. Бірақ абзалы өңірдің қазіргі жай-күйін ел ішінде жүргендердің өзінен сұрап білуді жөн көрдік. Облыс тұрғыны Еркебұлан Жаулыбай әлі де қырылып жатқан мал барын айтып отыр. Осыған байланысты төтенше жағдайды қайта енгізу қажет екенін жоғарыға жеткізіп, мәселені баяндап жүр.
– Әлі күнге дейін қырылып жатқан малдың бары рас. Мысалы, облысқа қарас­ты Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында тұрамыз. Өткен аптада ғана тұрғын­дар ауыл маңындағы аштан өлген жылқы­ларды көрсетті. Әкімдіктегілердің айтары белгілі, дәлел ретінде суреттерді ұсынсақ, «жаздағы қуаңшылық кезінде түсірілген» деп өздерін ақтап алады. Жігіттер даланы кезсе, өліп жатқан малды көп кездестірген. Жерде қылтанақ жоқ, мал қырылмағанда не істейді? Жазда Қазгидромет жердің ылғалдығы 35 пайыз деп жариялады. Одан аз сыңайлы. Ауыл шаруашылығы министрі ауысқанда өңірге келді. Содан кейін бір науқан басталды. Қыруар қаржы бөлінді. Қайтарыммен қаражат үлестірді. Бірақ оның бәрі кейбіреулердің бизнесіне айналып кетті. Себебі әкімдік жемшөпті үлестірген жоқ, «Каспий» ӘКК атты мекемеге мал азығын сатуды тапсырды. Жемнің келісін 105, шөптің бір түгін 1 500 теңгеден саудалап жатыр. Сонда бөлінген қаржыны өздері қайта жинап отыр. Бұл тұста малы барларға қайтарымсыз қаржы беруді сұрар едік. Қазір облыста төтенше жағдай жариялау қажет. Себебі қазір мойындамағанмен қыста осыған мәжбүр болады. Күн суыт­қанда әлсіз жылқылар шыдамай, қырылса таңғалмаңыз, – дейді азамат. – Біздегі кей шаруалар Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысына малдарын айдап әкетті. Сонда жергілікті әкімдік пен ветеринар мамандардың өздері келіп, малды тіркеген екен. Ал Маңғыстау өңірінде осы жағы осал. Сен қозғалмасаң, олар да соқпайды. Әрине, малын базаға тіркетпеген халықтан да айып бар. Әйткенмен қуаңшылыққа дейін облыста осы салаға байланысты түсіндіру жүргізілген жоқ. Сондықтан әкімдік пен басқарманы да ақтауға болмайды, – дейді Жармыш тұрғыны.
Әзірге жағдайды бағамдау қиын тәрізді. Ал тұрғындар жағдайдың қиын екенін түсіну үшін жауаптылар мен БАҚ өкілдері­нен өңірге арнайы келіп, көзбен көруді сұрап отыр. Егер қыста жаздағыдай көптеп мал қырылар болса, елдің сөзін жоққа шы­ғарған жауаптыларды сынға алсақ та артық емес. Алайда онымен жағдай оңалып, өл­ген мал тіріліп кетпейді. Айналып келгенде зиянын тұрғындар шегуі мүмкін.