Онлайн төлемге тұсау сала ма?
Онлайн төлемге тұсау сала ма?
346
оқылды
Қазақстан экономи­ка­сының 30-50%-ы көлеңкелі ай­налымда жүр. Олар салық тө­лемейді, сондықтан қа­зы­наның қалтасының түбі көрі­ніп жатыр. Енді Үкімет осы тапшылықты жеке адамдар­дың мобильді ақша аударым­дары арқылы толықтырмақ­шы. Мәжіліс оған қатысты заң жобасын бірінші оқылым­да қабылдап жіберді. Бірақ ең үлкен салықтан жалтару­шылар мұнай, металл және тағы басқа шикізат өнімдерін экспорттайтын алпауыттар еке­ні белгілі. Сондықтан Үкімет халықтың қалтасына түскенше, ірі бизнесті көлең­кеден шығарғаны жөн болмас па еді?! Ұлттық банктің дерегі бо­йынша, 2019-2020 жылдары қа­зақстандықтардың төлем карта­ларын пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз жасаған транзакция­лардың саны 2,4 есеге артып, 35,3 трлн теңгені құраған. Ал осы жыл­­дың өткен сегіз айында ел аза­мат­тары бір-біріне 43,2 трил­лион теңге ақша аударған. Сон­дай-ақ жедел аударымдар кәсіп­керлік қызметте кеңінен қол­данылып келеді. «Жосықсыз кәсіпкерлер тө­лемнің осы түрін пайдалана оты­рып, клиентке кассалық чектер бермейді, салық есептіліктерінде айналымдар көрсетілмейді, ау­дарымдар тауарларды өткізу не­месе қызметтерді көрсету кезінде оған қатысы жоқ немесе бизнес субъектілері ретінде тір­келмеген үшінші тұлғалардың атына келіп түседі, нәтижесінде Салық ко­дексінің, «Тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау туралы» заң­ның және Азаматтық кодекстің нор­малары бұзылады. Аударым­дардың коммерциялық мақсат­тарда кеңінен таралуына бай­ла­нысты министрлік Ұлттық банк­пен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және екінші деңгейдегі банктер­мен бірлесіп, мобильді аударым­дарды жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлу мәселелерін пысықтады»,– дейді Қаржы министрі Е. Жамаубаев. Министрдің айтуынша, бұл салықтың жаңа түрі емес және салық есептіліктерінде және салықтарды төлеуде мәліметтердің дұрыс және толық көрсетілуіне бағытталған. Және бұл шараның тұлғалардың жеке мақсаттағы аударымдарына әсер етпейтінін атап өтті.

Бұл бастама қайдан шықты?

Азаматтардың қаржы ауда­рымдарын бақылау туралы қызу пікірталас көптен бері айтылып келеді. Мұндай бастама ең алғаш осыдан екі жыл бұрын көтерілген. Бірақ ол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған үзілді-кесілді қарсы болған. Енді, міне Қаржы министрлігі мобильді төлемдерді бақылауға алу мәсе­лесін тағы көтеріп, көпшілік депу­таттарды өз дегендеріне көндірген сыңайлы. Аталған бастама тауар­лар мен қызметтер құнының қым­баттауына әкеліп соқтыра­тыны сөзсіз. Өйткені кәсіпкерлер тауар мен қызмет құнына алынатын салық төлемін қосып сататын болады. Сон­дықтан Қаржы ми­нистрлігінің бұл шара қарапайым адамдарға теріс әсер етпейді деген мәлім­де­месі шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені сіз дүкеннен азық-түлік аласыз ба, шаштараздан шаш қиғызасыз ба, әлде туы­сыңызға ақша жібересіз бе, салық органдарынан ештеңенің жасыра алмайсыз. Бұдан былай тауар өткізуші немесе қызмет көрсетуші есепшотына түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін салық ретінде төлеуге міндеттеледі. Енді ұялы телефоныңызда «ау­дарым» деген тармағынан бөлек «төлем» деген қосымша пайда болатын болды. Адамдар дүкеннен бір нәрсе сатып алғанда немесе қызметтерге төлем жаса­ғанда сол арқылы сауда жасауға тиіс. Мобильді аударымдар қолма-қол ақша төлеу немесе банктік төлем­дер сияқты төлем құралы болып саналады. «Қазір экономиканың 30-50%-ы­ көлеңкелі айналымда жүр, олар салық төлемейді, бюд­жетті қалып­тастыруға үлес қоспайды. Ал бюд­жетке жаңа табыс көзі керек. Сон­дықтан осы олқылық­тың ор­нын толтыру үшін мем­лекет біздің қалтамызға түскісі келеді», – дейді экономист Арман Бейсембаев. Бұл іс банктер арқылы жүзеге асырылатын болады. Салық­шы­лар бірінші кезекте түрлі тұлғадан жиі ақша түсетін төлемдерге назар аударады. Егер адамның төлем карточкасына жүз және одан да көп адамнан жиі ақша аударатын болса, оны туған-туыстардың не­месе дос-жарандардың көмегі деп бүркемелеу қиын. Салық ор­ган­дары нақ осындай аударым­дарды нысанаға алады. «Күдікті транзакциялар бо­йынша, ол ақшаның қайдан келіп, қайда жөнелтілгені үшін есеп бермеген жандардың есепшот­тарын бұғаттап тастауы мүмкін. Егер осы заң жобасы қолданысқа енгізілген жағдайда біз ресейлік кейсті үлгіде алуымыз ықтимал. Өйткені банктер аударымдарды бақылап отырады және кез келген күдікті транзакция кезінде шот­тарды бұғаттай салады. Мұндай шектеуден ешкім құтыла алмайды. Бұл жағдайда банк құпиясы нормалары өзгеріске ұшырауы мүмкін», – дейді экономист. Әлбетте, бұл біздің қаржылық жағдайымызға қолсұғушылық болып саналады. Өкінішке қарай, қазір бүкіл әлемде банк құпиясы шарттары талаптары алынып тасталып жатыр. Тіпті, банкілік құпияның қатаң сақтайды деген Швейцарияның өзі қазір «қауіп­сіздік аралы» болудан қалған. Швейцария Еуроодақтың банктік ақпаратты алмасу жөніндегі шартына қосылды.

Жосықсыз кәсіпкерлікпен күрестің тиімді тәсілі осы ма?

Бұл бастама кәсіпкерлердің кірісін жасыруға қарсы күрес ретінде түсіндіріледі. Әлбетте, кәсіпкерлер көрсеткен қызметі мен сатқан тауары үшін салық тө­леуге міндетті. Бірақ кез келген салық экономикалық тұрғыдан негізделген болуы тиіс. Ал қазы­на­лық органдар бұл ние­ті түсінік­сіз – алаяқтарды же­ке­лей анықтаудың орнына кәсіп­кер­лік субъектілерін жаппай «қал­пақтың астында» ұстағысы келеді. «Артық қыламын деп тыртық қылыпты» демекші, мемлекеттің осы тектес мәжбүрлеу функция­ларынан жүрегі шайлығып қалған халық ертең қазыналық органдар ақша аударымдарына жаппай салық сала ма деп қауіптенеді. Сосын салық органының әрекетін жоққа шығарып көр, жалпы қара халық мемлекеттік органдармен соттасып абырой таппасын біледі. Ертең оқудағы баласына, ауыл­дағы әке-шешесіне ақша аудар­ғанда шенеуніктер шатасып, шо­тын бұғаттап жатса, шотты қайта ашқызудың машақатты екені өз алдына және бұл процестің қанша уақытқа созылып кететіні де белгісіз. Бір ғана мысал: мемлекет тәуекелдерді басқарудың қатаң жүйесіне өткелі 15 жылдай уақыт болыпты, бірақ әлі күнге дейін жүздеген азамат өздеріне тиесілі емес автомобильдер мен жылжы­майтын мүліктер үшін салық хабарламаларын алып, соттасып, бастары әуре-сарсаңға түсіп жүр. Ал сот процесі жүріп жатқан уақытта әлгі жоқ көліктер мен жылжымайтын мүлік салығына айыппұл салынып, олар еселеніп өсе түскен. Салық органдарының былығынан адамдар шетелге шыға алмай жүр. Тағы бір кү­йіндіретіні, азаматтар айып­пұлдарын толық өтеп тастағанның өзінде сот орындаушылар оларды бо­рышкерлер тізімінен шығар­май, діңкесін құртады. Мемле­кеттік деректер қорындағы осы қателерді түзетемін деп жүріп азаматтар жүйкесі мен уақытын құртады. Мысалы, 2019 жылы салық органдары жеке тұлғаларға шатасып 700 млн теңге салық қа­рызын есептеп қойған. Ал ол бо­йынша айыппұлдар мен өсімақы 7 млрд теңгеден асып кеткен. Пандемия денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларында отандық цифрлан­дыру үрдісінің кемшіліктерін көрсетіп берді. Сондықтан жеке тұлғалардың аударымдарын жап­пай бақылауға алу шарасы да осын­дай былықтарға ұрындыр­масына кім кепіл? Оның үстіне, бұл шара төлем карточкалары мен электронды әмияндарын бұғаттау және басқа да шектеу шаралары арқылы жүргізілетін болса, ол түптеп келгенде қаржы саласын цифрлау ісін мансұқтауға әкеліп соқтыратынына дау жоқ. Бұл бөлшек сауданың электронды төлемнен кетіп, бәз баяғы қолма-қол ақшамен сауда жасауына қайтып әкелуі мүмкін. Шағын және орта бизнестің сауда ай­налымы онсыз да мандымай тұр­ған шақта бұл отандық кәсіпкерлік субъектілеріне одан бетер соққы болып тиетіні сөзсіз. Бұдан, әсіресе ең бірінші кезекте халыққа қызмет көрсету саласы жапа шегетін болады. Егер салық органдары шын мәнінде алаяқтар мен жосықсыз кәсіпкерлерді ауыздықтаймын дейтін болса, онда адал сауда жасап жүргендерге жаппай бақылау орнатпай, нақ сыбайлас жемқорлардың өздеріне шүйлігу керек еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті салықтан боса­тып, оларды тексеруге мораторий жариялап жатқанда қазыналық органдардың кәсіпкерлікті тұн­шықтыруға бағытталған осы бас­тамасын қалай түсінуге болады? Ал қаржыгер Расул Рысмам­бетовтың айтуынша, Үкімет ба­зардағы жеміс-жидек сатушы­лар­ды «қысқанмен» одан бюджеттің бүйрегі бұлтия қояр ма екен? Ал енді салықтан жалтарып жүрген бизнес алпауыттары туралы әң­гіме ол басқа, көп қаржымен опера­ция жасайтын нақ солар емес пе?! «Салықтан жалтарушылық мұнай, металл және басқа да ши­кізат өнімдерін сатушылар тара­пы­нан жиі болады. Міне, осы биз­нес алпауыттарын салық тө­леуге мәжбүрлеу арқылы қазына­ның қалтасын қампайтуға болады, ал самса сататын шағын бизнес өкілдерін мәжбүрлегеннен нәти­же шамалы»,– дейді Расул Рысмамбетов. Әрине, бұл жерде салық орган­дарын айыптаудың да реті жоқ. Оларға жоғарғы жақтан бұйырды, болды. Сонда салықтан жалтарып жүрген ірі ойыншыларға бір зауал бола ма? Әйтпесе, банктік жария­лылықты талап етіп жүріп, ШОБ субъектілерін мүлдем тұншық­тырып алмаймыз ба? Міне, мәсе­ленің осы жағын ойлаған кім бар?

Дәулет АСАУ