Реформалардың түпкі межесі – ұлт сапасын жақсарту
Реформалардың түпкі межесі – ұлт сапасын жақсарту
380
оқылды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам заң мен нормативтік-құқықтық акт қабылданыпты. Бұл туралы Ұлттық кеңестің VI отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Онлайн форматта өткен жиында Президенттің Ұлттық кеңесте бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму мәселелері жөніндегі ұсыныс талқыланды.
– Еліміз бір айдан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл – бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес. Сондай-ақ мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже. Осыған орай қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мен бұған айрықша мән беріп отырмын, – деді Қ.Тоқаев.
Оның байламынша, 30 жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылған реформалар өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бұл бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетеді. Қазақстан осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отыр. Бірақ жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз. Алға ұмтыла береміз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық кеңес зор үлес қосып келеді. Ел Президентінің айтуынша, кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы.
– Кеңес 2 жыл ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. ЖОО-да сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия 2 есе ұлғайды. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды, – деді Мемлекет басшысы.
Ол биылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны ел баспана сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатқанын еске салды. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Ал әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданды.
– Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Нәтижесінде, 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы 2 есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден бөлінеді, – деді Қ.Тоқаев.
Ол кеңес мүшелерінің атсалысуымен елді ары қарай демократияландыруға бағытталған реформалардың 4 топтамасы түзілгенін айтты.
– Қазір әйелдер мен жастарға өз әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашылуда. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Инклюзивті қоғам құру барысында ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қамту үшін мен партиялардың сайлау тізімдеріндегі квота санаттарының санын көбейтуді ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы аудандық маңызды қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі қоғамды демократияландырудағы үлкен қадам болғанын айтты. Биыл 800-ден астам ауыл әкімі сайланып, ауыл әкімдері корпусы 2 есе жаңарды. Оның ұстанымынша, ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру қажет. Мысалы, кеңес мүшелері арнаулы орта білімі бар азаматтарға да ауыл әкіміне үміткер болуына рұқсат беретін норманы бекітуді ұсыныпты. Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсін арттырады. Үміткерлерге, әсіресе өзін-өзі ұсынған азаматтар үшін үгіт-насихат уақытын ұзарту мәселесі өзекті. Сайлауалды жұмыстарды қаржыландыруға сараланған тәсіл қажет. Қ.Тоқаев бұл бастамаларды зерттеуді және нақты ұсыныс беруді Президент Әкімшілігіне тапсырды. Ол сондай-ақ білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу жолын ұсынды. Мектеп, колледж, ЖОО-ларда қауіпсіздікті сақтау өзекті.
– Қазір оқу орындары күзет агенттігімен 1 жылға келісімшартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы 3 жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Білім беру саласын жетілдіруге тоқталған ол мектептердегі орын тапшылығын өте өзекті мәселе деп атады. Биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1 мың мектеп салуды жүктеген болатын.
– Тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Келесі мәселе ретінде оқу орындарындағы грант бөлу жайы қозғалды.
– Қаржы тікелей грант иесіне берілуі тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл қаражат студенттің арнайы есепшотына түседі деген сөз! Бірақ ол оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсауы керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде медицина кадрлары тапшы екенін айтты. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, әсіресе аудан-ауылдарда білікті дәрігер аз. Президент өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екенін нықтады. Мемлекет басшысы цифрлық технологияны барынша енгізуді тағы бір бастама ретінде атады. Ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқтығын, салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отырғанын қаперге салды.
– Қарапайым мәселені меморгандар өздері қиындатып отыр. «Электронды үкіметтің» базасына әкімдіктердің, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Сонда ХҚКО жұмысын жеңілдетеміз, азаматтардың уақытын үнемдейміз, – деді Қ.Тоқаев.
Банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесі – қоғам үшін көкейкесті. Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны «ақтауға болмайтын қылмыс» деп атаған Президент құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.
– Ешкімнің мәселені заңсыз әрекетпен шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауына, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді бағалау, алып қою, сату тетіктеріндегі шикілігіне байланысты. Мәселені жүйелі шешу қажет. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызына төлем жасамағанына 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Ол барлық қабылданған шешім бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде мейлінше тиімді болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар халықтың әртүрлі критерий бойынша жіктелуі тиімді бюджеттік жоспарлау мен жалпы мемлекеттік саясатқа тікелей әсер ететінін, әсіресе жастардың жас ерекшеліктерін анықтайтын бірыңғай шкала әзірлеу мәселесі өзекті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы адам құқықтарын қорғау жүйесін одан ары нығайтуды маңызды санайды. Биылғы маусымда адам құқықтары саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған «Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы одан ары шаралары туралы» Жарлыққа қол қойылды.
– Бұған дейін менің бастамаммен еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қосылды. Таяудағы Жолдауымда Қылмыстық кодекстің нормаларын соның нормаларымен үйлестіріп, заң қабылдауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін қадап айтылды. Әйел адамдар бала күтімімен ұзақ уақыт отырғанда кәсіби қабілетін төмендетіп алады, бұл жалғызбасты ата-аналарға қиын, ендеше оларға ерекше еңбек жағдай жасалуы керек. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде отбасылық және күнделікті өмірдегі қылмыстарға қарсы күрес мәселелері жан-жақты зерттеледі. Қ.Тоқаев қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі қажет екеніне екпін түсірді.
–Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Әдетте, мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы! – деді ол.
Мемлекет басшысы сөз соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталды. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтылады, өйткені бұл  маңызды міндет.
– Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни, сана өзгермесе, бәрі бекер. Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал, – деді Президент.
Ол ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз екеніне назар аударды.
– Кейбір шетелдік саяси күштер ел ішіне іріткі салғысы келіп, Қазақстан туралы жалған ақпарат таратуда. Осындай әрекеттерге қарсы тұру үшін ақпараттық кеңістік арқылы өзімізде де, шетелде де үгіт-насихат жүргізу керек. Тағы да айтайын: тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздігіміз – бәріміз үшін ең құнды дүние. Тәуелсіздігімізді даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажет. Бұл мақсатқа жету үшін татулық керек, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, еліміздің біртұтастығы – реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі. Біз тәуелсіздік кезеңінде толайым табысқа кенелдік. Оның бәріне бірлік пен ынтымақ саясатының арқасында жеттік. Сондықтан Қазақстан халқы осы құндылықтарды сақтай білгені абзал. Жиын барысында кеңес мүшелері Ж.Тұрмағамбетова, Қ.Тұрсынқожа, Т.Талаева, А.Данилов және У.Ерсайынұлы сөз сөйледі.

Елдос Сенбай