Тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, құнды мұраларды сақтайтын мекемелердің барлығының жағдайы бірдей емес. Арасында шағын бөлмені пана қылып отырғандары да бар. Сондай киелі мекеннің бірі Атыраудағы өнер музейіне зәулім ғимарат бұйырмай тұр. Неге? Елімізде музейлердің барлығы типтік жобада салынған ғимаратта орналасып, жәдігерлер түпнұсқасын сақтайтындай жағдайда емесі белгілі. Айталық, Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі мекемесі 1992 жылы ашылып, оған Үкімет қаулысымен КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Шаймардан Сариевтің есімі берілді. Музей өзінің негізгі құрылымдық бағыты мен қызметі жағынан ғылыми зерттеу орталығы іспетті. Бүгінде музей қорында екі мыңнан аса графика, кескіндеме және қолөнер бұйымдары сақталған. Музей қорында қазақ кескіндемесінің көрнекті өкілдері Ә.Қастеев, Ү.Әжиев, С.Мәмбеев, Н.Гаев, К.Баранов, М.Қалимов, Ш.Сариев, Ә.Сыдыханов, Ж.Шарденов, Т.Мұқат, Е.Сидоркин, Г.Исмаилова, С.Саносян, С.Романов, Б.Пак, А.Дячкин, Т.Әбуов, А.Молдабеков, мүсінші Б.Әбішев сынды бірегей қылқалам шеберлерінің туындылары барын мақтан етеміз. Музей қоры суретшілер көрмелері, байқау-көрмелер, симпозиум, сатып алу, сыйға тарту акциялары арқылы толығып отырады. Музейде өнер туындылары туралы тақырыптық, шолу экскурсиялар 3 тілде жүргізіледі және бейнелеу өнері студиясы жұмыс істейді. Қазір экспозиция залдарында үш жүзге тарта туынды қойылған. Музейге көрермен тарту, суретшілер туындыларын насихаттауда үнемі әртүрлі шаралар өткізіліп, қала тұрғындары, әсіресе жастар көбірек атсалысады. Алайда көптеген тағылымдық іс-шаралар өтетін өнер музейіне келген адамдардың ғимарат ішінде еркін жүруі мүмкін емес. Еркіндік болмаған соң келушілердің әр суретке қарап суретшінің ой-толғамын зерделеп, өзінше пайым жасауға да мұршасы болмайды. Сурет өнеріне деген қызығушылығы басым қала тұрғыны Медет Ибатолла да көрмеге келгенде суретшілермен картиналары туралы кеңірек сөйлесуге мүмкіндік таппайды. «Елордадан көрме келеді. Жергілікті суретшілердің де көрмесін тамашалап тұрамын. Бірақ ғимараттың тарлығы әр суретті толық ойдан өткізуге мүмкіндік бермейді. Кісі қарасы көп болғанда бір картина алдында жақын көру үшін ұзынсонар кезек пайда болады. Музейге жаңа типтік жобадағы ғимарат керек. Қазіргі жағдайымыз мұнайлы өңір деген атымызғы сын», – дейді ол. Бұл проблеманы музей басшысы Төлеген Орынбасарұлының өзі де ашық айтып отыр. Оның айтуынша, проблемалар да жеткілікті. – Ең күрделі проблема, бұл музейдің қазіргі ғимараты ескі музей де, яғни 1945 жылы салынған перзентхана, балалар ауруханасы болған. 1999 жылы күрделі жөндеуден өтіп, музеефикация жұмыстары жүргізіліп, Ш.Сариев атындағы өнер музейіне пайдалануға берілген. Ғимараттың жалпы көлемі – 991,9 шаршы метр. Экспозициялық залдың көлемі – 504,6 шаршы метр. Музей залдарының сыйымдылығы – 100 адам. Өнер музейі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Штат кестесі 28 адамға қаралған», – деген Төлеген Орынбасарұлы музей саласындағы білікті, арнайы білімі бар мамандардың жетіспеуі, музей мамандарының тұрақсыздығы, жалақының төмендігі мен әлеуметтік қолдаудың жоғы қинап тұрғанын айтады. Музейдегі экскурсия жүргізушісі – 86 850 теңге, 22 жыл еңбек өтілі бар зал қараушы 54 968 теңге жалақы алады. Маңызды да жауапты қор сақтаушының жалақысы – 91 184 теңге. 25 жыл өтілі бар өнертанушының айлығы – 100 мың теңге. Оларды әлеуметтік қолдаудың жоғы көңіл қынжылтады. Мамандардың тұрақсыздығына осы мәселе себеп болып тұрғаны сөзсіз. Лайықталған ғимараттың музей қызметіне сәйкес еместігі, экспозициялық залдардың тарлығы және қор сақтау бөлмесінің ешқандай талапқа сәйкес келмейтіні, жәдігерлерді сақтауда үлкен қиындықтар туғызып тұр. Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлының айтуынша, Атырау қаласында типтік үлгідегі жаңа бейнелеу өнері музейін салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
«Алтын адамдар» зәулім ғимаратта тұруға лайық емес пе...
Еліміз бойынша жәдігерімен тамсандыруда және көшпелі көрмелер өткізуде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің орны бөлек десек, артық емес. Сексен екі жылдық тарихы бар Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде еліміздің өткенінен сыр шертетін, тарихын таңбалайтын құнды жәдігерлер көп-ақ. Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан 1999 жылы табылған Алтын адам музейдің жауһары десек те болады. Еліміз бойынша табылған екінші «Алтын адамның» сырт киімі түгелдей алтын әшекейлермен безендірілген. Өткен жылы Миялы қорғанынан табылған әйел алтын адам да музейде «менмұндалап» тұр. Сармат тайпасының ақсүйегі тарихи жадымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Атыраудан табылған «Алтын адамдарды» қалпына келтіруде белгілі шебер Қырым Алтынбеков көп еңбек етті. Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жалпы қор саны 63 210 сақтам бірлікті құрайды. Оның ішінде негізгі қор 31 285 сақтам бірлік, қосымша қор 31 925 сақтам бірлік. Бас қор сақтаушы Д.Бисембаеваның айтуынша, музей құндылықтарын сақтау, оларды саралау мен зерттеу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құралдармен жабдықталған 5 қор сақтау орындары бар. Қор сақтау бөлмесінде биологиялық режим бойынша жәдігерлердің сақтығына байланысты санитарлық-профилактикалық тазалық күндері өткізіліп тұрады. Жаз айларында жәндіктер үйір келетін жүннен тоқылған кілем, алаша мен бау-басқұрлар күнге жайылып, дәріленіп тұрады. Ауа температурасы мен ылғалдылығы бойынша температуралық ылғалдылық орнатылған. Музейге келушілерді тамсандырған «Алтын адамдардан» бөлек, ұлтымыздың болмысына куә болған асыл мұра, қазақтың біртуар ұлдары мен күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелерінің қолданған домбыраларының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталуы – біз үшін мақтаныш. Көріп тамашалаған жандар үшін ғажап дүниелер. Бүгінде музейдің қорында тоқсанға жуық домбырадан жинақталған домбыралар коллекциясы музей экспозициясынан орын алып, халыққа жан-жақты насихатталып келеді. Домбыралар коллекциясы музейдің «Өлке мәдениеті мен әдебиеті» экспозициялық залында арнайы шыны сөрелерде орналасқан. Ресми ақпарат көздерінен білгеніміздей, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, музейге жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. Музейлер – бірнеше ғасырлардың тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ғылыми түрде зерттеп, жинақы түрде ұрпаққа жеткізіп отырған орталық. Алайда атына сай болу үшін жәдігерлері жалт-жұлт етіп, келушілерді қуантып тұрмаса, мүмкіндігін паш ете алмасы анық.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы