Гүлдана Санақбайдың өлімі: анасы сот ісіне наразы
Гүлдана Санақбайдың өлімі: анасы сот ісіне наразы
550
оқылды
Жамбыл облысы Шу өзенінің бойынан өлі денесі та­былған Гүлдана Санақбайға қатысты сот ісі басталды. Сот залында күдікті ретінде ұсталған Гүлдананың бұ­рынғы күйеуі Берік Қалқан мен көлік жүргізушісі Нұрлан Дар­ханнан жауап алынып жатыр. Алайда Гүлдананың анасы Индира Татиябекқызы сот барысына наразылық білдіріп, істі «ұйымдасқан қылмыс» бабымен қарауды сұрап отыр. Жалпы, осы жылдың 11 ақпан күні Алматы қаласына емделуге шығып із-түзсіз жо­ға­лып кеткен Гүлдана Санақбайға қатысты оқиға дүйім жұртты дүрліктір­ген. Екі айдан аса уақыт жа­қындары таба алмаған Гүл­да­на­ны «Тасөткел» су қоймасынан сүңгуірлер де іздеген болатын. Іздеу барысында үлкен толқын көтеріліп сүңгуір Жұмағали Әб­дірахмановтың өзі жоғалып кетіп, жұртшылықты шошытқан. Кейіннен сүңгуірдің денесі судан өлі табылып, бұқараның сана­сы сан-саққа жүгірген еді. Алайда екі айдан аса уақыт іздеуден кейін Гүлданың да мәйіті Шу өзенінің жағалауынан табылды. Оның өліміне кінәлі деген күдіктілер сол сәтте-ақ ұсталды. Күдіктінің бірі Гүлдананың бұрынғы күйеуі болса, екіншісі – көлік жүргізу­шісі. Сот отырысында көлік жүр­гізушісі Нұрлан Дархан бар кінәні Гүлдананың бұрынғы күйеуі Бе­рік Қалқанға жауап жатыр. Оның сөзіне сүйенсек, Шу ауданындағы қылмыс әлемінде беделі бар Берік Қалқаннан қорыққанынан Гүл­да­наның өлі денесі қайда жатқаны туралы айтпаған екен. Егер тіс жаратын болса, Берік Қалқан Нұр­ланның бүкіл отбасын «өл­ті­ремін» деп қорқытқан көрінеді. Қазір Берік Қалқанға Қыл­мыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы (Адам өлтiру бабы) бойынша айып тағылса, жүргізуші істе куәгер ретінде жүруде. Мар­құм Гүлдана Санақбайдың анасы Индира Татиябекқызы бұған түбегейлі қарсы. – Қылмыстық іс амалдарымен келіспеймін. Бұрынғы күйеу­ба­лам Берік Қалқан ісінің Қылмыс­тық кодекстің 99-баптың 1-тар­мағы бойынша дәрежеленуіне қарсымын. Өйткені қызымды алдын ала келісіп, көліктен кө­лікке ауыстырып, адамдарды да­йындап, әдейі алдын ала жос­пар­лап өлтіргені туралы айғақ бар. Қасындағы бала 434-баппен айып­талып жатыр, оның да 99-бап­тың 2-тармағымен ісі қа­ралуын талап етемін. Прокуратура неге бұлай шешті? Осы сұрақтың қаралуын сұраймын, – дейді Индира Татиябекқызы. Қылмыстық істе басты күдікте ретінде қаралып жатқан Берік Қалқан осы бейсенбіде сот ал­дында жауап береді деп жоспар­ланған. Егер оның кінәсі дәлел­денсе, сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостан­ды­ғынан айырылады.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы