«Сұхбат сырының» тұсауы кесілді
«Сұхбат сырының» тұсауы кесілді
385
оқылды
Елордада Мәжіліс депутаты, жазушы-публицист Сауытбек Абдрахмановтың «Сұх­­бат сыры» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің қол­дауымен жарық көрген жи­нақтың тұсаукесеріне қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Әлібек Ас­қаров, ақын Несіпбек Айтұ­лы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Талай жыл іргелі басылымдарды басқарып, мемлекеттік қыз­мет­те де мол еңбек еткен Сауытбек Абдрахмановтың журналистикада, әсіресе сұхбат жанрында қалыптастырған өзіндік жолы бар. Ол – бүгінгі жастарға сөзсіз үлгі. Кітаптың аты айтып тұрған­дай, жинаққа үздік сұхбат­тар енген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, даңқты жазушы Шыңғыс Айтматов, өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің сыр тартқан әңгімелері топтас­тырыл­ған. Оқырманға тәлім алып, ой салар дүние көп. Сон­дық­тан мазмұн жағынан да маңызы зор. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» АҚ басшысы Дар­­хан Қыдырәлі де баяндады.
– Біреуге шәкірт, біреуге ұс­таз, біреуге дос бола жүріп, қазақ­тың қайраткеріне, ардақтысына, журналистиканың жампозына айналған Сауытбек ағамыздың 70 жастың жотасына шыққан мерейтойы. Енді «Егемен Қазақстан» сериясы бойынша сұхбаттар жинағы кітабы жарық көріп отыр. Осыған дейін бұл сериямен Шерхан Мұртазаның «Намыс найза­ғайы», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» кітаптары шыққан. Жи­нақтың салмағы айрықша. Сауыт­бек Абдрахмановтың журналис­тика­дағы өзгеше жолын білеміз. Ол жайлы «Сырлы сұхбат сардары» деп мақала да жаздық. Себебі оның еңбегі бүтін бір жанрға қосылған үлес, олжа болды, – деді ол.
Бұдан кейін басқосуға келген әр саланың майталмандары автор жөнінде естелік айтып, кітаптың мән-маңызына тоқталды. Басылымдарда қоғам мәселесін бүкпей көтеріп, ел еңсесін тіктер тұста мем­лекеттік қызметке де білек сыбана кіріскен азаматтың тұлға­лығын сөз етті. Өз кезегінде Сауытбек Абдрахманов та жиналған­дарға алғысын айтып, кітаптың оқырманға ой саларына сенім білдірді.
– Бақытты өмір болмайды, бақытты күндер болады дегендей, бұл күн өмірімдегі бақыттым күн­дердің бірі. Кісіліктің де, кішілік­тің де жөні бар, тартына берген де жөн болмайды. Қазақтың Әбіші мен Шерханынан кейін осындай құрметке бөленуді үлкен мерей, бақыт санаймын. Ал енді сұхбат жанрына тоқталар болсам, сұхбат жай стенограмма емес, сұхбат – журналистикадағы драматургия. Айтуы мүмкін, айтса дұрыс болатын сөзді суырып ала алса – журналист істің көзін білгені. Жалпы айтқанда, кітаптың ішінде құнды дүниелер бары даусыз, – деп қорытындылады автор.
Кітап жақын арада кітапха­на­ларға көптеп таратылады. Жас жу­р­налистер мен осы салада жүр­ген жандар үшін берері мол жинақ оқырманға жол тартпақ.

Мадияр Төлеу