Елордада Мәжіліс депутаты, жазушы-публицист Сауытбек Абдрахмановтың «Сұхбат сыры» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің қолдауымен жарық көрген жинақтың тұсаукесеріне қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Әлібек Асқаров, ақын Несіпбек Айтұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Талай жыл іргелі басылымдарды басқарып, мемлекеттік қызметте де мол еңбек еткен Сауытбек Абдрахмановтың журналистикада, әсіресе сұхбат жанрында қалыптастырған өзіндік жолы бар. Ол – бүгінгі жастарға сөзсіз үлгі. Кітаптың аты айтып тұрғандай, жинаққа үздік сұхбаттар енген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, даңқты жазушы Шыңғыс Айтматов, өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің сыр тартқан әңгімелері топтастырылған. Оқырманға тәлім алып, ой салар дүние көп. Сондықтан мазмұн жағынан да маңызы зор. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» АҚ басшысы Дархан Қыдырәлі де баяндады.
– Біреуге шәкірт, біреуге ұстаз, біреуге дос бола жүріп, қазақтың қайраткеріне, ардақтысына, журналистиканың жампозына айналған Сауытбек ағамыздың 70 жастың жотасына шыққан мерейтойы. Енді «Егемен Қазақстан» сериясы бойынша сұхбаттар жинағы кітабы жарық көріп отыр. Осыған дейін бұл сериямен Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» кітаптары шыққан. Жинақтың салмағы айрықша. Сауытбек Абдрахмановтың журналистикадағы өзгеше жолын білеміз. Ол жайлы «Сырлы сұхбат сардары» деп мақала да жаздық. Себебі оның еңбегі бүтін бір жанрға қосылған үлес, олжа болды, – деді ол.Бұдан кейін басқосуға келген әр саланың майталмандары автор жөнінде естелік айтып, кітаптың мән-маңызына тоқталды. Басылымдарда қоғам мәселесін бүкпей көтеріп, ел еңсесін тіктер тұста мемлекеттік қызметке де білек сыбана кіріскен азаматтың тұлғалығын сөз етті. Өз кезегінде Сауытбек Абдрахманов та жиналғандарға алғысын айтып, кітаптың оқырманға ой саларына сенім білдірді.
– Бақытты өмір болмайды, бақытты күндер болады дегендей, бұл күн өмірімдегі бақыттым күндердің бірі. Кісіліктің де, кішіліктің де жөні бар, тартына берген де жөн болмайды. Қазақтың Әбіші мен Шерханынан кейін осындай құрметке бөленуді үлкен мерей, бақыт санаймын. Ал енді сұхбат жанрына тоқталар болсам, сұхбат жай стенограмма емес, сұхбат – журналистикадағы драматургия. Айтуы мүмкін, айтса дұрыс болатын сөзді суырып ала алса – журналист істің көзін білгені. Жалпы айтқанда, кітаптың ішінде құнды дүниелер бары даусыз, – деп қорытындылады автор.Кітап жақын арада кітапханаларға көптеп таратылады. Жас журналистер мен осы салада жүрген жандар үшін берері мол жинақ оқырманға жол тартпақ.
Мадияр Төлеу