«Nur Otan» алғашқы 10 айдағы сайлауалды уәделерін қалай жүзеге асырды?
«Nur Otan» алғашқы 10 айдағы сайлауалды уәделерін қалай жүзеге асырды?
354
оқылды
«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған әрбір өңір, қала және аудан үшін дайындалған 217 жол картасы аясында сайлауал­ды уәделерді іске асырудың 10 айдағы аралық қорытын­дылары туралы мәлімет­тер­мен бөлісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: әр аза­матқа лайықты өмір!» сайлауал­ды бағдар­ламасы аясында өңірлерде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй, 59 мың орындық 165 мектеп, 28,5 мың орындық 354 балабақша, сондай-ақ 6,7 мың адам қабылдайтын 44 медицина­лық нысан пайдалануға берілді. 248 кәсіп­орын ашылып, 1 трил­лион теңгеден астам инвестиция салынды. 315 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналас­тырылды. Мәселен, Маңғыстау облы­сы­ның Қы­зылсай ауылында за­манауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған дәрі­герлік амбулатория ашылды. Енді емделу­шілер ультрады­быс­тық, рентген, стоматоло­гия және зертхана қызметтерін пай­далана алады. Барлығы 40-тан астам арнайы ка­бинет жұмыс істейді. Түркістан облысында облыс­тық маңызы бар «Көксаек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолы пайдалануға берілді. Мұнда 14,8 км жол жөнделіп, қайта салынса, 7,7 км жолға асфальт-бетон жабыны төселді. Елді мекендердің ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы 10 км тротуар төселді. Шығыс Қазақстан облы­сының Курчатов қаласында теннис корты мен баскетбол алаңы­ның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сайлау науқаны кезінде жастар­дан көптеген ұсыныс келіп түскенін ескере отырып, аталған мәселе партияның қалалық сайлауалды бағдарламасына арнайы тармақ ретінде енгізілген еді. Алматы облысының Бақа­нас ауылында жаңа денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені ашыл­ды. Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асатын ғи­маратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волей­бол, теннис сияқ­ты спорт түр­лерімен ай­налысуға жағдай жа­сал­ған. Нысан барлық қажетті спорт­тық керек-жарақтармен толық­тай жабдықталған. Еске сала кетейік, «Nur Otan» партия­сы­ның сайлауалды уәделері аясында 2025 жыл­ға дейін 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3,5 мың ауыл мен 5 мың мектеп жаң­ғыртылады. 25 мың шақырым респуб­ликалық және 27 мың шақырым жергілікті жолдарды салу және қайта жаңарту көз­деліп отыр. Әлеуметтік төлемдерді жыл сайын ин­декстеуге 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Денсаулық сақтауды қаржылан­дыру көлемі ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізіледі. 3 жастан 6 жас­қа дейінгі балалар 100% мек­тепке дейінгі тәрбиемен қам­ты­лады.

Ерке ЕРҚОҢЫР