«Самұрық-Қазына» АҚ жыл соңына дейін парниктік газдардың шығарылымын 10%-ға азайтуды көздейтін, көміртек бейтараптығына қол жеткізетін даму тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл туралы брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов мәлімдеді. Қазір елдің ішкі нарығында инвестициялар тартуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын құруға, жаңа технологияларды енгізуге екпін түсірілген. «Біз жаңа өнеркәсіп нысандарын іске қосып, шикізаттық емес тауарлар өндірісін екі есеге арттыру міндетін қойып отырмыз. Қазір газбен, сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік және энергетика салаларындағы 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеттік», – дейді қор өкілі. Ернат Бердіғұлов таяуда өткен СОР26 климаттық саммит туралы пікірін білдіріп: «Самұрық-Қазына» үшін де маңызды аспектілер бар, бастысы, біз парниктік газдардың шығарылымын азайту жоспарын ойдағыдай орындап келеміз. Жаһандық деңгейде энергоауысу теңгерімінің біртіндеп іске асуы қажет екенін бәрі ұғып отыр», – деп толықтырды. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 70%-ы көмір жағу арқылы алынады. Газ, көмір және электр қуаты тарифтері өте төмен болғандықтан, ел экономикасы дүниежүзінде энергияны тұтыну көлемі бойынша 12-ші, ал көміртекті тұтынудан 5-орында тұр. Сол себепті де көмір жағуды біртіндеп азайту қажет. Ернат Бердіғұлов алдағы уақытта көмір стансалары салынатынын айтты. Нысандарда ауаны ластамайтын, көміртекті сақтай білетін жаңа технологиялар енгізіледі. Мұндай жаңашылдықтар қазір зерттелу үстінде, олар өңірлерде сынақтан өткізіледі.