Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялайтын заң жобаларын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бұл құжаттардың қатарында Қазақстан мен АҚШ арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім де бар.
Келісімде екі елдің өзара «ашық аспан» қағидаттарын қолдануы көзделген. Оның аясында елдер әуе тасымалдаушыларының, межелі пункттер мен рейс жиіліктердің санын шектемей, өзара ұшуларды орындай алады. Осы келісім Қазақстанның халықаралық әуе жолдарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Америка арасындағы сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы құпталды. Құжатқа 2020 жылғы 21 шілдеде Мәскеуде қол қойылған және ол қуаты 1 миллион тоннаға дейінгі минералдық тыңайтқыштар мен индустриялдық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуға, кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған. Құжатта жергілікті шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар өндірісті құру мақсатында осы жобаны іске асыру үшін жеңілдіктер, қолдау шаралары мен преференциялар қолдану көзделеді.
Бұған қоса, «Кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары да ІІ оқылымда мақұлданды. Енді оларды Сенат талқылайды.
Жалпы отырыста палата «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасын ілеспе түзетулерімен жұмысқа алды.