Тәуелсіздіктің арқасында қайта түлеген Түркістан
Тәуелсіздіктің арқасында қайта түлеген Түркістан
737
оқылды

Елбасының тарихи Жарлығынан соң Түркістан облысында аса ауқымды да маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Содан бері өткен үш жылдан астам уақыт ішінде түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістан қаласы күн санап адам танымастай көркейіп, түлеп жатса, киелі қаланың атауын иемденген өңірдің аудан-қалалары мен ауылдары да қатар даму үстінде. Қастерлі қалада сан жүздеген сәулетті ғимараттар мен нысандар пайдалануға берілді. Жаңарып жатқан Түркістан мен өңірді тамашалау үшін биылдың өзінде 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Өңірдің әлеуметтік жағдайы мен басқа да атқарылып жатқан қыруар жұмыстар жайлы Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арналған брифинг барысында айтып берді.

Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілген брифинг барысында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» атты баяндамасынан соң шараға офлайн және онлайн жүйеде қатысқан БАҚ өкілдерінің сауалдарына да жауап берді. Тәуелсіздіктің арқасында оңтүстік өңірде аса маңызды жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек еткен Ө. Шөкеев егемендік алған 30 жыл уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.  width=
«Биыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тарих көзімен қарағанда, аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаңғырды, Отанымыз өркендеді. Алған асуларымыз мен шыққан биіктерімізді Елбасының есімімен бірге айтудың тарихи негізі бар. Тәуелсіздік жылдарда жалпы халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әр өңірде ірі жобалар іске асырылды. Мәселен, біздің өңірде ірі экспорттаушыларға айналған «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімдерінің өндірісі Хамит и К», «DalaFruit» сияқты компаниялар құрылды. Бұл экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші болды. Бұдан басқа, 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс атқаруда», – деді аймақ басшысы.
Айталық, 2010-2020 жылдар аралығында индустриалияландыру бойынша 140,5 млрд теңгеге 122 жоба іске асырылып, 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Индустрияландыру картасы аясында жобаларды іске асыру бұрын өзімізде өндірілмейтін және негізінен экспортқа бағытталатын 12 өнім түрі бойынша өндірісті дамытуға мүмкіндік берді.  width= Сондай-ақ, кеңестік заманда жүзеге аспай, арманға айналған жобалар тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Мәселен, Сырдария өзенінен «Тәуелсіздік көпірі», «Арнасай айналма жолы»,  Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Түркістан облыс орталығына айналды. Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау   үшін   «Көксарай» су реттегіші мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің салынуы да осы тәуелсіздіктің ең үлкен жемістері. Облыс әкімі Түркістан облысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы және жеткен жетістіктер жайлы айтты. Солардың бірқатарын назарларыңызға бере кетейік. Жетістік көп. Жалпы 445 млрд теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды.

ТУРИСТЕР МЕН ҚОНАҚТАР САНЫ 5,5 ЕСЕГЕ АРТҚАН

Биыл облысқа 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Пандемияға дейін 2019 жылы келушілер саны 1 миллионнан асса, былтыр, 2020 жылы пандемия кезінде шектеулерге байланысты Түркістан қаласына 300 мыңнан аса адам келген. Осы жылы «жасыл аймақта» болған өңірге келгендер саны 5,5 есеге ұлғайған. Қонақтар үшін бүгінде көптеген қонақүйлер салынып жатыр. 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 жарым млн адамға арттыруды жоспарлап отыр.

ДДҰ ПАНДЕМИЯҒА ҚАРСЫ ІС-ШАРАЛАРДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Елімізде пандемия басталғалы өңір негізінен «жасыл аймақта» болды. Мұндай көрсеткішке пандемияға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен денсаулық сақтау саласын қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі нәтижесінде қол жеткізілді. ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Кэролайн Кларинваль өңірдегі пандемияға қарсы жұмыстарды оң бағалаған. Облыс бойынша 13 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында қуаты 200 төсек-орынға арналған жаңа модульді аурухана пайдалануға тапсырылды.

ІРІ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХАБ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР

Өңір дихандары жылды толағай жетістіктермен қорытындыламақ. Жыл басынан бері 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 128,7 млрд теңгеге артты. Ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың га егілді. Еліміздегі ірі логистикалық хаб алаңында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 4 пайызбен несие беретін «Yassy Business» бағдарламасы да іске қосылды. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдері бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп,  3,3 млн. тонна өнім жиналды. Бұдан бөлек, азық-түлік белдеуі аясында құны 36,3 млрд теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Тағы бір жетістік, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га аумақта 2 878 жоба іске асып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналған.  width=

ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫНА 1,4 ТРЛН ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ БАҒЫТТАЛДЫ

Соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, 5 есеге өсті. Биылғы 10 айда инвестиция көлемі 479 млрд теңгені құрады. 259,1 млрд. теңгеге 69 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда (3 300 жұмыс орны). Жыл басынан 165,9 млрд. теңгеге 26 жоба іске қосылып, 1 536 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін импорт алмастыратын 3 инвестициялық жоба жоспарлануда.

3 МЫҢ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Биыл бюджет есебінен Түркістан қаласында 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 3 мыңға жуық пәтер беріледі. Оның ішінде 600-дей көп балалы, аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал  отбасылар баспанамен қамтылады. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2021 жылдың 10 айында 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,2 пайызға ұлғайған. Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 13 мыңға жуық пәтерлі 232 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 1,5 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар.

ТҮРКІСТАНДА «BINOM SCHOOL» МЕКТЕБІ САЛЫНАДЫ

Апатты және үш аусымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл Түркістан өңірінде 78 мектеп құрылысы жүргізілуде. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде биыл 47 мектеп салынады. Бүгінгі таңда 42 мектептің құрылысы аяқталды. Оның жартысына жуығы – жекеменшік мектептер. Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтеді. Тереңдетілген бағытта білім жүйесін дамыту мақсатында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған оқу ғимараты, 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылыстары жүргізілуде. Облыстағы 945 мектепте 510 мыңға жуық бала оқиды.

80 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

 «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл басынан 80 315 адам жұмыспен қамтылып, 14,4 млрд теңге бағытталды. Бағдарлама аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2 501 адам жұмысқа орналасты. Облыста «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 34,5 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 2 мыңдай жұмыс орын құрылды.  width=

ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮРУДЕ

Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445 млрд теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды. Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Қала аумағына Жасыл белдеу орнату мақсатында 13 мың га  жерге 3,5 млн түп ағаш егіліп, толық газдандырылды. Түркістан қаласын одан ары қарай дамуының 2-кезеңі 4 аумақта жүзеге асырылатын болады. 1-аумақ – аэропорт аумағына 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. 2-аумақ – Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көп бейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы, және Ана мен бала орталығы салынады. 3-аумақ – Б.Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені салынады. 4-аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығының құрылыстары басталып жатыр. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар болып табылады. Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.