30 жыл ішінде Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер болды. Осы уақыт ішінде аймақта 40 емхана мен 15 аурухана салынды. Ауылдық жерлерде медицинаны дамытуға «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асты. Сонымен қатар елімізде алғашқылардың бірі болып әлеуметтік салада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік енгізілді. Соңғы төрт жылда бизнес қаражатына денсаулық сақтау саласында 43 жоба іске асты. Қарағанды қаласында бұдан 10 жыл бұрын заманауи жабдықтармен қамтылған қан орталығы іске қосылды. Тоқырау уақытынан жаңа Қазақстанды алып шығу үшін медицина қызметкерлері де атсалысты. Соның бірі денсаулық сақтау саласының ардагері Қанат Наурызбаев былай деп еске алады: «1990-жылдары жүйе құлдырады, дәрі-дәрмек болмады, дәрігерлер бірнеше ай бойы жалақы алмады. Тәуелсіз мемлекет жүйесі мықты негізге ие болды. Бірақ қиындықтарға тап болдық: барлық байланыс үзілді, дәрі-дәрмек, медициналық материал, жабдықтар жеткізу тоқтады. Бас дәрігер ретінде дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөлу үшін жұмыс істейтін кәсіпорындардан көмек сұрадық. Жалақының кешіктірілуіне қарамастан дәрігерлердің көпшілігі өз мамандықтары мен дәрігерлік антына адалдықты сақтап қалды. Басқа салалардағыдай сауда-саттыққа жаппай ауысып кетпей, жұмыстарын жалғастырды және адамдарды емдеуін тоқтатпады. Біртіндеп мемлекет экономикасының қалыптасуымен бюджеттік қаржыландыру қалпына келтірілді. 1990-жылдардың ортасында денсаулық сақтау саласына жаңа экономикалық тәсілдер енгізіле бастады. Кейін Медициналық қызметтерді төлеу комитеті жұмыс істей бастады. Емханаларда жан басына қаржыландыру енгізілді. Қарағандылықтар көбіне жаңалық енгізетін ізашарлар болды. Мысалы, бірінші болып стационарларда емделіп шыққан науқас үшін сараланған төлем енгізілді. Бірте-бірте ақшаны санап, ақша табуды үйрендік. Қарағанды диагностикалық орталығы процестерді басқарудың ақпараттық жүйесін құрған жас техникалық мамандар тобын жинады. Бұл жақсы негіз болды. Бірнеше жыл өткен соң осы команданың мүшелері медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға арналған KMIS бағдарламасын, DamuMed қосымшасын жасады. Ол уақытта медицина бюджеті 2 млрд теңге болды. Қазір қаржыландыру 10 есеге өсіп, 90 млрд теңгеге жетті. Біз бүгінде денсаулық сақтау нысандарында істеп тұрған аппаратура туралы тек армандайтынбыз». 2006 жылы Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностика бір-лестігінде неміс өндірісінің алғашқы магниттік-резонанстық томографы алынды. Онда жұмыс істеу үшін радиациялық диагностика бөлімінің меңгерушісі аустриялық клиникада оқып келді. «Сол кездің өзінде біз ісіктерді ерте кезеңдерде анықтай алдық. Ал қазір МРТ, КТ қызметтері – үйреншікті жайт. Аппараттар анағұрлым қуаттырақ. Қаржы құю медицинаны заманауи жабдықтармен жарақтандыруға мүмкіндік берді», – дейді 1990-жылдары облыстық клиникалық аурухана мен медициналық-диагностикалық бірлестіктің бас дәрігері болған Қанат Наурызбаев. Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласы Тәуелсіздіктің 90 жылдығына жақсы жетістіктермен жетті. Өйткені мұнда өз мамандығына адал жандар жұмыс істейді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы