Қандас көші тұралап қалмады ма?
Қандас көші  тұралап қалмады ма?
792
оқылды
Сонау тәуелсіздік алған жылдың 18 қарашасында ерекше оқиға болған еді. Қазақ КСР Министрлер кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қо­ныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қа­былдады. Қандастардың елге оралуына жол ашылғаны осы дата­дан басталған. Ал бұл тұста қандастардың белсенділігін қалай бағалаймыз? Елден кетіп жатқандар көп, арасында мамандар жетерлік. Олардың орнын қандастар толтыра ала ма?

Қоныстанғандардың еңбек белсенділігі қандай?

Әуелі бір жайды айтайық, бұ­рын­ғыдай емес, кейінгі жылдары қандастар көші азайғандай көрініп жүр. Ілкідегідей жылына 40-80 мыңға дейін адам көшіп келетін қарқын жоқ. 2020 жылы 13 мың этникалық қазақ елімізге көшіп келген болса, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда бұл көрсеткіш 4 мыңға аз. Яғни, 2019 жылы «қандас» мәрте­бесін 17,7 мың этникалық қазақ алған. Бұған қарап шеттен көшіп келушілердің саны жыл сайын азайып жатқанын бағамдадық. Бірақ биыл алғашқы 10 айда 15 мыңнан астам адам елге оралыпты. Осы қарқыннан жаңылмаса, 2019 жылғы көрсеткішке жетуге мүмкін­дік бар. Алайда көңіл көншіте алмаймыз, себебі елге келіп жатқан­дардан кеткендер көп. Оған сәл кейін тоқталамыз. Елге келетіндерді көбейту оңай шаруа емес, олардың да өз талабы болады. Бұл – заңды. Қазақстанға этникалық көші-қонды ынталан­дырудың ең басым мәселесі – тұр­ғын үй проблемасы. 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бір отбасына тұрғын үйді жалға алуға немесе сатып алуға жұмсала­тын шығын 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін болады. Ал қазіргі нарықтық баға бойынша Қазақ­стан­ның солтүстік өңірлерінде бір отбасына шаққандағы тұрғын үй құны орта есеппен 3-6 миллион теңгеге дейін. Мемлекет арқылы тұрғын үй сатып алуға көзделген шығындар осы өңірлердегі тұрғын үйдің ең төменгі құнынан екі есе аз. Ал төбесін көкке жеткізіп, қан­дас­тарға баспана берген жағдайда ол үйлердің сапасыз болып шығып жатқанын қайтеміз? Осының бәрі көшке кері әсер етеді. 2017-2021 жылдарға арналған тұ­жы­рым­дамада «этникалық қазақ­тарды репатриациялау бөлігінде көші-қон саясаты­ның бәсекелестік қағидатына көшу» ұсынылған. Әйтпесе көршіміз Ресей еліміздің солтүстік өңірінің тұрғындарын өзіне тартып кетіп жа­тыр.
– 1991 жылы 18 қарашада қа­был­данған қаулының игілігі көп болды. Сол жылдың мамырында атажұртымызға отбасымызбен кө­шіп келдік. Тәуелсіздік алмаған кез. Алматы облысына қоныстан­дық, алғашқыда тек 100 рубль көмек берілді, еңбек шартымен жұмысқа қалдық. Кезінде Алтай асқан қара­лы көштің қайта оралуына Елбасы­ның бастамасы себеп болғаны рас. Одан бері 30 жыл өтті, түгелдей сіңісіп кеттік. 17 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрмін. Қандас­тарға жолдың бәрі ашылды. Аудан мен ауылдарда әкім болып, мектеп директоры атанған, үлкен кәсіп иесі ретінде танылған, өнер­паз қан­дастар өте көп. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қандастарға саяси сенім көрсетті, – дейді ол.
Таяқтың екі ұшы бар дегендей, қандастар мәселесіне келгенде жақ­сылықпен қатар кем болып жатқан тұстар бар. Асылбек Бая­жұма шикілікке ұрындырып отырған бірнеше факторды атап өтті.
– Бұрын көп келді дейміз, себебі ол кездер ақпараттық заман емес. Біріншіден, ақпарат ағыны қатты, негативтер көп айтылады. Мәселен, жуырда Ираннан келген қазақтарға берілген үйдің сапасыз болып шыққанын көрдік. Сол дерек бүкіл Орталық Азияға таралды. Екіншіден, сырттағы қандастардың біразы әлеуметтік жағдайын жасап алды. Елге қайтуға құлқы болмауы мүм­кін. Үшіншіден, ең басты мә­селе – көші-қон саласының мемлекет деңгейінде қаралуы төмендеп кетті. Мысалы, бұрын әр өңірде келген қандастардың мүддесін қорғап, адаптация кезеңінде жәрдем беретін мамандар болды. Олар Көші-қон комитетіне бағы­натын, қазір комитеттің құрылымы араласып кеткен. Идеология жағы осалдау. Төртіншіден, қағазбасты­лықтан әлі арылмағанымыз анық, – дейді Баяжұма.

Кеткендер көбейді, келгендер азайды

Жыл сайын шетел асып жатқан Қазақстан азаматтары азаяр емес. Тек 2019 жылы 45 мың қазақстан­дық келешек мекенін шекараның арғы бетінен тапқан. Ал осы кезде бар-жоғы 13 мың адам Қазақстанда тұруға бел буған. Мемлекет ай-күннің аманында өз азаматтарынан «тірідей айырылып жатыр». Алайда себеп неде, өзге ұлттар тарихи Отанына бет алды ма әлде өмір сүру қиындады ма? Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат шетелде жүр. Биыл да жағдай сол, үш тоқсан ішінде елден 25 мыңнан астам адам кеткен. Жоғарыда 15 мың қандас келгенін айттық. 10 мың айырма бар. Ал жат жерге көшкеннен мемлекетке не зиян бар? Бұған С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ профессоры Қай­рат Бодаухан жауап берді.
– Еліміздің демографиялық ахуалы төмен болып есептелетін 5 өңір – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдай алаңдатады. Кейінгі 5 жылда аталған өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы – минус 87 633 адам, ал ішкі көші-қон сальдосы минус 86 098 адам болған. Мұндай факторлар халық санының азаюына, елді мекендердің депо­пуляциялық үрдісінің белең алуына, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне, ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне, халық­аралық аренада мемлекеттің беделін төмендетуге және елдің инвестициялық тартым­дылы­ғының азаюына әкеледі, – дейді экономика ғылымының кандидаты.
Расымен шетелге кеткен еңбек­ке қабілетті жандар арқылы мемлекет барын жоғалтады. Кез келген адамның өмір сүру құқы бар, соған сай тұрақтайтын мекенін, тілін, дінін өз еркімен таңдауы мүмкін. Біз­ді алаңдататыны – өзге елге үдере көшкен азаматтар санының өсуі және келген қандастардың аздығы. Кеткендер арасында ел болашағы үшін бір кісідей пайдасын тигізе алатын әр саланың мамандары бар екені сөзсіз. Сондық­тан қандастар арқылы ең­бек қажет­тілігін өтеп, демографиялық, эко­номикалық мәселелерді шешкен болар едік.

Мадияр Төлеу