АҚШ-тың қорғаныс министрі Ллойд Остин сенбі күні ирактық әріптесі Джума Инадпен кездесуінде АҚШ-тың араб еліндегі әскери миссиясы осы жылдың соңына дейін аяқталатынын растады. Бұл туралы «РИА Новости» агенттігі Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирбидің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып жазды.
«Хатшы Остин АҚШ әкери күштерінің бір бөлігі ресми Бағдаттың шақыруы бойынша Ирак қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсету үшін Иракта қалатынын қуаттады. АҚШ 2021 жылдың шілде айындағы міндеттемелерін орындайды. Соған сәйкес, жыл соңына дейін Иракта жауынгерлік миссияларын атқарып жүрген АҚШ күштері қалмайды», – деді Кирби мәлімдемесінде.
Пентагон басшысы, сондай-ақ, Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Казимидің резиденциясына жасалған шабуыл әрекетін тағы да айыптап, араб елінің жаңа үкіметін одан әрі құру бейбіт түрде жалғасады деген үмітін білдірді.
Екі елдің қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі жыл сайын Бахрейнде өтетін аймақтық қауіпсіздік жөніндегі Манама диалогы халықаралық конференциясы аясында өтті.