Оқу ақысын студент төлемек. Неге?
Оқу ақысын студент төлемек. Неге?
578
оқылды
Еліміздің білім саласында тағы бір кішігірім реформа болмақ. Енді мемлекеттік грантқа іліккен студентке арнайы есепшот ашылып, оқу ақысы соған аударылуы мүм­кін. Яғни, мемлекет ақшаны бірден университетке емес, шәкірттің өзіне аударады. Сосын студент есепшот арқы­лы оқу ақысын өзі төлеп оты­руға міндеттелмек. Мемлекет осындай амал арқылы сту­дент­терге жауапкершілік арт­пақ. Бұл тәсіл білім сапасын арттыруға септесе ме, тиім­ділігі қандай?

Тәсіл өзгермек, білім сапасы ше?

Әңгімені әріден бастасақ. Таяуда Ұлттық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік грантқа бөлінген қаржыны студенттің өзіне беруді ұсынған болатын. Яғни, шәкірт оқу ақысын өзі төлеуі керек. Мемлекет басшысы бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бәсекені арттыруға септесетінін айтқан. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етіп, білім сапасын жақсартып, сту­денттің жауапкершілігін сезін­дермек. Осы жайларға тоқталған Тоқаев Үкіметке бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруды тапсырған еді. Көп өткен жоқ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантын ұтып алған студенттің оқу ақысы ар­найы банк шотына аударыла­тынын хабарлады. Қазіргі жүйе бойынша грант алу үшін та­лап­керлер Ұлттық бірыңғай тес­тілеуге қатысады. ҰБТ тапсыр­ған­нан кейін талапкер өтініш береді, нақты мамандықты таң­дап, гранттарды тағайындау конкурсына қатысады. Мәселен, егер белгілі бір мамандыққа бар­лығы 100 грант бөлінсе, квоталар­ды есепке ала отырып, ең жоғары балл жинаған 100 талапкер са­раланған тізім бойынша грант алады. Білім грантын иеленген студент жоғары оқу орнын таң­дайды және ЖОО осы студентті оқыту үшін бюджеттен қаржы алады. Ведомство басшысының айтуынша, студент грантты жеңіп алғанына қарамастан, мем­лекет тарапынан төленетін оқу ақы­сына қатысты рәсімге қа­тыс­паған тұстан шикілік шы­ға­ды. Студент жоғары оқу орнын­дағы оқу ақы­сы мектеп кезіндегі жақсы көр­сеткіштері үшін тө­леніп жат­қанына мән бермей, тегін оқу деп қа­­былдайды. Ал «тегін оқу» кезін­де университетке талап қою қиын. Министр қазір студент бұрынғыдай тегін қызметтерді алушы емес, қыз­мет­терге тапсырыс беруші болып сана­ла­тынын айтады. Соған орай ол тапсырыс беруші ретінде сапалы білім беруді та­лап етуге құқылы.
«Миллиондаған қа­ражаттың оқуға жұмсалғанын көріп, студент білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілікпен қарайды. Бұл ретте студент бюджет қаражатын білім алып жатқан ЖОО-ға оқу ақысын төлеуден басқа, өзге мақ­саттарға жұмсай алмайды. Бұдан басқа, бұл тетік сыбайлас жемқорлықты жо­йып, бюджет қаражатының барынша ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Аталған іс-шара жоғары білім беру са­ласындағы бәсекелестікті күшейтеді деп күтеміз», – деген еді Аймағамбетов.
Сонымен, енді студентке де жауап­кершілік пен жүк артылмақ. Бір жа­ғынан құптарлық қадам. Себебі дәл осы салаға бюджеттің мол қаржысы жұм­салады. 2021-2022 оқу жылына 56 мың грант бөлініп, 46 мың студент шәкірт­ақы иегері атаныпты. Осыған бюджет­тен 186 миллиард теңге қаржы шығын­далған. Оған қоса, бұл амал абитуриент тартудағы университеттердің бәсекесін арттыруы мүмкін. Университеттер қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын ілгерілете бастауы тиіс. Ал қазір грантқа түскендердің көптігі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап тұр. Онда 2 991 грант иегері бар, сол арқылы 950 миллион теңге бюджет жинақтаған. Одан кейінгі орындарда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2 575 грант, 818,6 миллион теңге), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық университеті (1 702 грант, 541,1 миллион теңге), Назарбаев уни­вер­ситеті (1 400 грант) мен Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті (1 049 грант, 259,7 миллион теңге) тұр. Жалпы, Қа­зақ­стандағы 129 университетте 576 мың­нан астам шәкірт білім алып жа­тыр. Білім ордаларының 33-і мемле­кет­тік, 4-і шетелдік болса, қалғаны же­к­е­меншік университеттер. Шыны керек, жалпылама бұл жүйе әлемнің көптеген елдерінде бар. Бірақ іске асыру амалдары әртүрлі. Әйткен­мен, қазіргіге қарағанда көшкелі отыр­ған амалымыз тиімді болса керек. Се­бебі қазіргі жүйеде университет оқу ақы­сын мемлекет бюджетінен алып, ша­ма-шарқынша оқыта береді. Сту­денттің онда шаруасы жоқ. «Құда да, құдағи да тыныштың» кебі. Осыдан соң шәкірт жауапкершіліктен, университет сапалы білім беруге құлықсыз болмақ. Колумбия университетінің магис­тран­ты, «Болашақ» бағдарламасының сте­пендиаты Әділбек Қазиев те жаңа тә­сілді құптап отыр. Ол осы арқылы шә­кірт­тің таңдау ауқымы кеңейетінін жеткізді.
– Бұл бастаманы қолдаймын. Себе­бі, біріншіден жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, яғни университеттер білім сапасын арттыруға ғана емес, студенттердің жағ­дайын жасауға да көңіл бөлетін болады. Студенттің халықаралық де­рек­тер базасына қосылу мүмкіндігі, денсаулық сақтау, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша да жағдай жасауға тырысады. Осы арқылы талапкерлер саналы түрде өзіне ыңғайлы әрі сапалы білім беретін оқу орнын таңдайды. Ал Колумбия университетіндегі халықаралық тәжі­рибеге сүйеніп айтар болсам, мұнда да оқу жүйесі кредиттік жүйеге негіз­дел­ген, мұндай оқу орындары біздің елде де бар. Мысалы, бізде нақты міндет­тел­ген пән көп емес. Шетелдік студенттерге 24 кредиттің тек 6-сы ғана міндетті, қал­ғанын студент өзі таңдайды, – дейді ол.

Шетел тәжірибесі қандай?

Грант – ата-анаға салмақ салмай оқы­ғысы келген, жоғары оқу орнына түскісі келетін әр студенттің арманы. Біз елдегі төлем жүйесін сөз еттік. Ал шетелде жүйе қандай? Дегенмен өзге елдердің барлығында грант алу біз ойлағандай жеңіл емес. Мәселен, АҚШ-та грантқа көп ешкім үміттенбейді де, өйткені бір сөзбен айтар болсақ, грантқа дәмелі шәкірт гений болуы керек. Сондықтан талапкерлер шығын­ның жартысын өтейтін стипендияға қол жеткізуге тырысады. Ал Қытайда көбіне білім алу тегін саналады. Бір орынға 50-ден 100-ге дейін талапкер үмітті бо­лады. Бірақ шетелдік студенттерге қо­йы­латын талап көп. Қытайда оқығысы келетін шетел азаматы қытай тілін жетік білуі қажет, жетістігі мен ғылыми жұ­мысы көп болуы тиіс, тіпті денсаулығы да мықты болғаны жөн. Көрші Ресейде грантпен мемлекет қана емес, жеке қор­­лар және меценаттар қамтамасыз етеді. Егер талапкер халықаралық ұйым немесе қайырымдылық қоры­нан бө­лі­нетін грант иегері атанғысы келсе, ал­дын ала нақты бір жоғары оқу орнын таң­дап өтініш береді де, сынақ тапсырады. Бізге қолданысқа енгізілгелі жатқан жүйе, әсіресе Польшада кең таралған. Польшадағы оқу орындарында оқитын студент грант не ақылы негізде болса да, арнаулы есепшот аштырады. Оқу ақысын сол есепшот арқылы студент­тің өзі төлейді. Бірақ студент шоттағы қар­жыны өзге мақсатқа жұмсай алмай алмайды. Сонысымен де тиімді болып тұр. Әзірге әзірленіп жатқан бұл жүйенің еліміз үшін қандай болары беймәлім. Себебі тек оқу ақысына пай­даланатын есепшоттарды дайындау мен басқа да жұмыстардың өзі уақытты талап етеді. Бірақ мұнда да шикілік шықпаса игі.

Мадияр Төлеу