Қазақстан АЭС салуға неге мүдделі?
Қазақстан АЭС салуға неге мүдделі?
557
оқылды

Алдағы жылдары Қазақстанда энергия тапшылығы анық сезілуі мүмкін. Бұрынғыдай көмір жағып, энергия өндіру – өткеннің ісі. 1,4 млн тонна уран қорына ие Қазақстан аталған мәселені шешу үшін АЭС салуы мүмкін бе? Қолдағы деректерден қандай тұжырым жасаймыз?

Президент пәрмені

Биыл Көкшетауда өткен екі елдің XVII өңіраралық ынты­мақ­тастық форумында Ресей пре­зиденті Владимир Путин Қазақ­с­танға атом электр стансасын салу мәселесін қолдауды ұсынған болатын. Содан көп ұзамай Энергетика министрлігі Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу орны анықталғанын айтты. Сонда да оның құрылысы туралы шешім қабылданбаған-ды. «Мен 2060 жылға қарай кө­міртек бойынша бейтарап­ты­лыққа жетуді мақсат етіп қойдым. Біздің елдің халқы мен эконо­ми­касы өсіп келеді, ал ол үшін энер­гия қажет. Көмір өндіру дәуірінің біртіндеп құлдырауы­мен, жаңар­ты­латын энергия көз­дерінен бас­қа сенімді негізгі энергия өн­діру көздері туралы ойлануға мәж­бүр боламыз. 2030 жылға қа­рай Қазақстанда электр энер­гия­сының тапшылығы туын­дай­ды. Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жолды ұсынады. Бұл – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сон­дық­тан осы мәселені ұтымды ше­ше білуіміз керек, сан алуан бол­жам мен эмоцияға жол бер­­­мейік», – деді биыл Қ.Тоқаев Қа­зақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ ол Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына бір жыл ішінде елі­міздегі қауіпсіз және эколо­гиялық таза атом энергиясын дамыту мүм­кіндігін зерттеуі тиіс екенін ес­кертті. Сонымен қатар осы ұста­нымды «Шығыс эконо­микалық форум – 2021»-дегі онлайн ре­жимде сөйлеген сө­зінде: «Бұл мә­селені егжей-тег­жейлі қарасты­ра­тын кез келді деп санаймын. Өйткені Қазақстанға атом стан­сасы қажет», – деп нақтылады.

Ресейдің ықпалы зор

Қазір энергия тұтынуының өсу жыл­дам­дығы бойынша әлемде Қы­тайдан ке­йінгі екінші орында тұр­ған Түркияның өзі мемлекеттердің энергетика сұраныстарын қамта­масыз етіп отырған мұнай, табиғи газ, көмір сияқты энергия ресурс­та­ры қорының қарқынды түрде азаюы энергия ресурстарын түр­лендіруге себеп болып отырғанын мо­йын­дады. Енді Ресейдің «Роса­том» ком­па­ниясы Түркияның Жер­орта жағалауындағы Мерсин про­вин­циясында 2018 жылдан бері АЭС салып жатыр. Екі ел арасын­дағы ортақ келісім 2010 жылы жа­салған еді. Бүгінде 4 блоктан тұра­тын стансаның негізі қаланған ал­ғашқы блогының құны – 20 мил­лиард доллар. Ресей президенті бұл жобаның бар­лық сала бойынша орыс-түрік қатынасын дамытып, достық пен өзара түсінісуді арт­тыратынын мәлімдеді. Ал Ердоған АЭС-тің алғашқы блогы 2023 жылы іске қосыла­тынын жеткізді. Бұл ретте энергия көздерін са­тып алу­шы ел саналатын Түркия өзінің ресурстары жеткіліксіз бол­ғандықтан және энергетика нары­ғындағы баға ұдайы өсіп отыра­тын­дықтан, сыртқа тәуелді. Сондықтан да ба­лама энергия ресурсына мо­йынсұнуға мәж­бүр. Алайда қол қо­йылған келісімшарт хаттамасын­дағы «Жоба компаниясы электр­мен қоса АЭС-тің меншік иесі болып саналады» деген сөздің өзі Ресейдің Түркия территориясында өндірген электр энергия­сын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз ел екенін көрсетеді. Түркияға енді шегінерге жол жоқ. Өйт­кені АЭС салу туралы ше­шімінен бас тар­татынын хабарлаған Болгарияға Ресей 1 мил­­лиард еуро көлеміндегі сот талабын жі­­берген болатын. Сондай-ақ 2012 жылы Вла­­димир Путиннің Бішкекке сапа­ры аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС құрылысы ту­ралы келісім жасалған. Ал 2015 жылдың со­ңына қарай Қыр­ғыз президенті Алмазбек Атамбаев күрделі экономикалық жағдайда Ре­сей стансаның құрылысы бо­йын­ша өз міндет­темелерін орындай алмайды деп мә­лімдеп, 2019 жылы келісімнің күшін жой­ды. Сонда да Ресей бірден жобаның негізгі мер­дігері «Русгидро» екенін алға тар­тып, Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС ныса­ны құрылы­сының смета­сына сәйкес, Қыр­ғыз Респуб­лика­сына 37 миллион долларды талап ет­­кен есеп-қисапты жібере қойған еді. Сондай-ақ Өзбекстанды жы­лына 55 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етіп отырған ең ірі Газли кен орнының сар­қылып бара жат­қаны айтылды. Сол себепті ол елге де Ресей тарапынан «АЭС-тің газды ішкі тұтыну көлемін азайтып, оны экспорт­қа шығаруға және еркін айыр­басталатын валюта қорын кө­бейтуге мүмкіндік бере­тіні» ескер­тіл­ді. Содан кейін өзбек билігі де АЭС салу туралы шешімді шұғыл қабыл­дады... Жалпы, «Росатом» – Ресейдің энергия сұранысының 19 пайыздан астамын қам­та­масыз етіп отырған ең ірі энергия өнді­рушісі. Былтыр ондағы АЭС-тердің бірі 35,2 мил­лиард кВт сағат электр энергиясын өндіріп, рекорд орнат­қан еді. Сондай-ақ соңғы 16 жылда ресейлік АЭС-терде қауіп­сіздік ережелері бұ­зылмаған. Бүгінде Ресей Ар­ме­ния, Бангладеш, Беларусь, Ма­жарстан, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Ни­герия, Түркия, Өзбек­стан, Фин­ляндия, Болгария елдері­мен 36 түрлі қуат блогынан тұратын жо­балар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Пайдасына тоқталсақ...

Бар мәселе тапшылық дегеннен бас­талды ғой. Мысалы, Қазақстанда өндірі­ле­тін электр энергиясының 70 пайыздан ас­та­мы көмір электр стансаларының үлесінде. Кеңес Одағы кезінде салынған Екібас­тұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС сияқты ірі кешендер кө­мірмен жұмыс істейді. Олардан атмосфераны ластайтын заттардың көп бөлінетіні мәлім. Ал Дү­ние­жүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталықтары көмір­мен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, салық пен айыппұл кө­лемі де артқан. Энергетика министрлігінің мәліме­тінше, қазір елімізде шама­мен 19 мың МВт электр қуатын 204 станса өндіріп жатыр екен. Бірақ сарапшылар 2021-2027 жылдар аралығында электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен 2,4 пайызға артады деп болжап отыр. Демек, көп ұзамай электр энер­гия­сы жетіспеушілігі пайда болады. Ал 5 жылда 5 мың МВт үлес қосқан жел және күн электр стансалары тек тәуліктің кейбір сәттерінде энер­гия­ның жетіспейтін орын­дарын ғана толтыра алады. Мысалы, өзінің органикалық отыны жоқ Франция, Белгия, Шве­ция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом станса­ларының электр энергиясын өнді­руші негізгі көзге айналып, энер­гетикалық тұ­рақтылық пен табысты экономи­ка­лық дамуды қамтамасыз етіп отыр­ғаны рас. Бұл ретте сарап­шылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға дейін, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жететінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланы­латын 5 718 400 тонна уран қоры 2 500 жылға дейін жететін кө­рінеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аус­тралия десек, одан кейінгі орын­дарда Қа­зақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрі­бір атом электр стансасын салуға тура келетін сияқты. Оның үстіне, Қазақ­станда уран таблет­ка­лары мен жылу бөлуші элементтер өн­дірісі жолға қойылғандықтан, өзі­міз өндіріп жатқан отынды өз игілігімізге пайдалану қажеттігі де жиі айтылып жүр.

Қоғамның қорқынышы басым

Владимир Школьник «Қаз­атом­өнер­кәсіп» ҰАК» АҚ басшысы ке­зінде: «Бір­қатар елдер қалай бол­ған­­да да, атом энер­ге­тикасына мұқ­­таж екенін түсінді. Сауд Ара­бия­сы 2030 жылға қарай 16 атом реак­торын тұрғызбақ. Франция да АЭС қыз­метін ұзартуды шешті. АҚШ соңғы 30 жылдан бері алғаш рет екі атом стансасының құрылы­сына рұқсат берді. Өкінішке қарай, біздің қоғам атом энергетикасын қабыл­дауға әлі дайын емес», – де­г­ен еді. Шы­ны­мен де, халықтың ба­сым бөлігі елімізде АЭС салу мә­селесіне үрей­мен қарайды. Өйткені әлі Черно­быль апатын ұмыта қойған жоқ. Ол түгіл Арыс пен Байзақтағы қару-жарақ қой­маларына ие бола алмай жоғары технологиялық стан­са жұ­мысын жүргізе алаты­ны­мызға се­нім аз. Сондықтан қазақ бұ­қара­сы­на «қа­зіргі АЭС компью­терленген, кіш­кентай бір нұқсан табылса, реактор автоматты түрде өшірі­леді» дегенді түсіндіру қиын. Бұл мәселеге қатысты сарап­шылардың бір бөлігі қажеттілік жоқ жағдайда Қа­зақстанда АЭС құры­лысын айыптаса, тағы бір бөлігі қандай да бір шешім қабылдамас бұрын әбден ойлану керек екенін алға тартып отыр. «Фукусимадағы апаттан кейін Германия жұмыс істеп отырған АЭС-тің жартысын жауып тастау туралы шешім қабылдады. Ал біз бір жағынан «жасыл экономика» туралы айтамыз, екінші жағынан АЭС салғымыз келеді. Логика қай­да?» – дейді экономист Меруерт Мах­мұтова. Оның айтуынша, екін­шіден бізде АЭС-тің қауіпсіз жұ­мы­сын қамтамасыз ете алатын маман жоқ. Ал келесі сарапшы Қазбек Бейсебаев: «Соңғы уақытта бізде сонша көп энергия тұтына қояды деген ешбір алып өндірістер іске қосылған жоқ. «Бәленің бәрі май­нингтен келіп отыр» дейді маман­дар. Қазақстанда біреулер отырып алып, майнинг үшін электр қуатын аяусыз тұтынып жатыр. Қазақ­стан­ның электр жарығын ажда­һадай жұтып жатқандардың мұны билік­тің келісімінсіз жасап отыр­ғанына да ешкім сенбейді. Кө­леңкелі майнингтің Қазақ­станда өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Өзіміздің мол энергиямыз бола тұра, соған зар болып, оны да сырттан аламыз. Бізде цифр­лан­дыру жүріп жатыр, бұл жағдайда электр энергиясы аса маңызды страте­гия­лық ресурсқа айналады» деген пікірде. Енді әр нәрсенің артықшы­лы­ғымен қоса кемшілігі де болатынын ескерсек, АЭС салу үшін өте көп қаржы мен көп су керек болады. Станса маңында ураннан үл­кен кө­лемдегі қалдықтар қалады. Оны сақ­тау үшін жер астында инфра­құ­рылым бо­луы қажет. АЭС-те тө­тен­ше жағдай өте аз кездеседі дегенмен, апат бола қалған жағ­дайда оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес... Қалай десек те, өнер­кәсіп пен халықтың электр қуаты қа­жет­тілігін қанағаттандыру үшін әлемде әзірге атом энергетикасына балама жоқ. Бірақ сарапшылар Қа­зақстанға АЭС салу арқылы Ресей өздерінің аумағына тағы бір реактор салады, осылайша өзіндік өндіріс қуатты­лықтарының жұмы­сын же­ңілдетеді, ре­сейліктерді жұмыспен, жалақымен қам­тамасыз етеді де­седі. Батыс санкциялары жағда­йында бұл да бір нұсқа. Бірақ «АЭС-ті кім салса, соған тәуелді боламыз» дегенмен, территориясы шағын Словакия, Венгрия, Болгария, Чехия, Тайвань, Словения, Ар­мения елдерінде де атом стансалары жұмыс істеп тұрғанын ескерген дұрыс сияқты.