Ел елге қосылса - құт
Ел елге қосылса - құт
370
оқылды
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып отырған төрт облыстың арасында Солтүстік Қазақстан облысы қоныс аударушыларды қабылдау бойынша көшбасшы өңір болып табылады. Көшіп келген 24 мың азаматтың 38 пайызы Қызылжар өңіріне тұрақтаған. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков өңірде «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің баяндауынша, «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Қызылжар өңіріне жұмыс күші көп аймақтардан 9 мыңнан астам адам қоныс аударды. Биыл келгендердің саны – 2 347 адам. Еңбекке жарамды 4302 адамның  3871-і, яғни 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Көшіп келгендердің 32 пайызының қолында дипломы болмағандықтан, оларды жұмысқа тұрғызу мәселесінде қиындықтар бар. Мамандықтары болмаған соң 25 пайызы еңбекақысы аз жұмыс істеуге мәжбүр. Келгендердің 93 пайызы осы өңірге тастай батып, судай сіңсе, 612-сі келген жағына қайтадан кетіп қалған. Олардың тұрақтамауына отбасы мәселелері, денсаулығы, бұрынғы кредиттері және климаттық жағдай себеп болған. «Серпін» бағдарламасына қатысушылардың солтүстік өңірде тұрақтамау себебін облыс әкімінің орынбасары жастардың бұл өңірде жақын туыстарының, қолжетімді баспананың,  әлеуметтік қолдаудың жоқтығымен және табиғат ерекшеліктерімен байланыстырды. Ғани Сақтағанұлы «Серпін» бағдарламасына тек ауылдық қана емес, сонымен қатар қалалық жастарды да қатыстыру,  оқуын тамамдаған соң баспана жалдау және коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін материалдық көмек көрсету туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар биылдан бастап орта арнаулы білім ошақтарына «Серпін» бағдарламасы бойынша студент қабылдау тоқтатылғанын, енді тек бакалавр дәрежесіне ғана жастар қабылданатынын жеткізді.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың 88 пайызының бұған дейін баспанасы болмағандықтан,  облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына оларға жаңа тұрғын үй беру жөніндегі іс-шаралар енгізілді. Бүгінгі күні қоныс аударған 2658 отбасының 904-і - жаңа тұрғын үйде, 937-сі -қайталама нарықта жалға берілетін тұрғын үйде тұрып жатыр. 661-і - қайталама нарықтан тұрғын үйді жалдау бойынша субсидиялар есебінен, 71-і – өз қаражаты есебінен сатып алған, 135 отбасына жұмыс берушінің қаражаты есебінен тұрғын үй берілген. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, екі жыл ішінде ауылдық жерлерде 1 мыңнан астам үй салынған. «Бұл бағдарламаның облыс экономикасы үшін маңызы зор. Жобаның арқасында кадр тапшылығы мен көші-қон мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Алдағы уақытта да жоспарлы жұмыс жалғасады»  - деді өңір басшысы.
Жиын барысында қоныс аударушыларды қабылдап, тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз еткен «Ақселеу», «Прекрасное», «Ноғайбай» шаруашылықтарының оң тәжірибесі ортаға салынды. ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысына өзге мемлекеттерден қандастарымыз да көшіп келіп жатыр. 2016 жылдан бері өңірге 227 қандастар отбасы келген.  Оларға да үй беріліп, демеушілік көмек көрсетілді.  Биыл қыркүйек айында Иран Ислам Республикасынан көшіп келген 50 адамға Қазақстан азаматтығын беріп, квотаға енгізу үшін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігі туындап  отырған көрінеді.
«Бұл мәселені шешу үшін Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне сұрау жолданды. Осы мәселеге депутаттардың да қатысуы орынды болар еді. Өйткені бұл мәселе заңды шешімін табуы керек», - деген тілегін жеткізді облыс әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанұлы.
Оның пікірінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар үшін қосымша критерийлер енгізгені жөн.
«Біріншіден, бағдарламаға қатысушылардың  кредит бойынша берешектері болмауы, шығу өңірінде кем дегенде 3 жыл тұруы, жоғары және орта арнайы білімінің болуы тиіс. Екіншіден, солтүстікке қоныс аудару мәселесі бойынша ақпараттық қолдау көрсететін мемлекеттік нысандағы орталықтар құру қажет. Климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, осы бейімдеу орталықтары отбасыларды жаңа өмірге және кәсіпкерлік қызметті жүргізудің жаңа жағдайларына дайындау үшін жауапкершілігін айқындау керек», - деді Ғани Нығыметов.
ОБЛЫСІШІЛІК ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРҒА ДА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ Парламент Сенатының депутаты, «Өңір» депуттатық тобының мүшесі Әлімжан Құртаев  «Еңбек» бағдарламасы биылғы жылы аяқталатынын айтып, қоныс аудару бағдарламасы келесі жылдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында жүзеге асырылатынына тоқталды. Сондай-ақ сенатор қоныс аудару бағдарламасы өз тиімділігін сөзсіз дәлелдегенін айтып, квота санын 5-6 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін бөлу, несиесі бар азаматтарға каникул беру, мектеп құрылысын оңтайландыру туралы ұсыныс жасады. Сенат депутаты Әлімжан Сейітжанұлы Түркістан облысында сәбилердің туу көрсеткішіне орай жылына 40 мектеп салу қажеттігі туындап отырса, Солтүстік Қазақстан облысында бір жылдың ішінде бала санының жетіспеушілігіне байланысты 40 мектеп жабылғанын қынжыла жеткізді. Сонымен қатар халық қалаулысы Солтүстік Қазақстан облысының қоныс аударушыларды қабылдаудағы оң тәжірибесіне жақсы баға беріп, өзге өңірлерге модельдік аймақ ретінде көрсетуді ұсынды. Оның әріптесі Ерік Хамзин  «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асырудағы Солтүстік Қазақстан облысының мазмұнды жұмысы көңілден шыққандықтан, жұмыс кеңесін дәл осы өңірде өткізіп отырғандықтарын атап айтты. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Асар» жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру мәселесі де көтерілді. Бұл жобаны Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы 2018 жылы қолға алған. Қауымдастық төрағасының  бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің айтуынша, қазірдің өзінде 1860 жас отбасы солтүстік өңірге көшіп келуге әзір. Жоба аясында жаңадан салынатын шағын ауданға мемлекет тарапынан тек жол және инженерлік коммуникацияларды тарту ғана талап етіледі. Қоныс аударушылар тұрғын үйді өз қаржысы есебінен салады. Жергілікті билік халық қалаулыларына келесі жылдан бастап қолға алынатын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында облысішілік қоныс аударушыларға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы базынасын жеткізді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының болашағы жоқ ауылдарына көшіп барған жерлестер де  баспанамен, басқа да жеңілдіктермен қамтылуы тиіс. Бұл өзгерістер баршаға тең жағдайды қамтамасыз етуге және халықты біркелі қоныстандыруға, жер тапшылығы мәселесінен оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген меймандар Петропавл қаласында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы барысымен, жаңадан ашылған кәсіпорындардың және жаңа шағын аудандарға инфрақұрылым тарту жұмысымен танысты.