Айдын Бикебаев, адвокат: Адвокаттар алқасы қуатты ұйымға айналуы керек
Айдын Бикебаев, адвокат: Адвокаттар алқасы қуатты ұйымға айналуы керек
862
оқылды
Еліміздегі Адвокаттар алқасы бір қауым. Алқаның атқарып жатқан жұ­мысы, қорғаушылардың қызметі халықтың көңілінен шыға ма? Біз бұл сауалымызды елге белгілі ад­вокат Айдын Бикебаевқа қойған едік. – Елімізде Адвокаттар алқасы дейтін ұйым бар. Алқаның атқарып отырған жұ­мысы қандай? Көпшіліктің оған көңілі тола ма? – Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстандағы және одан тысқары жер­лердегі мемлекеттік және өзге де ұйым­дарда адвокаттар алқаларының мүдде­лерін білдіру мен қорғау, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылған, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының адвокаттар алқа­ларының (бұдан әрі – аумақтық алқалар) міндетті мүшелігіне негізделген коммер­циялық емес, тәуелсіз, кәсіби, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржылан­дыратын ұйым. Алайда қазіргі республикалық адво­кат­тар алқасын ықпалды, күшті ұйым дей ал­май­мыз. Бізбен, яғни адвокаттармен басқа ор­ган­дар санасу үшін бізге тек сөз жүзіндегі емес, іс жүзінде күшті, тәуелсіз ұйым құру керек. – Бұл саланы күшті әрі тәуелсіз ету үшін не қажет? – Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде адвокаттар қауымдастығы туралы «күшті және тәуел­сіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес» деп атап кетті. Бұл – жойқын бағдарламалық мә­лімдеме. Және оны біздің өзіміз жүзеге асы­руымыз қажет. Біз мұны әлі істеп жат­қан жоқпыз. Уақытты босқа жіберіп алып жат­қан сияқтымыз. Ол үшін еліміздің адво­каттары бірігіп, нәтижелі жұмыстар атқа­руымыз керек. Күшті орталық ұйымсыз адво­катура тоқырауға ұшырайды. Бізде қазір өңірлік адвокаттар алқаларының жұ­мыстары жақсы жолға қойылған. Рес­пуб­ликалық алқаны да сондай мықты ұйымға айналдыруымыз керек. Осындай ұйым ғана адвокат пен про­курордың процессуалдық құқықтарының абсолютті теңдігін енгізуге қол жеткізе ала­ды және сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жақсы жағына өзгертуге ықпалын тигізіп, жандандыруға оң үлес қоса алады. Орталық ұйым мен өңірлік алқалар қатар дамып отырғанда ғана ауызбіршілік пен оң нәтиже болады. Ал нақты адвокаттардың тәуелсіздігі адвокаттық қызметті мемлекеттік лицен­зиялауды жойған кезде және біз өзіміздің қатарымыздан өз жұмысына немқұрайды қарайтын әріптестерімізді алып тастау туралы мәселені өзіміз дербес шешетін кезде ғана болады. Мемлекет бақылаудың басқа тетіктері болмаған кезде қызмет түрлеріне лицензия береді. Біздің жағдайда ішкі бақылау жүйесі бар. Бізде тәртіптік комиссиялар жеткілікті тиімді жұмыс істей бастады, әдеп жөніндегі комиссиялар бар. Лицензиялауды да жою керек, өйткені заң консультанттарының қызметі лицензия­лан­байды, бірақ олар заң бойынша сот өкілдері бола алады. Нақты адвокаттың тәуелсіздігі адво­кат­тық қызметке кедергі келтірудің және адво­каттық қызмет кепілдіктерін бұзудың әрбір фактісі үшін біздің ұйымдар кінәлілердің жазалануына дәйектілікпен қол жеткізген кезде, олар адвокаттардың құқығын бұзған адамдар үшін әділ жаза шығаруға ықпал ете алатын кезде болады. Әрбір адвокат өзінің жалғыз емес екенін, бірақ оның артында оның құқығын бұзу­шыларға жол бермейтін ұйым тұрғанын сезінуі тиіс. – Адвокаттар арасында мемлекеттік тілді жетік біліп, сол тілде қызмет көр­сететін мамандар аз деп жатады. Расында, солай ма? – Білікті, сауатты, елімізге ғана емес, шет мемлекеттерде кәсібилігімен таны­лып жүрген әріптестеріміз баршылық. Алайда ең өкініштісі, қазақ тілін біразы жетік білмейді, яғни қазақша іс жүргізе алмайды. Бұған заман кінәлі дейміз бе, саясатты кінәлаймыз ба, бір сөзбен жауап айту қиын. Бірақ аталған фактіні мойын­дауымыз ке­рек. Жас заңгерлер арасынан бәсекеге қа­бі­летті бола алатын, мем­лекеттік тілді жетік меңгерген еркін ойлы, кәсіби сауатты ма­мандардың шығуына қолдан келген көмекті көрсетіп, осы бағытта аянбай тер төгу біздің буынның парызы деп білемін. Республикалық адвокаттар алқа­сының іс-қағаздары, ресми құжаттар екі тілде бір­дей жасалуы тиіс. Соның ішінде мемле­кет­тік тілге басымдық берілуі керек. Бұл қазір кезек күттірмес, өзекті мәселелердің бірі. –Адвокаттардың еңбекақысының мөл­шері қандай? Қымбат па? Көмек сұраған адамның қалтасы қалың болмаса, адво­каттың көмегіне сүйене алмай ма? –Адвокаттардың еңбекақысы туралы нақты заң нормалары, ереже жоқ. Бұл мәселе нарықтық заңдармен реттеледі. 5 жарым мың адвокаттың ішінен клиент адвокатты өзі таңдайды. Әр іс бойынша еңбекақыны адвокат пен клиент өзара ке­ліседі, келісімшарт жасайды. Әдетте істің күрделілігі, ауыр-жеңілдігіне қарай адво­каттың біліктілігі мен тәжірибесіне қарай еңбекақысы белгіленеді. Сонымен қатар «про-боно» деген бар. Ол – тегін құқықтық көмек көрсету. Бізден көмек сұрап, хабарласатын адам­дар өте көп. Қиындыққа тап болған адам­дар­ға уақыт тауып, құқықтық кеңес беруге, жол сілтеуге, бағыт беруге ты­рысамыз. Ол үшін адвокаттар ақы алады деп ойла­маймын. Бұдан бөлек, шарасыз жандарға, жағ­дайы төмен азаматтарға өз қызметімізді те­гін ұсынатын жағдайлар да жиі болады. Жақ­сылықты жария етпеу керек. Сон­дықтан мұндай істердің бәрі жабық күйінде қалады. Ал енді заң көмегін берудің түйткілі аз емес. Бұл жерде мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясындағы төлемді де атап өткен жөн. Бүгінде адвокаттық көмек бағдар­ла­масы бойынша жұмыс істейтін 3 000-ға жуық адвокатқа 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл аз. Мұнда еңбекақы минутпен есептеледі. Адвокат көмек көрсету үшін ауылдық жерге баруы мүмкін, бірақ оған тек 10-15 минут үшін ғана ақы төленеді. Жол жүру мен күту уақыты есепке алын­байды. Осы тәжірибе өзгертілуі тиіс. – «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Кейбір мамандардың біліктілігіне көңіл толмай жататын сәттер кездеседі. Кәсіби білікті мамандарды қалай дайындаймыз? – Адвокаттар қызметіне бір сөзбен баға бере алмаймыз. Алқа құрамында қаншама адвокат бар. Біреуінің жіберген кемшілігі кейде бүкіл адвокатқа қатысты теріс пікір­дің туындауына ықпал етіп жатады. Әрине, адвокаттардың бәрінің қызметі мінсіз емес. Адвокаттар арасында өзара тәжірибе ал­масу жақсы жолға қойылған. Білікті әріп­тестеріміз семи­нарлар, лекциялар, курстар өткізіп тұ­рады. Салалық заңнамаларды терең мең­герген, маманданған заңгерлер басқа әріптестері­мізбен білгенін бөлісіп, жыл­дар бойы жи­наған тәжірибесін ортаға салып оты­рады. Мысалы, өзім халық­ара­лық дең­гейдегі адвокаттық кең­селердің басшы­сы ретінде жақында ғана, осы айдың ба­сын­да адвокаттық кеңселерді ашудың, сол ба­ғыт­та жұмыс істеудің қыр-сырымен, өзім­нің осы салада жинақтаған 20 жылдық тәжіри­беммен бөлісіп, Нұр-Сұлтан қала­лық адвокаттар алқасының біліктілікті арт­тыру орталығында онлайн лекция оқыдым. Одан өзге, еліміздегі танымал, тә­жіри­бесі мен білігі мол Г.Сулейменова, Х.Айтқа­лиева, Ж.Сулейманов, А.Шайхина, Д.Ка­на­фин сияқты көптеген әріптес адвокаттар арасында үздіксіз семинарлар өткізіп, БАҚ беттерінде де заңнамалардың өзекті мәсе­лелері жайлы кәсіби көзқарасын білдіріп отырады. – Санаулы күндерден кейін адвокаттар алқасының төрағасы сайланбақ. Тізімнен сіздің есіміңізді де көріп қалдық. Дайын­дығыңыз қалай? – Мен бастапқыда бұл лауазымға өз кандидатурамды ұсынамын деп ойлаған жоқпын. Еліміздегі көптеген адвокаттың өтініш жасауымен сәуір айында ғана әріп­тестердің қолдауымен өз кандида­турам­ды ұсынуға келісім бердім. Сайлауда бағымыз­ды сынап көреміз. Бұл процесс әр алқадан сайланатын делегаттардың дауыс беруімен жүзеге асады. – Бұл қызметке сайлансаңыз, жұмысты неден бастар едіңіз? – Бүкіл қоғамдастықтың қатысуымен қазақстандық адвокатураны дамыту бағдар­ламасын әзірлесек деп ойлаймын. Онда біз қолда бар барлық проблеманы шешу үшін қол жеткізуге тиісті барлық мақсатты көрсеткіміз келеді. Яғни, бізде қол жеткі­зуіміз тиіс айқын жазып көр­сетілген және нақты мақсаттар болады. Біз әрбір мақсатты кәсіби түрде және жүйелі деңгейде пы­сықтайтын боламыз. Бізде Республикалық адвокаттар алқа­сының төралқасында, аумақтық ад­во­каттар алқаларының төралқаларында және өзге де адвокатура органдарында жұмыс істейтін белсенді адвокаттар бар. Бұл ретте біздің орталық ұйымда штат­тағы қызметкерлер саны бес адам ғана. Бұл, әрине аз. Бізде қар­жыландыру жет­кіліксіз. Бірақ біз мәсе­лені келесі жолмен шешкіміз келеді. Біз Республикалық адвокаттар конферен­циясы бекітетін смета мен штаттық кесте шеңберінде шағын басқару командасын қалыптас­тырамыз. Ре­сурстардың шектеу­лілігін ескере отырып, өз кәсібіміздің патриоты саналатын және өз уақытының бір бө­лігін ортақ проб­лемаларды шешуге жұм­сауға дайын қо­сымша 100-ге жуық ад­вокатты біріктіргіміз келеді. Біз олар­ды дауыс беру құқығымен қоғамдық кеңес­терге, комиссияларға, барлық құ­қық қорғау органының жұмыс топта­рына, сонымен қатар барлық ко­миссияға, жұ­мыс топта­рына, сот жүйе­сіндегі сот ал­қаларына енгізуге қол жет­кізгіміз келеді. Біз қабылданып жатқан барлық ше­шімге біздің мамандығымыз бойынша ғана емес, сондай-ақ бүкіл құқық қорғау және сот жүйесі бойынша да оң ықпал ет­кіміз келеді. Адвокатураның дауысы естіліп, назарға алынуы тиіс.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС