Құздан құлаған келіншек
Құздан құлаған келіншек
423
оқылды
Алматыда 22 қараша күні болған жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Ақпарат шыға салысымен ресми және бейресми түрде суицидтің себебін анықтауға талпыныстар басталды. Шындығында, алдымен үш баласын тоғызыншы қабаттағы терезеден лақтырып, артынан өзі де секіріп кететіндей жағдайға жетуге не себеп болды? Әрине, бірінші кезекте ресми орын­­­дардың берген болжам нұс­қалары мен де­ректеріне құлақ тү­реміз. Алматы поли­циясы анық­­таған дерек бойынша, көз жұмған келіншек 28 жаста болған. 2014 жылы өзі­мен бірге марқұм болған бала­ларының әкесімен тұрмыс құрған. Балалардың үлкені 6 жаста, қал­ған екеуі 5 және 2 жасар болған. Ерлі-зайып­ты­­ның екеуі де Түр­кістан об­лысының тумасы. Туыстарының айтуынша, марқұм Бақтыгүл Қыдырбаеваның мінезі жайлы, ашық болған. Ол Өзбекстанның Шыршық ауданында дүниеге келген. Бастауышта оқып жүрген кезде әке-шешесімен бірге Шымкент қаласына көшіп келген. Осы қаладағы орта мектептердің бірін алтын белгіге тәмамдаған. Жоғары білімді. Мамандығы дәрігер-терапевт болған.

Хат мәтіні екі ұшты пікірге жетелейді

Құқық қорғау орындары анық­таған тағы бір негізгі дерек, марқұм өлер алдын­да хат жазып қалдырып кеткен. Хаттың мәті­ніне сүйенер болсақ, осындай жағ­дайға баруға әлеуметтік жағ­дай себеп бол­ған сияқты. Со­ны­мен қатар нақты кі­нә­лілердің де атын атамайды. Бір сө­зінде «біз ешкімді кінәламаймыз», – десе, хат со­ңында «Кінәлілер өздерін біледі», – дейді. Осы жерден қан­дай да бір нақтылық табу қиын. Қалай болғанда да, аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге де­йiн жеткiзу») бойынша сотқа де­йінгі тергеу шаралары басталды. Біздегі болжам бойынша қүдікті ретінде қаралы отбасының отаға­сы жауап алуға шақырылатын бо­лар. Себебі поли­цейлер отбасы­ндағы жанжал деген дәйекті жариялады. Бірақ бұндай шешімге келу үшін қандай да бір куәгер немесе жазбаша дерек бар-жоғын анықтап айтпады. Бәлкім, болжам болар?

Көршілердің айтуынша, от­басы оқиға болған пәтерді мамыр айынан бері жалдап тұрып келген. Осы күнге дейін қандай да бір от­басылық жанжал немесе түсініс­пеушілік болғанын ешкім байқа­маған. Олардың сөзінше, балала­рын аулада жиі серуендетіп жү­ретін қарапайым отбасы екен. Марқұм болған балапандардың ересектері дүкенге күнделікті нан, сүт сияқты заттар сатып алуға келіп жүрген.

Негізгі себеп әлеуметтік жағдай ма? Кешеден бері қайғылы оқиға­ның төңі­регінде түрлі пікір әлеу­меттік желілерде де қарша бұр­қырап жазылуда. Арасында мар­құм келіншектің туған балаларын өз қолымен өлімге итергенін кінәлап жат­қандар да бар. Елімізде жас отбасыларға тиіс­ті әлеу­меттік жағдай жасал­мағандықтан деп жатқандар да бар. Кейбір пікір иелері көп­ба­ла­лы отбасы статусын қолданыстағы төрт баладан үш балаға дейін түсіру керек деп жазды. Қашан да мұндай жағдайда қоғам пікірі бірнеше тарапқа бө­лініп жатады. Біз осы мәселеге қа­тысты психологтің пікірін біл­дік. Белгілі психолог Жанар Ос­панова аталған қайғылы оқиғаға байланысты үш түрлі болжамын алға тартты. Және бұндай қадамға баруының бір себебі адамның өзі өскен отбасында осыған ұқсас жағдайлар да болуы мүмкін екенін айтады. «Біріншіден, марқұм келін­шекте қандай да бір депрессия бол­ған сияқты. Депрессия деге­німіз – адам өзіне қатысты бір­нәрсесін жоғалтып алуын айта­мыз. Ол мейірім, қарым-қатынас, өзіне деген се­нім және өзін-өзі бағалау немесе жақы­нынан айы­рылу секілді көптеген мысалдар кел­ті­ре беруге болады. Бәлкім, бұл әйелде сон­дай жағдай болды ма екен деп ойлай­мын. Екінші бір нұсқа – әлеуметтік мұқ­таж­дық пен қысым әсерінен барды ма екен. Бұндай жағдайда мүмкін шын жа­қын жанашыры болмаған шығар? Содан барып, осы тығы­рықтан шығудың бірден-бір жолы деп, өлімді таңдаған болуы да мүмкін. Үшіншіден, кез келген жағ­дай­да пси­хологиялық фак­тордың әсері болады. Се­бебі адам болған соң жанымыз бар. Пенде де жан ауруы деген болды. Мұның аяғы ғы­лыми тілмен айт­қанда, психоз деген нәр­­сеге алып барады. Бұл жағдай көбінесе жас аналарда кездеседі. Оған түскен адам көп жағдайда өз ісіне жауап бере алмай қа­лады. Ондай кезде адам өзі 9-қабаттан секіргелі жатыр ма немесе туған баласын лақ­тырғалы жатыр ма, бәрібір болып қалады. Тағы бір себебі ретінде ол адам­ның ата-анасының бірі суи­цид жасаған болса, баласы да сондай қадамға жақын болады. Бірақ бұл келіншектің шыққан ортасын ата-атасын білмейтін болғандықтан, тап басып олай деп айта алмаймын. Тек маман ретінде ғана тәжірибеме сүйеніп баға беріп отырмын», – дейді біз тіл­дескен психолог маман Жанар Оспанова. Әрине, неше адам болса, сон­ша пікір бар. Оған талас жоқ. Бір­нәрсе шындық, ол мұндай жағ­дайдың қайталанбауына жан-жақты ел-жұрт болып атсалысу ке­рек. Бүгінгі енжарлығымыз ер­теңгі күні өкінішімізді еселей түс­песіне кім кепіл?

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы