Елімізде газбен қамтылмаған аймақтар жетерлік. Ондағы ел күз келгеннен қыстың қамын ойлап, көмір іздейді. Бірақ кейінгі жылдары көмір тапшылығы байқалып, жұрт қолындағы дайын ақшасына отын ала алмай жүр. Жығылғанға жұдырық болғандай, барлық саланы жайлаған қымбатшылық көмірдің де құнын көтерді. Ақыры даурығатын күн жеткенде, жауаптылар оғаш сөйлеп қалғанын да аңғардық. Соңында күйінген тек тұрғындар ғана. Сонымен, бұл мәселеге нендей факторлар себеп? Өзімізде өндірілетін көмірдің рақатын неге көре алмадық?
Министр жалған айтты ма?
2019 жылы ел аумағында бір тонна көмір құны 7 мың теңгеден басталып, шекті бағасы 19 мың теңгеге жеткен екен. Ең қымбат көмір халқының 90 пайыздан астамы газбен қамтылған Батыс өңірлерде болса, арзаны Семейде еді. Осылай 2019 жылы республика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны 12 400 теңге болып көрсетілді. Сол жылы Статистика комитеті жариялаған өңірлердегі көмір құнын қарасақ, Нұр-Сұлтанда бір тонна көмір – 12 296 теңге, Алматыда – 14 мың теңге, Шымкентте – 13 900 теңге, Семейде 8,5 мың теңге деп көрсетілген. Ал былтыр, яғни 2020 жылы ашық сауда алаңында көмірдің тоннасы Нұр-Сұлтанда – 13 мың теңге, Алматы облысы мен Шымкент қаласында – 14,5 мың теңге, Семейде 9 мың теңге болып белгіленді. Демек, алдыңғы жылдан қарағанда көмір ел аумағы бойынша былтыр 500-1 000 теңгеге қымбаттады. Енді биылғы жағдайға келсек. Әуелі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың таяуда ғана «айды аспанға шығарған» пікіріне тоқталайық. Ведомство басшысы «аймақтарда көмірдің бір тоннасы 5,2-5,7 мың теңгенің төңірегінде» деп мәлімдеді. Атамқұлов бұл деректі қайдан алғаны немесе оған кім осылай есеп жеткізгені бізге беймәлім. Бірақ шын мәніндегі бағадан бір емес, 4-5 есе аз айтқан. Яғни, ресми мәлімет пен тұтынушылар ақпары бір-біріне сай келмейді. Мысалы, елордада бір тонна көмір – 20-25 мың теңгеден, Қарағанды мен Жезқазғанда – 17-25 мың, Шымкентте 30 мыңға жуық теңгеден саудаланып жатқаны айтылды. Әріге ұзамай-ақ қара отынның қымбаттағанына бір дәлел айтайық. Қыркүйектен бастап көмірі арзан деген Өскеменде дау басталды. Тапшылықпен қоса қымбатшылық шықты. Бір адамға 3 тоннадан артық берілмей, баға көмірдің сапасына қарай 15-20 мыңның төңірегіне барды. Сапа дегеннен шығады, ең сапалы қара отын – Шұбаркөл көмірі. Жыл сайын ең қымбат бағаға саудаланатын, соған қарамастан сұранысқа ие – осы. Орта деңгейдегі – Қаражыра мен Майкөбе. Ал ең төмені Богатырь мен Кузнецкий көмірі.
Осыдан кейін өзіміз де тұтынушы рөлінде сұрау салып көрген едік. Бағаның расымен оңып тұрмағанын аңғардық. Мәселен, Қарағандыда 17,5 мың теңге, Семейдің өзінде 13,5 мың теңгеден тұр екен. Қызылорда өңірінде де жағдай мәз емес. Теміржолдың тұйықталған басында сатылатын көмірге ұзын-сонар кезек. Оның өзі халық емес, ақшасына жеткізіп беретін делдалдар. Қала маңында бір тонна 18 мыңнан, аудандарда 21-23 мыңнан саудаланып жатыр, тапшылық бар.
Кен орнынан көмір алып, оны тасымалдап, сатумен айналысатын ортадағы делдалдар көп. Олар да науқан кезінде табыс табуды көздейді. Сондықтан баға құбылады. Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті шағымдарға байланысты көмір бағасы қалай құралатынына жауап берген. Комитет дерегіне сенсек, көмір тасымалының негізгі 3 түрі бар екен. Біріншісі – кен орнына өздері барып, көмірді тиеп алып, тұрғындарға жеткізіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындар. Мұнда бағаны асыра көтереді деген нәрсе жоқ. Екіншісі – теміржолдың тұйықталған басында тұратындар. Көп тұрғындар осы жерден сатып алады. Мұндайда адам өзі барып, көмірді таңдап, бағасы туралы келісімге келеді. Үшіншісі – көмірді сатып алып, тасжолдардың біріне шығып, оны қымбат бағаға сатып алатын адамдарды күтіп тұратындар. Олардың саны өте аз, сондықтан олар көмір бағасына айтарлықтай ықпал ете алмайды.
Өзіміз өндіреміз, өзіміз таппаймыз
2019 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге әр жыл сайын көмір бағасын реттеп, бағаны негізсіз өсіретін арадағы алыпсатарлардың жұмысын жөнге келтіруді тапсырды. Осыдан кейін өңірлерде бақылау күшейтілді. Алайда жауаптылар қайта бейжай қарай бастағандай. Көмірге қатысты бір күрмеулі мәселеге тап болып жүрміз, ол – көмір тапшылығы. 2019 жылдан басталды, Нұр-Сұлтан қаласына 1 жылға қажетті көмірдің 50 пайызы ғана жеткізілді. Тұрғындардың жалпы жылдық қажеттілігі 500 мың тонна болған. Елде көмір өндіріледі, бірақ неге жетпейді? Қазақстанның жалпы көмір қоры 164 млрд тоннадан асады. Жылына орташа есеппен 100 млн тоннадан артық көмір өндіріледі. Оның 12 пайызға жуығы халық қажеттілігіне жөнелтіледі. Әлемдік экспорттың 1,7 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ал қоңыр көмір (лигнит) экспорты бойынша үздік үштікте жүр. Әлемдік экспорттың 2,6 пайызын құрап отыр. Соңғы он жылда орташа есеппен жыл сайын 25-30 миллион тонна көмір экспорттап келеді. 2010 жылы тас және қоңыр көмірді қоса есептегенде, 30,1 миллион тонна өнім шетелге кеткен. 2015 жылға дейінгі экспорт көлемі 30 миллион тоннадан төмендеген емес. 2016 жылы шамамен 4 миллион тоннаға азайған. 2019 жылдан бері шамамен 25 миллион тонна көмір шекарадан әрі асып жатыр. Оның 80 пайыздан астамын көршіміз Ресей алады. Қазақстандық көмірдің орташа бағасы әлемдік нарықтағыдан үш есе арзан әрі әлдеқайда тұрақты саналады екен. Бірақ ішкі нарықты қамтамасыз етпей тұрып, сыртқа жөнелткен орынды ма?
Өскемендегі көмір дауын айттық. Ал әкімдік тұрғындардың өзін кінәлі етті. «Жазда алаңсыз отырып, қара суық түскенде ғана көмірге жүгіретіндер осылай дүрлігеді» деген. Олар тұтынушылардың 97 пайызы отынмен қамтылғанын айтқан. Бірақ ел көмір таппай сенделді. Басқа бір төбе, қарашада бас қаланың өзінде көмір жетпеді.
Көмір тапшылығы оның сапасымен де тікелей байланысты тәрізді. Қызуы жақсы Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі осы себепті жетіспейді. Сапасы мен бағасы төмен Майкөбе отынын ешкім алғысы келмейтіндей. Қостанайдың маңайында да тас отынды көтерме бағамен сататын 5-6 кәсіпорын бар. Жылда осы уақытта көмірден қаратау тұрғызып, саудасы қайнап жататын бұл кәсіпорындардың көмір түсіретін ауласы биыл босап қалған. Араға бір апта, он күн салып бір келетін 5-6 вагон қысқы отынды алдын ала кезекке тұрып қойған жүк көліктері талап әкетіп жатыр. Жауаптылар тасымалдайтын теміржол тарифінің көтеріліп кеткенін себеп ретінде алға тартқан.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аймақтарға 9,3 миллион тонна көлемінде көмір тапшылығы байқалғанын анықтапты. Ведомство ақпарына жүгінсек, оның 8,8 миллионы тиеліп қойған. Вагондар уақытында жіберіліп жатқанға ұқсайды. Егер аймақтардан сұраныс көбейсе, қосымша қор жіберуге дайын екен. Бұған сенгіміз-ақ келеді. Бірақ тапшылық пен баға турасында әлі де шағымдарды естіп қалып жатырмыз. Осыған қарағанда, жағдай толықтай бақыланып, тұрақталмаған. Ал үйіне жылу іздеген жұрт талабының орындалар түрі жоқ.