Жарқын жетістіктермен қарсы алады
Жарқын жетістіктермен қарсы алады
259
оқылды

Біреуге аз, екіншілерге көп сияқты көрінер отыз жыл Қазақ елі үшін еңсе тіктеген, ел бірлігін нығайтып, әлемге танылған мерейлі кезең болды. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аса алмайсың» деп дана халқымыз айтқандай, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына мәртебеміз асып, мерейіміз тасып жеттік десек, ешкім артық дей қоймас. Сол толайым табыстар мен бағындырған белестерде Елбасы негізін қалаған «Nur Otan» партиясының үлкен үлесі барлығын да ешкім жоққа шығара алмайды.

Өзінің негізгі ұстанымы ретінде ел бірлігі мен саяси тұрақтылықты, халықтың бақуатты әрі бейбіт тірлігін таңдаған, Елбасы жетекшілік ететін партия отандық саяси аренадағы көшбасшы ғана емес, жаһандық деңгейде де бағыт-бағдары айқындығын дә­лелдеді. Алғаш құрылған кезден бастап  тың бастамалар көтеріп, жа­уапты шешімдер қабылдауға ұйыт­қы болды, елмен біте қай­на­сып, жалпақ жұрттың мүддесін көздейтін нағыз халықтық партия екенін танытты. Отыз жылда қазақ елін тоқыраудың тоқпағынан алып шығып, дамудың үлкен даңғыл жолына салып, жастарына демеу, қарттарына медеу бола білді. Елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі нығайып, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығына сызат түспеді.  Парасатты да көреген саясаттың нәтижесі ретінде экономиканың дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жақсарғанын, басқа  елдермен арадағы байланыс жүйеге түсіп,  халықаралық деңгейдегі экономикалық және мәдени қарым-қатынас күшейді. Жер көлемі жөнінен әлемдегі тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстанды мекендеген, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан жердің иесі қазақ халқы қиын-қыстаулы кездерде пана іздеп келгендердің барлығына қамқор болды, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Соның арқасында бүгінде жүзден астам ұлт өкілдері қазақ жерінде  тату-тәтті ғұмыр кешуде. Еліміздегі әр өңірінің басқалардан өзгешелігі, өзіндік келбеті мен жетістігі бар. Жер жәннаты Жетісу аймағында да отыз жылда ауыз толтырып айтарлық жетістіктер тіркелді. Солардың ішінде ерекше атап өтетіндердің бірі әрі бірегейі – облыс орталығы Талдықорған қаласының келбетінің жақсы жағына барынша өзгеріп, қарыштап дамығаны. Халқының саны да екі есеге жуық өсті. Дәл осындай жағымды жаңалықта тұтас облысқа қатысты да айта аламыз. Облыс тұрғындарының саны отыз жылда 1,3 есеге артып, бүгінгі күні 2 миллионнан асты. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы облысының орталығын Талдықорғанға ауыстыру туралы шыққан  2001 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығы жағрафиялық жағынан қолайлы орналасқан Талдықорғанды қайта түлетті. Биыл еліміздегі ең таза, көрікті шаһарлардың бірі болып саналатын Талдықорғанның облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне 20 жыл толды. Соған сай жетісулықтар екі бірдей мерейтойды қатар атап  өтуде. Отыз жылда өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 14,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 101 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Тұрғындарды таза ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша да қыруар жұмыстар атқарылды. Облыс жолдарының 84 пайызы жаңартылып, көлік инфрақұрылымы дамыды. Алматы облысы  Қазақстанның туристік әрі транзиттік әлеуеті жоғары, аграрлық-индустриялық өңірлерінің біріне айналды «Хамле» (кондитерлік өнімдер), «Адал», «Фуд Мастер», «Данон» (сүт өнімдері), «Кока Кола», «RG Brands Kazakstan» (сусындар) сынды  әлемдік брендтер бойынша өнімдер шығаратын ірі өндіруші кәсіпорындар іске қосылды. Сондай-ақ, «Маревен Фуд Тянь-Шань» (тамақ өнімдері мен фабрикаттар), «Лукойл Лубрикантс» (майлау материалдары), «Wilo Central Asia» (сорғы жабдықтары),  «Фид Миллс» құрама жем зауыты, «Алацем» цемент зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын  «Pure Pack» сияқты ірі кәсіпорындар да аймақтың ғана емес, ел көлімендегі өнеркәсіптің өркендеуіне үлес қосуда. Осындай  алдыңғы қатарлы өндіріс орындарының ашылуына  партияның Сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асырудың Жол картасы зор ықпал еткені анық. Былтыр  «Nur Otan» партиясы елімізде тұңғыш рет праймериз өткізіп, саясат алаңында жаңашылдық пен өзгеріске жол ашты. Халық арасынан таңдауға түскен талапты, білімді азаматтар, жігерлі жастар топ жарды. Ел өміріне елеулі өзгеріс алып келген 2021 жылғы сайлауда «Nur Otan» партиясы халық алдында бер­ген уәделерін тұрақты түрде орын­даудың кешенді қадамдарын іске асырмақ. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны орындауға бағытталған Жол картасында 2025 жылға дейінгі межеленген міндеттердің жыл са­йын іске асу барысын қатаң қадағалау мақсатында облыстық филиал жанынан 12 қоғамдық кеңес құрылды. Ел егемендігі тарихындағы тағы бір айтулы белес ағымдағы жылы бастау алған ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында  Алматы облысы бойынша 82 ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп,  оның 79-ында «Nur Otan» партиясының үміткерлері жеңіске жетті.  Бұл – халықтың партияға деген сенімінің айғағы. Жаңадан сайланған ауыл әкімдері партияның аудан, қалалық, ауыл деңгейінде Сайлауалды уәделерін орындауда белсенді қызмет атқарып, партияның халық арасындағы беделін одан сайын бекемдей бермек. Біз бос уәде бермейміз, айтылған әрбір сөз, қойылған әрбір мақсат – межеленген нақты істер, көрсеткіштермен бекітілген. Бес жылда бұл жаңа бастамамыздың жемісті қорытындысы да шығарылары сөзсіз. Тәуелсіздік мерекесіне орай,  облыстық филиалда  арнайы іс-шаралар жоспары құрылып, соған сәйкес жыл басынан бері аймақтық және аумақтық партия филиалдарының ұйымдастыруымен шаралар өткізілуде. Партиялықтар  Жамбыл Жабаевтың-175 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың-90 жылдығы, Дина Нұрпейісованың - 160 жылдық мерейтойларына өз үлестерін қосты.  Әр деңгейдегі мәслихат депутаттары жұртшылықпен жүздесуде белсенділік танытуда. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында республикалық деңгейде онлайн шара  өткізілді. Акцияға қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектеріне ерекше көңіл бөлді. Әлеуметтік желілерде 1 700-ден астам бейнеролик жарияланды. Байқау қорытындысында 83 бейнеролик іріктеліп, осылардың арасынан ең үздік деген отыздық анықталды.  Жеңімпаздар қатарында Талдықорған қаласының тұрғыны, ұлағатты ұстаз, білім саласының ардагері, еңбек сіңірген қайраткер Сайлаугүл Қыйылбаева да бар. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында халықаралық «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығын иелену үшін сынға түскендер жеті аталым бойынша сынға түсті.   Алматы облысының  атынан қатысқандар арасынан «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» аталымында Раушан  Қойшыбаева және «Ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қатысты қоғамдық сананың өзгеруіне қосқан үлесі үшін» аталымында Гүлмира  Пармышева озық шықты. Партияластарымыз биылғы мерейлі мерекені осындай маңызды әрі  сапалы іс шаралармен мерекелеп, жарқын жетістіктермен қарсы алуда.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, депутаттық фракция жетекшісі