Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын айтты.
Бұл қағидаттарда бірінші құндылық ретінде «Тәуелсіздік» айтылады. Шынымен, сан ғасыр бойы халқымыз елінің азаттығын, бостандығын аңсап келді. Осыдан отыз жыл бұрын осы ұлы арман шындыққа айналып, егемен еліміздің уығы қадалып, шаңырағы көтерілді. Күн мен қыран, аспан бейнесіндегі көк туымыз көкте самғады. Елбасы осы сындарлы сәттерде өзі бастамашы болып, тәуелсіз елдің ертеңі мен халқының үмітінен шығу жолында аянбай еңбек етті. Отыз жылдағы табыстарымыз туралы айту – бүгінгі біз үшін мақтаныш болуы керек. Кешегі қиын-қыстау кезде ел басшысы, оның халқы тізе қоса отырып, қазіргідей даму жолындағы еңселі мемлекет құрды. Енді біз осы мемлекеттің отыз жылдық мерейлі сәтінде өткен жылдардағы толағай табыстарымызды ертеңгі дамуымыздың сара жолы деп ұғынғанымыз абзал. Әр қазақстандық үшін тәуелсіз еліміздің өркендеуі, өзге мемлекеттермен иық тіресе отырып, ертеңгі болашаққа қадам тастауы маңызды болмақ. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайтудың негізі». «Жеті тұғырдағы» алғашқы құндылық деп аталған «Тәуелсіздік ұғымы» біздің мәңгілік құндылығымыздың бірі. Ал «Жеті тұғырда» «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры» делінген. Бұл да біздің қазіргі қоғам үшін жиі айтылуға тиісті сөздің бірі. Әрине, бірлігі болмаған елдің дамуы да, экономикасы да, ішкі ынтымағы да кері кетеді. Елбасының сарабдал саясаты осы құндылықты басты назарда ұстап келеді. Дүниежүзіндегі дамыған елдердің тәжірибесіне көз салсақ, бәрі де ішкі ынтымақты алдыңғы орынға қойған. Осы ұстаным олардың күн санап дамуына, елдік пен ынтымақтың алтын шежіресін жазуында маңызды рөл ойнады. Алыс болашақты көздеген Елбасы осы тұрғыдан мемлекетіміздің мәңгілік ел болуындағы дара жолына береке-бірлік арқылы жетуге үндеп отыр. Бұл біз үшін дер кезінде айтылған ой-толғам. Елде бірлік күшейіп, қоғамда тыныштық орнап, ұлттар ара ынтымақ болса, қоғамның дамуы тездейді. Елбасы осы екінші құндылығында ана тілді білу туралы да атап айтты. Бұл да біздің қазіргі қоғамдағы басты құндылықтың бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеу, оны білу де заман талабына үйлесетін шарт. Келесі құндылық «Жер» туралы. Елбасы бұл жөнінде «Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ» деп ашық айтты. Бұл әрбір ашық ойлы қазақстандықтардың санасына терең ұялайтын сөз болуы тиіс. Біздің бабаларымыз «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғап, ұрпақтарына аманаттаған қасиетті жерімізді қорғау, оны келесі ұрпаққа табыстау да біз үшін үлкен жауапкершілік болмақ. Егемен еліміздегі әр жас салмақпен ойлайтын мәселенің бірі де осы жер мәселесі. Елбасы біздің еліміздің шекарасын шегендеп, көршілермен басын ашып, құжат жүзінде шешім етті. Бұл да тәуелсіз еліміздің отыз жылдағы маңызды табыстарының бірі де бірегейі. «Отбасы мен салт-дәстүр» де осы үндеудің ішіндегі ең түйінді мәселе. Қоғамдағы әр отбасы, алдымен отбасын, сосын Отанына деген сүйіспеншілігін тереңдету үшін өзін дамыту керек деп ойлаймын. Отбасы тыныш адамның Отанға деген махаббаты да шексіз. Қазақ халқының далалық мәдениетіндегі отбасы тәрбиесінің ғылыми негізді тұстары өте көп. Оны бүгінгі қоғамдық жағдайлармен үйлестіре отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуымыз тиіс. Ал «Мәдениет» туралы көп айтуға болады. Жаһандағы халықтардың көбі мәдениет пен өркениетке көңіл бөлуді басты мәселе ретінде қарайды. ХХІ ғасырдағы біз үшін мәдениет ауадай қажет. Қазақтың ұлттық мәдениеті ешкімнен кем емес. Оның қайнары кешегі ата-бабалар жасаған еркін заман, тынысты қоғам. Біз солардың асыл мәдениетін жалғастырушыларымыз. Ендігі ұрпақ үшін мәдениетті болу – заманға сай тұлға болудың, білімді адам болудың алғышарты. Елбасы «Білім» туралы ойын хәкім Абайдың даналығымен жеткізді. Біз қазіргідей ғылым мен техника, білім қарыштап дамыған заманда өмір сүріп отырмыз. «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай, білім әрқашан қарудың ең озығы болған. Біздің ұлтымыздың тарихындағы данышпандар, ел тұтқасын ұстаған тұлғалар заманға сай білім алып, оны елінің, жерінің қажетіне жұмсаған. Ендігі өскелең ұрпақтың да өзіне, ұлтына деген жауапкершілігі – білімді болудан басталады. «Бәсекеге қабілеттілік» – көркею жолына нықтап кіріскен Қазақстан үшін аса маңызды. Жер шарындағы елдердің бәрі заманауи бәсекелестікке сай жұмыстар атқарып, өз елінің дамуының мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл тәжірибелер бізге үлгі болуы тиіс. Мемлекет үшін де, жеке тұлға үшін де бәсекеге қабілетті болудың пайдасы зор. Сынақтан кейін әрине жеңіс күтіп тұрады. Елбасы өз үндеуінде осы көкейтесті мәселелерді елдің игілігі үшін, еліміз бен жеріміздің алға қадам тастауы үшін айтқанын анық түсінеміз. Үндеуге негіз болған «Елдіктің жеті тұғыры» ел болашағына арналған ой-толғамдар екені даусыз.Мақпал Тәжмағамбетова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі