Көкшетауда қоқысты қайта өңдейтін полигон салынады
Көкшетауда қоқысты қайта өңдейтін полигон салынады
401
оқылды
Ақмола облысының Көкшетау қаласында қоқысты қайта өңдейтін қоқыс полигоны салынбақ. Жаңа өндіріс орны облыстағы заңсыз полигондарды азайтуды көздейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті. Өңірдегі қоқыс мәселесінің өзектілігін өңірге сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатты сынға алған. Әсіресе қоқыс өңдеу мәселесінің шешу бағытында нақты тапсырмалар жүктелген. Ермек Маржықпаев қоқыс мәселесі бойынша жағдайды баяндап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, тек соңғы бір жылда ғана облыс аумағында заңсыз 1400 қоқыс үйінділері анықталған. Оның жартысына жуығы елорданың іргесінде болып шықты.
«Өкінішке қарай Нұр-Сұлтан қаласының, сондай-ақ Көкшетау, Степногор қалаларының маңында ірі қоқыс үйінділері пайда болып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен меморандум келісімшартын жасады. Осы келісімшарт арқасында ғарыштық түсірілім жасалып қоқыс үйінділерінің қай жерлерде екені анықталды. Биылдың өзінде 1400-ге жуық заңсыз қоқыс төгілген жер табылды. Бұлардың жартысына жуығы елорда маңында болып отыр. Мәселен, Целиноград ауданында 300, Аршалы ауданында 200-ге жуық, Шортанды ауданында 50-ге тарта қоқыс үйінділері бар. Бүгінде оның 80-85 пайызына жуығын жойдық», – дейді облыс әкімі.
Өңір басшысы, сонымен қатар Көкшетау қаласында қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу жоспарланғанын да атап өтті.

«Бүгінде облыс аумағында жүзден астам қатты тұрмыстық қалдық полигондары бар. Олардың жиырма бесі заңдастырылды. Щучинск курорттық аймағында қоқыс полигоны салынбақ. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар Көкшетау қаласында қоқысты қайта өңдейтін полигон салынады. Сондай-ақ Қорғалжын, Зеренді, Целиноград аудандарында шаралар ұйымдастырылады. Қымбат жобалар болғандықтан бір бөлігі жергілікті бюджеттен, келесі бөлігі жол картасымен республикалық бюджеттен қаржыландырылады», – дейді Ермек Маржықпаев.