Шапалақ, артынан шоколад
Шапалақ, артынан шоколад
327
оқылды
Күйеуімнің бір емес, екі дип­ломы бар, бірақ бастық біткеннің пейілдері тар. Жұмысқа алмайды, ақша дәметіп, көздерімен арбайды. Содан, күйген дүние күйіп кетсін, не болса да, бар пәлені бір басыма үйіп кетсін, немесе жолым болып, Құдайым бетімнен сүйіп кетсін деген оймен жұмыс іздеп шықтым. Бір миллионердің офисіне келдім, кіре берістегі хатшы қызға резюмемді бердім. Бес-алты адам кезек күтіп отыр екен. Бір кезде, бір жігіт мұрнын бет орамалымен ұстап, сорғалаған қанын көрсеткісі келмей, дәлізге шығып кетті. Оны көрген келіншектің қолдары дірілдеп, кірпіктері түсіп қалғандай болды. Дегенмен, жұмыс керек, ішке кіріп кетті. Жарты сағат өткенде, келіншек алақанымен бетін басып, жүгіріп шықты да: «Шапалақ, артынан шоколад! Бүйткен жұмысы құрысын!» –деді шоколадтан бір тістеп қойып. Шынымды айтсам, қорқайын дедім. Үйге қайта салсам ба екен? «Сау болыңыздар!» деп айта салсам ба екен? Орнымнан тұра беріп, басымды хатшы қызға бұра беріп, орныма қайта отырдым. Айлығы керемет деп жазған ғой, хабарлан­дыруда. Біздің алдымыза кіріп кеткен кісінің шашы ұйпа–тұйпа, көздері көгеріп кеткен, көстюмінің иығы жыртылып шықты. – Миллион айлық берсе де, дәл осы жұмысты істемеймін! – деп ашуланып кетті. «Не жұмыс екен?» деп басым қатты. Қайтып кетсем бе екен? «Сау болыңыздар!» – деп айтып кетсем бе екен? Орнымнан тұра бердім, хатшы қызға басымды бұра бердім, ол жымиып, «күтіңіз» деген ишара жасаған соң, бейшара болып, отыра кеттім. Құдайым-ау, менің де кезегім келді! Ішке кірсем, атақты миллионер жігіт ағасы креслосында шіреніп отыр екен. Мойын жоқ, қойын жоқ, құлағы қалқиған, ауызы аңқиған, көздері сызық, мінезі қызық бай-патша­ның жанына жақындадым. – Жұмыс іздеп келдіңіз бе? –деп сұрады ол. – И-ияяя... – Бізде нақты жұмыс жоқ. Дегенмен, менің ішім көп пысады. Байлықтан жалықтым. Ер кісілер болса, күн сайын төмпештеп, ұрып аламын. Тістерін сындырғаным –кәйіп. Сол үшін бес жүз мың теңге төлеймін айына. Сіз қыз баласы екенсіз, кешке дейін елу рет шапа­лақпен бетіңізге салып қаламын да, артынан шоколад беремін. Тегін. Бұл маған қызық. Ал, сіз айына алты жүз мың теңге айлық аласыз. Келістік пе? – Жооқ, рахмет, ағай! – Бетіңіз үйреніп кетеді. – Ж-жәй ұрасыз ба? – Жәй ұрсам, елу ақ мың аласыз. Ал бір ұрып, шалқаңыздан түсіріп отырсам, алты жүз мың. – Жәй, бетімнен шымши салуға болмайды ма? –Мен еріккен, зеріккен мил­лиардермін. «Проба» жасап көреміз бе? – Жәй ұрыңызшы? Көздерімді жұмып, Құдайыма сиынып тұра қалдым. Таяқ жеп тапқан айлығым тәтті болатын шығар? Бетімнен күн сайын шапалақтай берген соң, бетім қамыр сияқты ағып кетіп жүрмейді ме екен? Ойым ойқы–шойқы болып тұрғанда, шапалақ шарт ете қалды, екі көзім жарқ ете қалды. Басым айналып, құлайын, құ­лайын, құлағаны несі, жылайын, жылайын деп қалдым. Бір қарасам, ол шоколад ұсынып тұр екен. Бетті бастым, қатты састым, тұра қаш­тым. Кешіріңіз, құрметті оқыр­маным, дәл мұндай жұмыс түрі бола қоймас, Дегенмен, қара­мағын­дағыларды ұрып–соғатын полиция бастығы да болады екен! Естігенде, есімізден танып қала жаздадық. Нұр–Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Мақсат Әбікен миллиардер болмаса да, іші пысады ғой деймін, қол астындағы қыз­меткерлерін «дыхалкадан» ұрып–соғады екен. Қызметкер­лерін қатар тұрғызып қойып, асықпай жақын­дап, ыңқылдата ұрып тастайды. Таяқ жегендер сол үшін айлық алатын сияқты маа? Осы бір оспал­дар қылығы үшін Мақсат Әбікен лауазымды қызметімен қош айтысты. Тағы қай жерге барып, бастық болып, кімдерді ұрады екен? Лара Әбді