Екі күйеу, бір қатын
Екі күйеу, бір қатын
396
оқылды
Өмірде не болмайды, тіпті, ақылға да қонбайды, көріп пе едіңіздер өзі, мұндайды? Есек кісінейді десек, ертегі. Сиыр ақырады, итттер қораз сияқты шақырады десек, тағы болмайды. Оу, ағайын, көріп пе едіңіз, мұндайды? Естігенде елеңдеп, жүрек шіркін мұздай­ды... Жә, жарайды, бәрін басынан бастайық. Бір күні Жандар үйде бір өзі айран ішіп отырғанда, әйелі Бағила мен бөтен еркек кіріп келді. – Жандар, танысып қой, Қосжан деген кейбай, ‒деді. Жандар езуіне жағылған айранды жеңімен сүрте салып, орнынан сасқалақтай тұрды. – Коля, деді Қосжан қолын ұсынып, ‒негізі братандар Коля деп кеткен. ‒Жора, деді Жандар ернін тістелей сөйлеп, ‒негізі братишкалар Жора деп кеткен. Хім... Әселжан, неге кейбай дедің? Түсінбей тұрғаным? Әсел көздерін онақшытып, кейбайға қарады. Жандарға жынын шақыра, ашулы көзқараспен, маңдайын жиыра қарап еді, ол байғұс жым болды. – Айтып жүр едім ғой саған? Еркек біткен тоқал алғысы келеді. Әсіресе, депутаттар, миллионерлер. Заңдастырсақ қайтеді дейді. Құдайға шүкір, аудан орталығында тұрсам да, шаруа қожалығым дүрілдеп тұр, он тракторым гүрілдеп тұр, пәленбей гектар жерім бар, қайыспайтын белім бар, менің де екі күйеу алатын ебім бар. – Құт-құтты болсын!‒деп әйелінен үнемі бұғып жүретін Жандар‒Жора қалбалақтап орныннан тұрып, әйелін құшақтады. – Сен бұдан былай Албайсың. Бұл кейбай, – деді әйелі. – Албай? Әлде, алабай? – Албай деймін. Баяғы КПСС деген сияқты қысқарған сөз. Албай‒алғашқы байым. Кейбай‒кейінгі байым. Неменеге бадырайып қарайсың? Не еркектер екеуден тоқалдатып жатқанда, біздің бетімізге біз кіріп кетіп пе? Әлде басымызда бұғылар жайылып жүр ме? Құдайға шүкір, сендерді асырауға шамам жетеді. – Екі еркек жым болды. Былай, оңаша шыға беріп, бірі-бірінің жағасынан ала түсті. Әсіресе, Жандардың ызасы қайнап тұр, жаңа түскен келіннің, ой, кешіріңіз, жаңа келген кейбайдың жүзі қуаныштан жайнап тұр. Оған уақыт өткізсе, тамағы тоқ болса, көңілінде қыз‒қыз шоқ болса, мына сүмелекті ата салатын оқ болса, одан басқаның керегі жоқ. – Ей, кейбай, кейін келген бай, бұл жерден тай! ‒деді Жандар. – Құрысаң, өзің құры, Бұрбай! – деді Қосжан‒Коля. – Неге Бұрбай дейсің? Мен Албаймын, алғашқы байымын! – Какая разница? Бұрбай, бұрынғы байысың! – Басыңа гүл егіп тастаймын! – Шашыңның арасына қырық қой жаямын! – Тістеріңді қағып аламын! – Орнына қайтып саламын! – Қақпағыңды ашып тастаймын! – Кірпіктеріңді біртіндеп жұлып, шашып тастаймын! – Атып жығып, арқаңды тыр‒тыр қасып тастаймын! Екеуі ентігіп барып тоқтады. Бір кезде Жандар: – Сиырды сен сауасың,‒деді. Қосжан темекісін ұсынып жатып: – Өмірімде сиыр сауып көрген емеспін, – деді. – Мен де сиыр сауудан өлген емеспін. – Ыдыс‒аяқты сен жуасың. – Ал, баланы сен туасың! – Қойее, ондай да бар ма не? Екеуі ішек-сілесі қатқанша күлісіп алды. Кім қандай шаруа атқаратынын білісіп алды. Бірақ, сіз сенбей оырсыз ғой деймін, оқырманым? Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында баяғыдаан екі күйеуі бар әйел өмір сүріп келеді. Жоғарыдағы кейіпкерлердің бұл келіншекке түк қатысы да, шатысы да жоқ, менің айтпағым, алматылық психолог Серікгүл Салидің айды аспанға шығарып: «Еркектер екі әйел алуды заңдастырар болса, әйелдер неге екі еркекке тұрмысқа шықпасқа? Неге мұны да заңдастырмасқа?» деген сарынддағы жазбасына кейін былай түсінік берді: «Бір әйелдің екі күйеуі болуы мүмкін емес. Бұл бір еркекте екі әйел болуы да қате деген оймен айтылды. Бір әйелдің екі күйеуі болу деген миға сыймайтын нәрсе ғой. Еркектердің де екеулетіп жатуы миға сыймайды.». Шынында, миға сиятыны да сыймайтыны да бар. Жеті қабат жер астына жасырсаң да. екі құлағы қалқиып, ыржиып шыға келетіні бар деген сияқты, еркектер, тоқалға тәбеттерің тартып, ындындарыңның артып тұратыны рас қой, ә? Жатыпатар Жаныс