Құшақтасып тұрсақ қайтеді?
Құшақтасып тұрсақ қайтеді?
565
оқылды
Көшеде келе жатқаныңызда танымайтын біреу бас салып құшақтай алса, қайтер едіңіз? «Мынау жынды ма?» – деп бір ойлайсыз. «Әлде, басқа біреу­мен шатастырып тұр ма екен?» – деп екі ойлайсыз. «Бүгін көрісу күні емес қой? Неғып жабысып қалды?» – деп үш ойлайсыз. Қалай болғанда да, бір түрлі ғой, аш кенеше жабыса қалғаны. Бір топ адам, ішінде жасы бар, қалтаңдаған басы бар, жалбыраған шашы быр, кәрісі бар, әрісі бар, берісі бар, сүйретілген кебісі бар, үстілерінде жемпірі бар, бес-алты кемпірі бар, інісі бар, ағасы бар, жүгірген бала-шағасы барлар жүгіріп келеді екен. Осы Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы ауылының жүз шақты адамдары. Олар қарсы келе жатқан кез-келген адамдарды құшақтай ала­ды. Біраздан соң жібере салады. Бұларға не кө­рінген өзі? Бір кемпір бір кемпірді қуалап жүр – Ойбай, сізге не болған? – деп сұрайды түкке түсінбеген анау. – Сені құшақтағым келеді. – Неге, ойбай? – Ойбайлай бермеші! – деп жетіп алған кемпір кетік тістерін көрсете күліп алып, құрдасын құшақтай алды. – Туу, рахатын-ай! – Қандай рахат, ойбай? – Тұла бойың неткен ыстық еді? Пальтоңның түймелерін ағытшы. – Мына қақпасты жын-шайтан айналдырған екен! Ал, жігіт ағасы қарсы жолыққан келіншектің алдын бөгеді. – Сәлеметсіз бе? – Сәлеметпісіз? – Кешіріңіз, бес минуттай құшақтасып тұрсақ қайтеді? – Жындыханадан қашып шықтыңыз ба? – Сіз мейірімді әйелсіз. Құшақтауға рұқсат етсеңіз? – Мама! Маньяк! Құтқарыңдар! ‒деп айқайлады келіншек. Оған қарайтын жігіт пе, оны құшақтай алды. Сосын жібере салды. Келіншек алды‒артына қарамай, қаша жөнелді. Бір әйел қорыққанынан сақалы сапсиған шалды өзі келіп құшақтап тұрып алды. Түкке түсінбеген байғұс әйел: «Құшақтасқаныма қуаныштымын!» ‒деп кете барды. Енді шұбырған топ қала әкімшілігіне қарай шұбырды. Бұл не шеруге, не митингіге, тағы басқа топтасып жүруге жатпайтын ерекше оқиға болды. Талаптары сол, құшақтасу. Құдайым‒ау, мейірімді адамдар, бірін‒бірі танитындар құшақтасып көрісе береді емес пе? Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, танымайтындар келіп, тарпа бас салып, құшақтай алса... Ештеңе айтпастан, бетіңізге бедірейіп қарап тұрса... Ыңғайсызданып қаласыз ғой. Әлде, бұл жаһанданудың бір түрі деп ойлап қаласыз ба? Қала әкімінің күзетшілері күтірлетіп сәбіз жеп отырған жоқ қой? Арсалаңдап, алдарынан шықты. – Кім керек сіздерге? – Бізге әкім керек. – Не болып қалды? – Құшақтаймыз. – Құшақтағаны қалай? – Құшақтаймыз да кетеміз. – Әкімді құшақтауға болмайды. – Бәріміздің құшақтағымыз келеді! – Құшақтау, құшақтау! Әкім не, сіздердің құдаларыңыз ба еді? Жұрт даурығысып жатқанда, әкім шықты. – Бұл не шу? ‒деп сұрады әкім. – Сізді құшақтайық деп келдік. – Не үшін? – Ала жаздай не бітірдіңдер? Қала түбіндегі елу көп қабатты үйлерде әлі жылу жоқ. Суықтан бүрісіп, бір‒бірімізбен құшақтасып жатамыз! ‒деді бір әйел айқайлап, Тоңғанымыз соншалық, көшедегі адамдармен құшақтасып, сәл де болса жылынып келеміз. Сізді де құшақтап, жылынып алайық деп келдік! Сол екен, жұрт жапа‒тармағай әкімді құшақтауға ұмтылды. Ыстоп! Тоқта! Дәл осындай оқиға болмайды енді... Алайда, Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Қарғалының» елуге жуық көп қабатты үйлеріне жылу берілмегендіктен, тұрғындардың түнде бір‒бірімен құшақтасып ұйықтайтыны рас. Өйткені, жылу құбырларын жаз емес, қара суықта жөндеуді қолға алыпты. Ала жаздай тендерге ешкім иегін де қасымапты‒мыс. Оқасы жоқ. Құдай қаласа, жылуды келер жазда беріп қалар? Жазда жылынып отырғанға не жетсін? Марал Манқызы