Партиялық жүйе – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі
Партиялық жүйе – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі
1,414
оқылды
Өткен аптада, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту қарсаңында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің тарихи кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Тұңғыш Президент – Елбасы, билеуші партия Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз бен «Nur Otan» үшін бірқатар маңызды бастамалар мен шешімдерді жария етті. Елбасы «Елдіктің 7 тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында мемлекет пен ұлттық құрылыстың іргелі құндылықтарын тұжырымдады. Бұл құжат Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолымызды түйіндеп, еліміздің даму жоспарын айқындайды, сондай-ақ болашақ ұрпаққа бағдар береді және егемен Қазақстанның уақыт тезінен өткен жетістікке жету формуласын ұсынады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия Төрағалығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру туралы бастамасы тарихи шешім болды. Бұл - қазақстандық билік транзитінің қисынына сәйкес келетін, толығымен заңды шешім. Елбасы айтқандай: «Қазақстан өз Тәуелсіздігінің төртінші онжылдығына қадам басып отыр. Бұл - үлкен өзгерістердің, қиын әрі тағдырлы шешімдердің дәуірі». Мұндай жағдайда «Nur Otan»-ға билеуші партия ретінде «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес сабақтастықты, саяси тұрақтылық пен еліміздің әрі қарайғы дамуын қамтамасыз ететін ел Президентінің Мемлекеттік бағыты төңірегіне қоғамды топтастырудың ерекше міндеті жүктеледі. Осыған байланысты Елбасы «Nur Otan»-ның ұзақ мерзімді көшбасшылығының 5 негізгі қағидатын айшықтады: қашанда халық мүддесін басшылыққа алу, замана көшінен қалмау, айқын мақсаттар қою және оған жетудің шынайы жолдарын белгілеу, ынтымағы жарасқан бір ұжымдай еңбек ету және қоғамды өз құндылықтары төңірегінде топтастыру. Тәуелсіздік жылдарында билеуші партия ашық та бәсекелі саяси күресте өз көшбасшылығын дәлелдеді. Нәтижесінде, бүгінде «Nur Otan» үстемдік ететін қалыптасқан партиялық-саяси жүйе қазақстандықтардың басым көпшілігінің мүддесін білдіріп, мемлекеттіліктің басты тұғырларының біріне айналды. Қазіргі кезде қазақстандық партиялар билікте халықтың мүддесін білдіріп қана қоймай, мемлекет пен қоғамды байланыстырушы «көпір», топтастырушы күш болып отыр. Олар азаматтарды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үрдісіне тарта отырып, қоғамның саяси мәдениетін арттырады. Қазіргі таңда, яғни ел дамуының жаңа кезеңінің қарсаңында тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін өткен жолды, сондай-ақ елімізде қалыптасқан көппартиялық модельдің рөлі мен мән-маңызын ой-сана елегінен өткізген маңызды. Елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылдың өзінде партиялық құрылыстың негізгі қағидатын былайша нақты тұжырымдаған болатын: «Саяси партиялар демократия ғимараты тұрғызылатын негізгі «құрылыс материалы» десек, біз олардың өсіп, нығаюы үшін олардың қоғамдық орнын бекіте отырып, құқықтық тұрғыда да, басқалай да бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз». Талдау көрсеткендей, заманауи партиялық-саяси жүйенің қалыптасуын келесі кезеңдерге бөлуге болады. Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығы, яғни 1991 жылдан бастап, 2000 жылдың басы – партиялық алаңның қалыптасу кезеңі. Оның аясында қоғамдық және саяси ымыра қалыптасты. Сонымен қатар ел дамуының негізгі идеологиялық құрылымдары мен тұжырымдамалары айқындалды. Екінші онжылдық – 2000 жылдардың басы мен 2010 жыл –Парламент Мәжілісіне бастапқы мажоритарлық жүйеден пропорционалды сайлау жүйесіне ауысу арқылы саяси партиялардың сапалы нығаю кезеңі. Үшінші онжылдық – 2011 жылдан бастап – үстем саяси күші бар көппартиялы жүйенің қалыптасу кезеңі. партия

Бірінші кезең. Саяси партияларды институттандыру

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сол тұстағы күрделі қоғамдық-саяси ахуалды ескере отырып, елдің дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, демократиялық негіздегі маңызды мемлекеттік және саяси институттарды құру бойынша күрделі міндеттер тұрды. Мемлекетті басқаруда тәжірибесі мол және көреген реформатор ретінде Елбасы азаматтық қоғамның белсенді араласуынсыз тұрақты саяси жүйені қалыптастыру мүмкін емес екенін түсінді. Бұл процесте ең алдымен көппартиялы жүйені құруға басымдық берілді. Партиялар саяси институт ретінде мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпірге – азаматтардың мүдделерін жеткізетін және кері байланысты тиімді қамтамасыз ететін арнаға айналуы тиіс еді. Бұл мүлдем жаңа тетіктерді және құқықтық негіздерді енгізуді талап етті.
Жас азаматтық қоғамның тәуелсіз институттары – партиялардың, кәсіподақтардың, коммерциялық емес ұйымдардың жұмыс істеу тәжірибесінің аздығы да жағдайды күрделендіре түсті. Халықтың басым бөлігі қоғамдық қызметтерге белсене араласуға әзір емес еді,  көптеген менталдық кедергілер де ұшырасты. Мемлекет қоғамдық диалогқа барынша ашық екеніне азаматтардың көзін жеткізу арқылы мұның барлығын еңсеру қажет болды.  
1991 жылы қабылданған «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң партияларды институттандыру процесіне қуатты серпін берді. Партиялар мен қозғалыстарды қоса алғанда, 300-ден аса қоғамдық ұйым тіркелді. Қазақстанның Коммунистік партиясы қоғамның мүдделерін ұсынудағы монополиясынан айырылды. Бұл бірпартиялы жүйенің түпкілікті «күйреуі» процесіне жол ашты. Нәтижесінде, 90-шы жылдардың бірінші жартысында Социалистік партия, Халық конгресі, Республикалық партия, Коммунистік партия, Халық бірлігі партиясы, Халықтық-кооперативтік партия, Қазақстанның «Жаңғыру» партиясы, «Руханият» және басқа да қоғамдық-саяси қозғалыстар тіркеуден өтті.
Әйтсе де, сол кезеңдегі партиялар мен қоғамдық бірлестіктер көп жағдайда электораттың шағын сегментінің ғана мүддесін қорғауға бағытталды.  Саяси партиялардың танымалдық және тартымдылық деңгейі партия көшбасшысының жеке тұлғасымен айқындалды. Тағы бір айта кетерлігі, партиялар негізінен орталықта ғана жұмыс істеді, олар ұйымдастырушылығымен және жүйелігімен ерекшеленбеді.
Көппартиялы жүйе 1995-1996 жылдары қабылданған «Сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарда алғаш рет заңды түрде бекітілді. Кандидаттардың барлық санаттары үшін абсолютті көпшіліктің екі айналымдық мажоритарлық жүйесін орнатты (жеңіске жету үшін кандидаттар 50%-тен астам дауыс жинауы керек). Осы кезеңде партиялар саяси институт ретінде ауыр экономикалық дағдарыс, әлеуметтік кернеудің өсуі және партиялық-саяси өрістің поляризациялануы жағдайында қалыптасты. Жүргізіле бастаған экономикалық реформалар барысындағы қиындықтар көптеген шетелдік сарапшыларға мемлекеттің жақын арада күйрейтіні туралы жорамалдауына себеп болды. Сәтсіздікке ұшыраған мемлекеттердің (failed state) біріне айналмас үшін Тұңғыш Президент бастаған ел басшылығына бір мезгілде көптеген міндетті шешуге тура келді. Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, жылдам экономикалық реформалар жүргізу, шетелдік инвестициялардың құйылуын ынталандыру мақсатында сыртқы серіктестермен байланыс орнату талап етілді. Бұл сын-қатерге ел Президенті бастамашы болған «Қазақстан-2030» Стратегиясы нақты жауап берді, ол елімізде түбегейлі реформаларды іске қосты. Бұл ретте мемлекет құрылысы үрдісі экономикалық өсумен және партиялық-саяси жүйенің дамуымен тығыз қабыса жүрді. Стратегия дамудың негізгі бағыты ретінде мемлекетті демократияландыруды айқындады. Қоғамның мемлекетті басқару үрдісіне қатысу мүмкіндігі кеңейтіліп, саяси платформалар мен идеялар бәсекелестігіне жағдай жасалды. 1990 жылдардың орта шеніндегі Қазақстанның партиялық-саяси ландшафтын суреттей отырып, Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «... Әртүрлі сипатта болса да, жаңа партиялардың көпшілігі негізінен демократия принциптеріне бейімдігін білдіріп, мен ұсынған тәуелсіздікті нығайту бағытын қолдады», – деп жазды. Партия құрылысына сайлау жүйесінің дамуы ерекше ықпал етті. 1998 жылы Конституцияға енгізілген түзетулер пропорционалды сайлау жүйесінің негізін қалады. Осы сәттен бастап Мәжілістегі 10 қосымша орын партиялар арасында партиялық тізімге берілген дауыстар санына пропорционалды түрде бөлінді. Парламенттің төменгі палатасына өту үшін 7%-тік тосқауыл енгізіліп, бұл саяси өрістегі бәсекені жандандырды. Дегенмен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының тәжірибесі мемлекет үшін қажетті реформалардың жоғары қарқынын ұстап тұру үшін қоғамды ұйыстыруға қабілетті салмақты саяси күш қажет екенін көрсетті. 1999 жылы құрылып, біртіндеп халықтың сеніміне ие болған «Отан» республикалық саяси партиясы осындай күш болды. Жаңа саяси ұйым бірден қуатты ұйыстырушы ретіндегі әлеуетін паш етті. Алғашқы съездің өзінде «Отанға» Қазақстанның Халық Бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы және «Қазақстан – 2030 үшін» қозғалысы кірді. «Отан» партиясының Төрағасы болып Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Партия Лидері «Отан» үшін басты идеологиялық және ұйымдастырушылық ұстанымдар ретінде қуатты мемлекеттілік, реформаларға басымдық беру және бұқарашылдық құндылықтарын белгілеп берді. Партияаралық бәсекелестіктің тұңғыш тәжірибесі – 1999 жылғы парламенттік сайлауға 10 саяси партияның қатысуы болды. Саяси партиялар сайлауалды тізімдерін ұсыну арқылы депутаттық мандат үшін күреске түсуге мүмкіндік алды. Сайлау қорытындысы бойынша «Отан» партиясы сайлаушылардың – 30,89%, Коммунистік партия – 17,75%, Аграрлық партия – 12,63%, Азаматтық партия – 11,23% дауысын алды. Сайлаудан кейін дауыс үшін бәсекелестік жағдайында саяси партиялардың топтасу үрдісі жалғасты. Атап айтқанда, «Отанға» Әділет партиясы, Ұлттық фермерлер федерациясы, сондай-ақ «Қазақстанның болашағы үшін» жастар қозғалысы қосылды.
Осылайша, Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында Мәжіліс депутаттарының партиялық тізіммен ұсынылуы тетігі енгізіле бастады. Бұл партиялардың қоғамның саяси өміріндегі рөлін арттырды, мажоритарлық жүйеден аралас сайлау жүйесіне бірте-бірте өтудің негізін қалады.

Екінші кезең. Партиялардың сапалық нығаюы және Мәжілістің пропорционалдық сайлау жүйесіне көшуі.

2000 жылдардың басынан күн тәртібіне мүлдем басқа саяси міндеттер шықты. Қазақстан Парламенттен жедел саяси-құқықтық қолдауды талап еткен қарқынды экономикалық өсу кезеңіне қадам басты. Елбасының «алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидатын іске асыру нәтижесінде ЖІӨ екі еселенді, 160 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды, үстеме табыс Ұлттық қорда шоғырландырылды. Бұл 2000-2010 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстанға әлемнің ең қарқынды дамып келе жатқан экономикаларының үштігіне кіруге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, қоғам одан әрі жедел өркендеуге жүйелі жағдай жасау үшін саяси тұрақтылық пен қоғамның бірлігін нығайту қажеттігін түсінді. Қазақстанның геосаяси, аумақтық және демографиялық ерекшеліктері қоғамды жекелеген топтарға жіктеуі мүмкін жершілдік, рушылдық, этно-діни факторлардың пайда болу ықтималдылығына қатысты қатерлерді мұқият басқаруды талап етті. Осыны ескере отырып, «Саяси партиялар туралы» жаңа Заң қабылданып, «Сайлау туралы» Заңға (2002-2004 жылдар) этностық, діни және гендерлік негізде саяси партиялар құруға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Алғаш рет партиялардың ұсынуымен мәслихаттардың сайлау комиссияларын қалыптастыру қағидаты бекітілді, партиялар мен кандидаттар арасында теледебаттар тәжірибесі енгізілді. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес жаңа партияны тіркеу үшін ең төменгі шек 50 мың мүшені құрауы саяси бірлестіктердің тиімділігін арттыруға септік етті. 2002 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 19 саяси партияның тек 7-еуі ғана жаңа талаптарға сәйкестігін растай алды: олар – Аграрлық, Азаматтық және Коммунистік саяси партиялары, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттары партиясы, «Отан» республикалық саяси партиясы және Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы. Кейінгі 2 жылда партиялық алаңда жаңа партиялар пайда болды – «Асар», «Қазақстанның демократиялық таңдауы», Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы, «Қазақстанның демократиялық партиясы» Халықтық партиясы, «Руханият» («Қайта өрлеу» партиясының мұрагері). Нәтижесінде, 2004 жылғы сайлауда парламенттік партиялар мәртебесі үшін күреске 12 партия түсті, олардың 4-еуі келесі сайлау блоктарына бірікті: Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партиялары кірген «Еңбекшілердің аграрлық-индустриялық одағы» («АИСТ»), сондай-ақ «Коммунистердің оппозициялық халықтық одағы және ҚДТ». Саяси партиялардың бірігу үрдісі одан әрі жалғасын тапты. 2006 жылы «Отанға» «Асар», Аграрлық және Азаматтық партиялар кірді. Сол жылы «Отан» партиясының кезектен тыс Х съезінде «Отан» Республикалық саяси партиясын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы деп қайта атау туралы шешім қабылданды. Партиялардың «Нұр Отан» базасында топтасуы саяси ұйымдардың прогрессивті қайта құру жолында бірігуге дайын екенін көрсетті.
Осы арқылы елімізде Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея және басқа да «Азия жолбарыстарының» тәжірибесі бойынша үстем саяси күші бар көппартиялы модельдің алғышарттары түзіле бастады.
Бұл мемлекеттер түбегейлі экономикалық және саяси жаңғырулар үшін өзіне жауапкершілік ала алатын жетекші партияға сүйенген күшті саяси көшбасшының арқасында жетістікке жетті. Әлемдік тарих жылнамасында ХХ ғасырда өз елін жетістікке жеткізген атақты реформаторлардың есімдері белгілі. Айталық, Германияның алғашқы Федералды канцлері Конрад Аденуэр соғыста күйреген елдің өнеркәсібін қайта қалпына келтірудегі жетістіктерімен танымал. Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік бірқатар саяси, заңнамалық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер жасай отырып, қазіргі Түркияның негізін қалады. Сингапурдің бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю «үшінші әлемдегі» экономикалық тұрғыдан артта қалған елді ең дәулетті мемлекеттердің біріне айналдырды. АҚШ Президенті Франклин Делано Рузвельт өндірісте, ауыл шаруашылығында, қаржы, энергетика, еңбек қарым-қатынастарында құрылымдық реформаларды қамтамасыз ете отырып, өзінің «Жаңа бағытын» іске асырды.
Дәл осылай Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысы да Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың атымен тығыз байланысты. Тап осындай көшбасшылар туралы Уинстон Черчилль «мемлекеттік қайраткерлердің саясаткерлерден айырмашылығы сол, олар келесі сайлауды емес, болашақ ұрпақты ойлайды» деген болатын.
Елбасының мемлекеттің қарқынды дамуына ықпал еткен негізгі саяси институттарды жүйелі түрде дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдары қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың басты кепілін, қазақстандықтардың маңызды құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етуге, мемлекеттік егемендікті бекітуге, сондай-ақ тиімді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Тұңғыш Президент құрған «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуының катализаторына айналып қана қоймай, сонымен бірге ол еліміздің болашақтағы жетістігіне қуатты серпін берді. Елбасы 2006 жылы Демократиялық реформаларды әзірлеу және нақтылау бойынша мемлекеттік комиссия құру бастамасын көтерді. Оның нәтижесінде 2007 жылғы Конституциялық реформа саяси партиялардың рөлі мен мәртебесін айтарлықтай өзгертті. Осылайша, Мәжіліске депутат сайлаудың пропорционалды сайлау жүйесіне толықтай өту қамтамасыз етілді. Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, Үкіметті парламенттік көпшілік қалыптастыратын болды. Партиялық фракциялардың рөлі және депутаттардың ұжымдық жауапкершілігі күшейтілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжіліске 9 депутат сайлау құқығын иеленді. Мемлекет басшысының саяси партияны басқару құқығына салынған тыйым алып тасталды.
Нәтижесінде, Мәжіліске сайлау алғаш рет толығымен пропорционалды жүйе бойынша өтті. Бұл партиялар мен олардың жетекшілерінің жауапкершілігін едәуір арттырды. Енді ел аумағы бойынша 7%-тік тосқауылды еңсеру үшін тек қана жекелеген елді мекендерде, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда және т.б. сайлаушылардың жергілікті қолдауына арқа сүйеу жеткіліксіз болды. Тәжірибе көрсеткендей, партиялардың көпшілігі уақыт талабына бейімделе алмады.
2007 жылғы парламенттік сайлаудың нәтижесінде сайлау науқанына қатысқан 7 партияның ішінен «Nur Otan» барлық 98 депутаттық мандатқа ие болды. Конституциялық реформаға сәйкес 107 орынның 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары арасында бөлінді. Қалған 6 партия 7%-тік тосқауылды еңсере алмады. Осыған байланысты ел болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, сондай-ақ Парламенттің төменгі палатасын инклюзивтілік және репрезентативтілік қағидаттарымен жасақтаудың маңыздылығын ескере отырып, «Нұр Отан» сайлау қорытындысы бойынша заңда белгіленген 7%-тік тосқауылды еңсермегеннің өзінде, кемінде 2 партияның қатысуымен Мәжілісті құрудың құқықтық тетігін енгізуге бастамашы болды. Тиісті өзгерістер «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға 2009 жылы енгізілді. Сондай-ақ, алғаш рет халықаралық тәжірибе негізінде саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыру тәртібін реттейтін бап енгізілді. Қаржыландыру көлемі сайлау қорытындылары бойынша алынған дауыстар санына сәйкес есептелетін болды: сайлаушының әр дауысы үшін ең төменгі жалақы мөлшерінің 3%-ін құрады. Бүгінгі таңда көппартиялы жүйесі бар 100-ден астам елде саяси партияларды тікелей мемлекеттік қаржыландыруды заңнамалық түрде бекіту бар. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, партияларды мемлекеттік қаржыландыру – партиялардың жекелеген ықпалды топтардың мүдделеріне тәуелді болмауына мүмкіндік беретін партиялық плюрализмді қолдаудың заңды құралы. Бұл сайлауға қатысуға да, сайлауаралық кезеңде саяси қызметті ұйымдастыруға да тең мүмкіндіктер береді. Мәселен, Аустрияда партияны мемлекеттік қаржыландыру көлемін жалпы партия бюджетінің 25%-нен асыруға рұқсат етілсе, ол Германияда – 30%, Швецияда – 84%-ке дейін, ал Португалияда – 90%-ке дейін құрайды. Осылайша, елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси партияларды институттандыруға бағытталған дәйекті реформалары ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерді еңсеруге жүйелі жағдай жасап, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етті.

Үшінші кезең. Көппартиялықтың қазақстандық моделінің қалыптасуы.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесінде «Қазақстан-2030» стратегиясында белгіленген даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық басты көрсеткіштері, соның ішінде ЖІӨ-нің өсу қарқыны, жан басына шаққандағы табыс деңгейі, сондай-ақ тартылған шетелдік инвестициялар көлемі бойынша Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы барша мойындаған көшбасшылардың біріне айналды. Шекараны заң жүзінде рәсімдеу секілді жас мемлекет үшін өмірлік маңызды мәселе шешілді. Мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілді, азаматтық қоғамның белсенді дамуына серпін берілді. Қазақстан барлық дерлік жетекші халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналды, әлемдегі көптеген елдермен сенімді қарым-қатынасын орнықтырды. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып, ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Дегенмен, қазақстандық оппозицияның жекелеген өкілдері және бірқатар халықаралық сарапшылар тарапынан партияаралық бәсекелестікке қажетті жағдайдың жоқтығына қатысты сын айтылды. Осыған байланысты 2012 жылы жаңа заңнамаға сәйкес кезектен тыс парламенттік сайлауды өткізу қоғамдық-саяси процестердің дамуына үлкен түрткі болды.
Сайлау қорытындысында Мәжіліске 3 партия өтті: «Нұр Отан» (80,99%), «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,47%) және Қазақстан Коммунистік халық партиясы (7,19%). Елде үстем саяси күші бар көппартиялы жүйе құрылды.
«Нұр Отанның» айқын жеңісі елде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін растап, Елбасыға 2012 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан–2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа да өршіл стратегиясын ұсынуға мүмкіндік берді. Билік тармақтары арасындағы тежемелер мен теңестірмелердің қолданыстағы жүйесін жетілдіру, орталық пен аймақтар арасындағы өкілеттіктерді ажырату, орталықсыздандыру негізінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағыты бүкіл саяси жүйенің орнықтылығының кепілі ретінде көппартиялы модельді одан әрі нығайту қажеттілігін айқындады. Белгіленген саяси бағытты ескере отырып, партиялар өз қызметінің идеологиялық ұстанымына елеулі түзетулер енгізді. Осылайша, «Нұр Отанның» кезектен тыс XV Съезінде алғаш рет оның миссиясы мен құндылықтары нақтыланып, партияға жүйелі ребрэндинг жүргізілді. Дауыс беру арқылы қабылданған, кейін Саяси тұғырнама деп қайта аталған Доктринада тұжырымдалғандай, «Нұр Отан» – жалпыұлттық бірлік негізінде халықтың басым бөлігіне сүйенетін центристік саяси партия. Осы стратегиялық құжатқа сәйкес, «партияластар үшін басты құндылық – елдің Тәуелсіздігі, ал басты идея – Қазақстанның өркендеуі». «Нұр Отан» партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерін қайта форматтау, сондай-ақ электрондық сервистер құру, сервистік және әлеуметтік топтарға бағдарланған тәсілдерді енгізе отырып, жаңа партиялық жобаларды іске қосу арқылы электоратпен өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттырды. Жастарға баса назар аударылды. 2015 жылдың сәуірінде, кең көлемде талқылаудан кейін алғаш рет 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» жастардың табыс жолы» атты бағдарлама қабылданды. «Жас Отан» жаңа буынның мүддесін білдіретін, жастарды біріктіру әлеуеті зор, ірі саяси жастар ұйымы ретінде қалыптасты. Елді әрі қарай жаңғырту бойынша кең ауқымды жоспарлар батыл жүйелі шараларды талап етті. Осылайша, партияның XVI электоралды Съезінде Елбасы 2015 жылғы сәуірдегі президенттік сайлауға түскен кандидат ретінде тәуелсіз Қазақстанның болашақ дамуына қатысты көзқарасын ұсынды. Билеуші партияның Лидері өзінің «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет: бес институционалдық реформа» атты сайлауалды бағдарламасында негізгі басым міндеттерді белгілеп берді: мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және экономиканың тұрақты дамуы, Болашағы біртұтас ұлт құру, сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Сайлау қорытындысы бойынша Елбасы, партия Лидері Н.Ә.Назарбаевты қазақстандықтардың 97,75%-і қолдады, ал бір жылдан кейін парламенттік сайлауда «Нұр Отан» сайлаушылардың 82,15% дауысын жинап, жетістікті бекемдей түсті. 7%-тік межені еңсеріп, Мәжіліске «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстан Коммунистік халық партиясы да өтті. Осылайша, елде әртүрлі пікірлер мен мүдделерді білдіруге, сондай-ақ саяси бәсекелестік пен плюрализмді дамытуға жағдай жасайтын үстем саяси күштің болуын көздейтін көппартиялы жүйе бекіді. Сайлауда конституциялық басымдыққа қол жеткізген «Нұр Отан» Елбасының басшылығымен сайлауалды уәделерін жүзеге асыруға дереу кірісті. 2017 жылғы Конституциялық реформа және 2018 жылғы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер Парламенттің рөлін едәуір нығайтып, Үкіметтің жауапкершілігін арттырды. Парламенттік партиялар атқарушы билікке әсер етудің нақты тетіктеріне қол жеткізді: енді Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өкілеттіктерін доғаруы тиіс болды, ал депутаттар Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдау нәтижелері бойынша қызметінен босату туралы мәселе қою мүмкіндігін иеленді. Пропорционалды сайлау жүйесіне толығымен көшу заңнамада бекітілді. Енді барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары да партиялық тізімдер бойынша сайлана бастады.
Пропорционалды жүйеге көшу туралы шешім Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне және Economist Intelligence Unit аталатын демократия индексіне сәйкес «толыққанды демократия» қатарына кіретін озық дамыған 30 елдің тәжірибесі бойынша қабылданды. Бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЕЫДҰ) мүше ең дамыған елдердің 62%-і (31 елдің 23-і), мәселен, Аустрия, Бельгия, Дания, Ирландия, Норвегия, Түркия, Швейцария, Швеция, Финляндия сияқты елдердің өкілетті органдары пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақталады.
Партиялық тізім бойынша сайлауға жүйелі көшу саяси партияларды институционалдық нығайтуға бағытталды және ол географиялық, өңірлік, демографиялық, рулық, этникалық-діни сипаттағы ішкі қатерлердің тігісін жатқызуға мүмкіндік берді. Барлық деңгейлердегі депутаттардың, сондай-ақ тұтастай алғанда партиялардың сайлауалды бағдарламалары мен электоралдық уәделерін орындау үшін дербес және ынтымақты саяси жауапкершілігі артты.
Демократиялық өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашқан конституциялық реформаны аяқтағаннан кейін 2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті халық пен мемлекеттің мүдделерін басшылыққа ала отырып, президенттік өкілеттігін тоқтату жөнінде тарихи шешім қабылдады.
Елбасы «Nur Otan» партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы лауазымдарын сақтап қалды. Конституцияға сәйкес Сенат Төрағасы, халықаралық аренада да, ел ішінде де кең танымал мемлекеттік және саяси қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін атқарушы болды. Сәуірде өткен «Nur Otan»-ның Съезінде партия Төрағасының ұсынысымен делегаттар Қ.К.Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуды бірауыздан қолдады. 2019 жылғы маусымдағы сайлауда «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасымен айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған Президент ретінде ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзінде: «Ең алдымен, мен Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру, Бес институционалдық реформаны және мемлекетіміздің басқа да маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін боламын. Нақтырақ айтқанда, мен Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру жолында еңбек ететін боламын», – деді. Кейінірек, сол жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында: «біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздіңқоғамдық-саясиөмірін жаңғыртпай, табыстыэкономикалықреформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз», – деді.
Сондай-ақ, Президент «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидатына негізделген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бастамашы болды. Билік пен халықтың тұрақты және тең құқықты диалогын жолға қою мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Саяси реформаларды іске асыру аясында «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, саяси партияларды тіркеу үшін шекті тосқауыл – 40-тан 20 мың адамға дейін екі есеге төмендетілді. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үлесінің 30%-тік квотасы енгізілді. Парламенттік оппозиция институты заңнама жүзінде бекітілді. Бұл парламенттік азшылық партияларының мүмкіндіктерін кеңейтті. Митингілер мен шерулер туралы заңнама ырықтандырылып, оларды өткізуге рұқсат алу хабарландыру сипатына ауысты. Қоғам тарапынан саяси модернизацияға деген талаптың артуы билеуші «Nur Otan» партиясының қызметі мен өзін «қайта жандандыру» қажеттілігін өзекті етті. Бұл Парламент Мәжілісі мен алғаш рет толығымен партиялық тізім бойынша өткелі тұрған мәслихаттардың алдағы сайлауына орай ерекше маңызды бола түсті. Осыны ескере отырып, Елбасы, Партия Лидері Н.Ә. Назарбаев 2019 жылғы тамызда «Nur Otan»-ның кеңейтілген Саяси кеңесінде «Сенім. Диалог. Болашаққа нық сенім – партияның 7 серпіні» атты жүйелік «қайта жандандыру» бағдарламасын ұсынды. «Қайта жандандыру» «Nur Otan»-ға ядролық электоратын топтастыруға, өз қатарында кең ауқымды «тазалау» жүргізуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік берді. Партияластардың жауапкершілігі барлық деңгейде күшейтілді. Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардағы «Nur Otan» депутаттарының белсенділігі еселеп артты.
Ел көлемінде тұңғыш рет «Мықты көшбасшылар – Мықты партия» қағидатымен ішкіпартиялық іріктеу – праймериз өткізілді, ол «Nur Otan»-ға жаңа тұлғаларды тартуға және партиялық тізімді айтарлықтай жаңартуға жол ашты. Идеялар мен бағдарламалардың шынайы бәсекелестігін қамтамасыз ету арқасында қоғамның әртүрлі топтары праймеризге ерекше қызығушылық білдіріп, белсенді қатысты. 10 мыңнан астам кандидат (олардың 40%-і – әйелдер және 30%-і – 35 жасқа дейінгі жастар) 1,5 млн сайлаушыны қамтыған 60 мыңнан астам кездесу мен пікірсайыстар өткізді.
Праймериз халықтың сұранысын өзектілендіріп, ол партияның облыстық, қалалық және аудандық деңгейлердегі 216 сайлауалды бағдарламасына негіз болды. «Nur Otan» өз жұмысының әлеуметтік топтарға бағдарлануын қамтамасыз етті. Партия мақсатты жобалар арқылы сайлаушылардың нақты топтарының – ардагерлердің, жастардың, әйелдердің, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және азаматтардың басқа да санаттарының заңды мүдделерін қорғауды күшейтті. Пандемия жағдайында Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Н.Ә.Назарбаев «BizBirgemiz» акциясына бастамашы болды. Отандық бизнестің қолдауымен 2 миллионнан астам адам жалпы сомасы 34 миллиард теңгеге тікелей қаржылық көмекпен қамтылды, 320 мың отбасы атаулы материалдық көмек алды. «Қайта жандандыру» нәтижесінде билеуші партия халықтың жоғары сеніміне ие болып, алдағы сайлауға үлкен дайындықпен келді. «Nur Otan» коронавирус пандемиясы кезеңінде азаматтарды айқын идеология мен нақты бағдарлар төңірегінде біріктіре отырып, уақыт талаптарына бейімделе білді. «Nur Otan»-ның электоралды стратегиясы қоғамдық пікір көшбасшыларына және беделді партияластарға, әрбір әлеуметтік топтың сұраныстары негізінде әзірленген сайлауалды бағдарламаларға, сондай-ақ сайлаушылармен кең әрі сенімді диалогқа сүйенді. Бюро мүшесі – Премьер-Министрдің басшылығымен әзірленген сайлауалды бағдарлама халық арасында жария талқылаудан өтті. Артынша, «Nur Otan»-ның электоралды Съезінде ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты қоғамның үмітіне жауап беретін жалпы республикалық сайлауалды бағдарламаны жария етті. Жастардың сұраныс-талабы «Жастар – Отанға! – 2025» бағдарламасында көрініс тауып, кейіннен әрбір аудан, қала, облыс бойынша жол карталары қабылданды. Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындысы бойынша партиялардың конфигурациясы бұрынғы күйде қалды: «Nur Otan» – 76 мандат, «Ақ жол» Демократиялық партиясы – 12, ал Қазақстан халық партиясы – 10 мандат алды.
Сонымен қатар, өңірлердегі жұртшылықтың ықтияр білдіруі нәтижесінде бұл жолы мәслихаттарға 5 партия өтті. «Nur Otan» 2,7 мыңнан астам орынға ие болды, қалған 4 партия – «Ақ жол» Демократиялық партиясы, Қазақстанның Халық партиясы, «Adal» және «Ауыл» партиялары жалпы жиынтықта 575 мандат алды.
Жалпы алғанда, 2021 жылы, яғни Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өткен парламенттік сайлау елдің әрі қарай орнықты дамуы үшін айрықша мәнге ие. Біріншіден, сайлау қорытындысы Президент Қ.К.Тоқаевтың басты құндылықтары Тәуелсіздік пен ұлттық бірлік, ал өзегі – сабақтастық болып табылатын Мемлекеттік бағытын қоғамның қолдауы жоғарғы деңгейде екенін растады. Екіншіден, Президент Қ.К.Тоқаевтың «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» тұжырымдамасы аясындағы реформаларының арқасында сайлау жаңа саяси жағдайларда өтті, ол партияаралық бәсекелестікке, азаматтық белсенділіктің артуына және партиялардың институционалдық нығаюына салмақты серпін берді. Үшіншіден, сайлау пропорционалды сайлау жүйесінің алғаш рет ел деңгейінде енгізілуінің пәрменділігін растады және сайлауға қатысқан барлық партияларға мәслихаттар құрамына кіруге жол ашты.
Сайлауды қорытындылай отырып, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Н.Ә. Назарбаев: «Сайлаудың Тәуелсіздіктің 30-шы жылдығында өтуінің символдық мәні бар. Осы уақыт ішінде біз үлкен жолды еңсердік. Көп іс тындырылды. Ең бастысы – жаңа әрі ауқымды мақсаттарға жету үшін сенімді іргетас қаланды» деп атап өтт