Құлқынның құлы көбейген заманда елеусіз нәрседен де қауіп-қатер мен үрей көп. Қазір әр қалада жол бойында ашық жататын құдықтар аз кездеспейді. Елордадан да көп ұшыратасыз. Оң-солын білмейтін бала түгілі, ересек адамның өзі құлауы мүмкін. Қар жауғалы аңғарылмай қалатын ашық құдықтан қауіп көбейді. Біреу үшін олжаның, біреу үшін ажалдың апанына айналған кәріз құдықтары жайлы көп айтылып жүр. Бірақ елеусіз мәселе шешімін табар түрі жоқ.
Өткеннен сабақ алмадық па?
Қалың қар жауғаннан-ақ ашық жатқан құдықты көзі бар жанның өзі көруі неғайбіл. Қазір мектепке қатынайтын баласы бардың қорқынышы үдей түсті. Себебі ашық жатқан кәріз құдықтары жетерлік. Жұрт әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Өз көзімізбен де көрдік. Мысалы, астанадағы А.Бөлекпаев көшесінен – 1, Қабанбай батыр 48 мекенжайындағы тұрғын үйдің жанында 2 құдық ашық жатқанын аңғардық. Бұл маңнан адам көп өтеді, бала да. Ал соның бірі болмаса бірі сол құдыққа ұрынбайды деп ешкім кепіл бере алмасы анық. Осыған дейін құдыққа құлап, мерт болған бала аз емес. 2018 жылы елордада мектеп оқушысы А.Маратова Қошқарбаев көшесіндегі құдыққа құлап, көз жұмды. Оның өзінде бір тәулік табылмай, құдыққа тағы бір бала құлап, астында екінші адамның денесі жатқанын байқаған соң анықталды. Бүтін елді дүрліктірген тағы бір оқиға – 2019 жылдың басында болғанын білеміз. 13 жастағы бала 3 күн бойы жоғалып кетіп, денесі ашық жатқан құдықтың ішінен табылған болатын. Сол кезде ел шулап, осы мәселені түбегейлі шешуді сұраған. Әкімдер құдықтарды күнделікті тексеріп тұруды нықтап тапсырған еді. Дегенмен өткен оқиғалар сол күйі ұмытыла бастағандай. Ал тұрғындардың ішінде жақыны осындай оқиғаға ұшырағаннан кейін үрейленіп жүретіндер бар. – Осыдан 3 жыл бұрын сіңлім көз жұмды. Елордадағы ашық жатқан құдықтардың біріне құлап, мерт болған. Әр жыл сайын ашық құдықтарды көргенде, ел айтып жатқанда, осы мәселенің шешілмейтінін түсіндік, – дейді Әсем Смағұлова. Кейде жұрт айтып жүретін «біреу құлап өлмесе, әрекет етпейдінің» кебі еске түседі. Бас қаланың жұрты осы мәселені көтеріп жүрген соң қалалық әкімдікке хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева тұрақты тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Ашық қалған құдықтарға қатысты өтініштер iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түседі. Кәріз құдығының қақпағы жоқ екенін көрген тұрғындар осы арқылы байланысқа шығып, ескертсе болады. 24 сағат ішінде қақпағын бекітіп кетуі тиіс. Жыл басынан бері қалада 2 адам құдыққа құлаған, адам өлімі жоқ. Қазір құдыққа жауаптылар тұрақты негізде тексеру жүргізіп жатыр. Оған Полиция департаменті де жұмылдырылған, – дейді ол. Биыл мамырда елорда тұрғыны Алуа Қалиева жүргіншілер жолағы бойындағы ашық жатқан құдыққа құлаған. Абырой болғанда, аман қалды. Бірақ аяғына зақым келіп, арбаға таңылған. Осы жауапсыздық үшін әйел өтемақы талап еткен екен. Бірақ өтемақы төлемек түгілі, жауаптылар құдықтың бетін де жаппаған. Әкімдік «Астана су арнасына», олар жолға жөндеу жүргізген құрылыс компаниясына сілтепті. Айналып келгенде, жауапкершілікті ешкім алмайды. Жауаптыны тапқан күннің өзінде әйелдің құдыққа құлағанын дәлелдеу қиын екен.Құдық қақпағын кім ұрлап, қайда сатады?
Бір ғана елорданың коммуналдық кәсіпорындарының балансында жалпы саны 100 мыңнан аса құдық бар екен. Барлығы өзіндік техникалық сипаттарға ие. Ең қауіптісі – терең құдықтар. Қауіпсіздігін сақтау жұмыстары құдықтың орналасу жері мен қолданылуына қарай жүргізіледі. Ал жабулы жатқан құдықтың шойын қақпағын көбіне үйсіз жүрген адамдар алады екен. Әкімдік келтірер дәйектің сарыны осы. Кейін шойын қақпақты металл қабылдайтын орындарға апарып сатады. 2019 жылы астанада шамамен 90 металл қабылдау орны анықталған, оның 30-ы заңсыз қызметі үшін жабылған. Қазір бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Себебі «темір қабылдаймыз» деген желідегі жарнамадан көз сүрінеді. Осы күні темірдің әр келісі 90-100 теңгеден саудаланып жатыр. Бір қақпақтың салмағын орташа есеппен 20 келі деп қарасақ, әрі кетсе 2000 теңгеге бағаланады. Аса көп қаржы емес, бірақ қақпақты кәсіпке айналдырғандар көп. Мәселен, 2018 жылы 12 кәріз құдығының қақпағын ұрлап, базарға апарып сатқан 43 жастағы қала тұрғыны ұсталған. Қақпақ ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ та әшкере болды. Заңды түрде жұмыс істейтін металл қабылдаушылар кейде зират қоршауын, кабель мен кәріз қақпағын алудан бас тартады. Сондықтан топ мүшелері кәріз қақпақтарын металл сынығына айналдырып өткізген. Осыдан кейін біз металл қабылдаушыларды шола бастадық. Сәкен есімді азаматты тауып, қолымызда екі кәріз қақпағы барын, қанша теңгеге алатынын сұраған едік. Бірақ ол мұндай темірлерді алмайтынын айтып, басын ала қашты. «Люктерді мүлде алмаймын» деп қысқа қайырды. Бәлесінен аулақ дейтін болу керек, көп металл қабылдаушылар осылай айтады. Шамасы, кәріз қақпағын саудалау біз болжағандай ашық емес, жасырын жолмен жүзеге асады-ау. Ал шойын қақпақты ұрлағандарға Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша жаза қаралады. Баукеспе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Нұр-Сұлтанда 2019 жылдың 16 ақпанында Железнодорожный кенті Горький көшесі №22 мекенжайында «Астана су арнасы» МКК қарамағындағы «1 100 орындық мектеп» нысанының жабусыз жатқан кәріз құдығына мектеп оқушысы құлап, мерт болды. Арада 2 жыл өткен соң, биыл ғана қаланың Алматы аудандық №2 соты «Астана су арнасы» МКК кәріз қызметінің басшысы В.Власенконы «абайсызда қазаға ұшырату бабы» бойынша айыпты деп таныды. 6 миллион теңге айыппұлмен құтылды. Бір қарағанда ашық жатқан құдық мәселесі шу шығарардай емес, көз үйренген қарабайыр дүние сияқты. Алайда кей құлаған адамның өмірін жалмап жатқанда бейжай қарау мүмкін емес. Әсіресе, балалар мен қарт кісілерге қиын. Сондықтан тұрғындардың шыр-пыр болатын жөні бар.Мадияр Төлеу