Ұлыбританияда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ұлықталды
Ұлыбританияда  Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ұлықталды
437
оқылды
Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасының депутаттары іргесі бекіп, нығайған, экономикалық әлеуеті арта түскен қазақ елінің жетістіктеріне тілеулестік білдіріп, басқосу өткізді. Осы жиын-тойда Тәуелсіздік туралы кітап та көпшілікке таныстырылып, Елбасы Н.Назарбаевтың елеулі еңбектері жайлы сөз болды. 1991 жылы Қазақстан туралы Ұлыбританияда көп адам біле бермейтін. Ел егемендігін ал­­ғаннан кейін тура бір ай өткен соң екі ел арасында дип­ломатиялық әріптестік орнатылды. Бүгінде Біріккен Корольдік – Қазақстан эко­номикасының ірі инвестор­ларының бірі. 30 жыл ішінде көптеген сала бойынша екі­жақты қарым-қатынас орнатылып, өзара ынтымақтастық жаңа сапаға көтерілді. – Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері таң­ғалдырады. Аяғына енді тұра бастаған жылдары Ұлы­британияның өзінде мұндай ілгерілеушіліктер болды деп ойламаймын. Демократияcы мінсіз мемлекетке айналуымыз үшін 800 жыл қажет болды. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан егемендігін ал­ғаннан бері күрмеуі қиын мә­селелерді шешіп келеді, – деді Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасы­ның депутаты Боб Стюарт. Кембридж университеті Білім беру инновациялары департаментінің директоры профессор Коллин Маклафлин 30 жыл көлемінде еліміздің білім жүйесінің дамуына үлес қосып келе жатқан британия­лықтардың бірі. Әлемдік педагогикада мойындалған ғалым Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты бірегей жобаға өзінің қатысы бар екенін мақтан тұтады. – Назарбаев зияткерлік мектебі өзгеріп, дамып отырды. Мен оны инновациялық-эксп­ерименталды оқу орны деп те атаймын. Білім беру бағдар­ламасы жетілдіріліп, оны ел ішіндегі бүкіл мектепке енгізуге тырысты. Бірегей жұмыс нәтиже беріп, оның пайдасын бүкіл халық көріп отыр деп ойлаймын, – дейді профессор. Іс-шара барысында «Қазақ­станның 30 жылы: оянған Ұлы дала» атты кітап көпшілік назарына ұсынылды. Ол Тәуелсіз Қазақстанның түрлі кезең­дері­не арналған эсселер жиынтығы­нан тұрады. Елдің тарихы, саяси, экономикалық және білім саласындағы реформалары, инвестиция, сыртқы саясаттағы жетістіктері, мәдениет, туризм – бәрі қамтылған. Жобаға беделді британиялық, халық­аралық және қазақстандық сарапшылар тартылды. Кітап 2 мың данамен басып шы­ғарылды. Сондай-ақ оның онлайн нұсқасы қолжетімді бол­мақ.

Мадияр Төлеу