Семей қаласында Kazakhstan Speedcubing Federation командасы алты жарым сағат ішінде 3 мың Рубик кубигiмен Елбасы портретін жинап шығарды. Панноның биіктігі – 2,8 метр, ал ұзындығы – 3,3 метр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кубик жинаушылар туындыны Елбасына арнады. Команда құрамына 11 сынып оқушылары Әлихан Ертұрсынов, Әмір Мырзакәрімов, сондай-ақ «Елбасы медалі» жобасының қола деңгейлі қатысушысы Павел Расчетов және колледж студенттері Дилмар Рахатов пен Жанат Қазез кірді. Бұл туынды олардың биыл жасаған 4-жұмысы. Бұған дейін олар жеңіс күніне орайластырып Әлия Молдағұлованың, туған күндеріне арнап ақын-ағартушы Абай Құнанбайұлы және Әлихан Бөкейханның портретін ұсынған. Жұмыстардың негізгі мақсаты – елімізде «Спидкубингті» насихаттау.