Алтайда дәрігерлер баспаналы болды Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алтай ауданында бірқатар игі шара ұйымдастырылды. Средигор орта мектебіне «Газель» автокөлігінің кілті тапсырылды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа сатып алынған су жаңа шағын автобуспен енді Александровка және Андреевка ауылдарының 20-ға жуық мектеп оқушысы қатынайтын болады. Айта кетейік, бұдан былай балалардың игілігі үшін қызмет атқаратын көлік биыл Семейдегі DAEWОO BUS KAZAKHSTAN кәсіпорнында құрастырылған. Аудандағы тағы бір қуанышты жаңалық – өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде Серебрянка қаласындағы екі тұрғын үй құрылысының аяқталуы. «СТБ-Проект» ЖШС-ның жеке инвестициясы есебінен бой көтерген баспаналар орталық жылу жүйесіне қосылған. Үйдің көлемі 10 сотық бақшалық жерді қоса алғанда 90 шаршы метрді құрайды. Шағын шаһарда қоныстойын тойлап, қуанышқа бөленген отбасының бірі – Шалқар Оразханның шаңырағы. Шалқардың жұбайы Майра Құмархан Серебрянкадағы қалалық ауруханада 2012 жылдан бері педиатр дәрігер ретінде жұмыс істейді. Алты баланың анасы, «Күміс алқа» медалінің иегері балалар дәрігері қызметін де қоса атқарады. Оның жан жары Шалқар да осы емханада фельдшер болып еңбек етеді. «Біз бұған дейін үш бөлмелі пәтерді жалдап тұрған едік. Баспаналы болғанымызға бек қуаныштымыз. Осы қалаға көшіп келіп, өсіп-өніп жатырмыз. Үлкен қызым Дәрия мен ұлым Дарын №4 қазақ мектебінде оқиды. Ділдә қызымыз №1 мектепте білім алады», – дейді Майра Құмархан. Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысовтың айтуынша, өңірде соңғы жылдары құрылыс қарқын алған. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылында аудан орталығы мен ауыл-ауылдарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жүзден астам пәтер пайдалануға беріліп, бірнеше жеке үй бой көтерген. «Бүгін баспаналы болған Майра Құмарханға үй аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімімен берілді. Алдағы бір жоспарымыз – Серебрянка қаласындағы жатақхананы жаңғыртып, тұрғын үйге айналдыру. Жоба бойынша жатақхананы 60 пәтерлі (20 екі және 40 бір бөлмелі) үй ретінде пайдалануға беру көзделген. Демек, 60 отбасы қоныстойын тойлайды. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін «СуҚұрылысПроект» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, ғимараттың техникалық сараптамасы, сумен, электрмен, жылумен қамтуға қатысты құжаттары дайындалды», – дейді аудан әкімі.
Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы