Болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекара қалды
Болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекара қалды
©Айтжан Мұрзанов
477
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жас ұрпаққа үндеу жолдап, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағыт-бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Бұл – Елбасы осыған дейін жариялаған «Мәдени Мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың Жеті қыры» мақалалары мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды логикалық жалғасы деп білемін.

Себебі, еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап Елбасы жариялаған бұл бағдарламалардың әрқайсысында Бірлік пен татулықты сақтап, тарихымызды қастерлеп, жерімізді қорғап, отбасылық құндылықтарымызды арттырып, мәдениетімізді тереңнен танып, рухани жаһанданып, білім алып, бәсекеге қабілеттілігімізді өркендету мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл қағидаттар жиынтығында «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген Елбасы оны болашақ ұрпаққа мирас ету – ортақ борышымыз екенін баса айтқан болатын. Шынымен де, бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ қимылдап, қайсарлықпен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісім-шарттарды бекітіп алды. «Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз» деген Елбасы өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барын салды. Нәтижесінде болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекараны қалдырды. Осындай халқы үшін ерең еңбек сіңірген Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиын­тығында мемлекеттіліктің жан-жақты өркендеуіне ықпал ететін көптеген мәселелер барлық жағынан қамтылды. Бұл қағидаттар жиынтығы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді қазақ халқының тарихында ерекше орынға ие болып, уақыт өткен сайын еліміздің өркендеу жолында еңбек ететін жас ұрпаққа тың қарқын беретін маңызды құжатқа айналатынына сенеміз. Осы бағытта елімізді әлемге танытуда қыз­мет ету – біздің міндетіміз.  Өйт­кені қазақтың тарихы – мақтан етуге лайықты, ерлік пен елдіктің тари­хы. Ендеше, Елбасының ұрпаққа ама­натына адалдық танытып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, Қазақ­станның абыройын асқақтату жо­лында еңбек етуіміз керек.

Байбосынова Ұлжан Мәлікайдарқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жыршы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі