Жұрт неге дүрлікті: ақша аударған адам салық төлей ме?
Жұрт неге дүрлікті: ақша аударған адам салық төлей ме?
338
оқылды
Қоғамда «екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы жасалатын тө­лемдерге салық салу және ба­­қылауға алу туралы» норма қы­зу талқыланып жатыр. Бірақ жұрттың даурығар жөні бар ма еді? Себебі таяуда қабылдануы мүмкін заң жобасын көпшілік дұрыс түсінбей жат­қан тәрізді. Сол үшін тақырыпты егжей-тегжейлі талқылап көрсек.

Тұтынушы талап қоюға дайын ба?

Осы тақырыптың айналасында әңгіме көбейгелі бері кейбір дүкен мен сауда орталықтарының сату­шылары мобильді аударымнан да, төлемнен де бас тартып, қолма-қол саудаласуға көше бастады. Алайда заң жобасының мазмұнын көп­шілік әлі жете түсінбегенге ұқ­сайды. Кәсіпкерлерге болмаса, заң­ның қарапайым азаматтарға еш қатысы жоқ. Яғни, ақша аударғанға салық салынбайды. Бірақ есеп­шотына үздіксіз аударым арқылы қаржы түсіп отырғандар тексеріл­мек. Ол адам егер кәсіпкер болып шықса, салық төлеуі тиіс. Әңгі­менің қаңқу сөзге ұласып кетуіне саудагерлердің септігі тигені сөзсіз. Алайда оларды да кінәлар жөніміз жоқ. Алдымен аударым мен тө­лемнің екі бөлек нәрсе екенін айта кеткен абзал. Мобильді қосымша арқылы жасалатын төлемдерге салық салынғанымен, ақша аудару процесінен салық алу көзделмейді. Бір азамат келесі бір жақынына мобильді қосымша арқылы ақша аударар болса, «салық төлеймін» деп алаңдамауы тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру бас­қармасы басшысының орын­басары Олжас Отар да жұрттың даурығуына негіз жоқ екенін айтып отыр. Салық халық үшін емес, кәсіпкерлер үшін болып тұрғанын айтады. – Біз қайта-қайта ескертіп жатырмыз, мобильді қосымшалар арқылы ақша аударғанда мүлде пайыз ұсталмайды. Тойға немесе қайырымдылық мақсатында қаржы жиналып жатса да салық төлемейсіз. Аударым емес, ең әуелі төлемдерге салық ұсталады. Бұл са­лық кәсіпкерлер үшін. Ал есеп­шотына үнемі ақша аударту арқылы кәсіп еткендерді өзіміз тексеру арқылы анықтаймыз. Бұл заң таң­сық емес, бұрыннан бар, кәсіп­кер­лікпен айналысып, табыс тапқан жан мемлекетке салық төлеуге міндетті. Халыққа еш зияны жоқ. Қайта жұрт саудагерлерден осыны талап етуі керек. Заң жобасы 1 қаңтардан бастап Президентке ұсыналады. Қабылдаған жағдайда іске аспақ», – дейді ол. Олжас Отардың пікірін орын­сыз дей алмаймыз. Дегенмен нақты механиздерін әлі жетілдіре түсу керек сияқты. Аударымдарды тек­сереміз деген сөз салық органдары банк құпиясына көз салатынын аңғартады. Барлық мәселе сатушы мен тұтынушыға тіреледі. Тұтыну­шы әр төлемі үшін түбіртек алуы тиіс, ал жай аударым кезінде тү­бір­тек беріле бермейді. Яғни, кәсіп­кер­дің алған ақшасы табысына есеп­телмейді. Сол үшін ол мем­ле­кетке салық төлемей, оңай құты­лады. Осы тұста мәселенің бір жағы тұ­тынушы талабында екені анық. Тұтынушы талап қоя алса, барлығы заңды түрде іске аспақ. Заң жобасына Мемлекет бас­шысы қол қойса, жаңа жылдан соң немесе келесі жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді. Ал шағын кә­сіпкерлер үш жыл салықтан боса­тылған, онсыз да бірер жыл салық төлемейді, бірақ даурығып жүр­гендері қызық-ақ. Себебі тақы­рып­қа қатысты манипуляция жайлап кетті. Әлеуметтік желіде такси қызметі мен сатушылар шулап жүр. Шындығында бұл кез келген кә­сіпкерге қатысты норма болатын. Кәсіпкер емес адам салық төле­мейді. Екінші жағынан заң жобасы көлеңкелі экономиканың жолын жабуға септеспек. Қаржы министр­лігінің дерегіне сенсек, мобильді қосымшалар арқылы былтыр 35 трлн теңге айналымда жүріпті. Биыл бұл сома 43 трлн теңгеге жет­кен. Егер аталған қаражаттан салық алынса, барлығы бюджетке түседі. Ол ақшаның бәрі ел игілігі үшін жұмсалған болар еді.

Қаржы мамандары не айтады?

Бұл мәселеге байланысты қар­жы саласы мамандарының пікірі санқилы. Барлығы да кәсіпкерлерге салық салынғанын құптайды, бірақ іске асу механизміне келгенде әр­түрлі пікір ұстанады. Мәселен, экономист Мақсат Халық салық органдары бұл заңды енгізуде асы­ғыстық танытқанның кесірінен көлеңкелі экономиканың қанат жаюына қайта жол ашып бергенін айтады. – Бұл заң жобасын қабылдауға әлі ерте. Мобильді төлемдерге қа­тысты заң жобасы Сенатта бекі­тілді, бірақ әлі Президент қол қой­мады. Әуелі мәселенің аражігін ашып алайық. Салық аударымға емес, төлемдерге салынады. Ал ау­дарымдарды зерттеуде банк құпия­сы ашылғалы отыр. Кәсіпкерлер шоттарын көрсетпей, миллион­даған қаражат жасырын айналымда жүретін. Менің ойымша, салық ор­гандары енді банк құпиясына кел­генде кәсіпкер ме, әлде қара­пайым азамат па, талғамай қарай беретін сынды. Кім, қайдан ау­дарып жатыр? Сыйлық па, шаруасы жоқ. Оны алдағы уақытта көреміз. Осы жағдайда банктер зардап шегеді. Ситуацияны түсіндіруге тал­пынып жатқан да банктер. Заң­ның мәні көлеңкелі экономиканы тұсау еді. Банктерге алғыс айтқан жөн болар, себебі олар көлеңкелі экономиканы сәл де болса тұсады. Мысалы, 2019 жылы жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 30 пайыз болса, 2020 жылы 23 пайызға түсті. Банктер қалай әсер етті? Жабайы сауда алаңы дейтін базарларда да мобильді аударымға сенім пайда болды. Сондықтан рес­ми түрде көлеңкелі экономи­ка­ның цифрлы іздері сақталып жат­ты. Салық салынғаны дұрыс, бірақ заң жобасы қазір керек емес, – дейді ол. Осы жайларды тілге тиек еткен маман «салық органдары бұл тә­сілге әлі асықпауы керек еді» деген пікірде. Себебі жұрт әбден ауда­рымға үйренді. Енді азаматтар QR арқылы төлеуге бейімделіп келе жатқан. Осындай заңды құндылық­тарды халық ұғынуы тиіс. Осыған бейімделгенше кеңінен насихаттау қажет екен. Содан кейін барып заңды қабылдағанда жұрт дау­рықпауы мүмкін еді. Саудагерлер қазір түсінбегеннің кесірінен қор­қып отыр, қолма-қол саудаласуға қайта өтіп жатыр. «Осылай салық ор­гандары көлеңкелі қаржыны бюд­жетке аударудың орнына елді одан әрі қашырып алған сыңай­лы», – дейді Мақсат Халық. Ал қаржы сарапшысы Мақсат Серәлі «бұл заңды уақытында қа­былдаған абзал» дейді. Кәсіпкер­лерге немесе халыққа қосымша салық қосылып, ауыртпалық түсіп жатпағанын айтқан ол жаңа заң арқылы тұтынушы құқын қорғауға мүмкіндік туатынын жеткізді. – Ең біріншіден, бұл ойдан шыққан дүние емес. Кәсіпкерлерге салық төлеуге 2023 жылға дейін мораторий енгізілді. Кәсіпкер жал­пы ақша айналымының 3 пайызын төлеу керек болатын. Мәселен, жеңілдетілген форма бойынша кә­сіпкер айына 100 мың теңге табыс тапса, оның 3 мың теңгесін мем­ле­кетке салық ретінде төлеуі қажет. Екіншіден, ақша ай­на­лымын көр­сетпейтін жағдай көп. Енді кәсіп­керге нақты көрсететін жағдай туады. Орталық­тан­ды­рылған сауда орындарында Каспий Pay, QR секілді жүйелер енгізілді. Оның өзі масштабты түрде жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл жүйені салық комитеті уақыт күттірмей алдын ала енгізіп алғаны дұрыс. Әйтпесе 2023 жылы мора­торий біткен шақта қолға алса, екі есе ауыртпашылық болар еді. Сондықтан заңдастырып алу қажет. Үшіншіден, тұтынушы құқығы маңызды. Сауда заңды түрде жүргізіліп, түбіртек берілуі тиіс. Бұл – бүкіл әлемде бар тен­денция. Сонымен жұмыс істеп келе жатыр. Қазір түсіндіру жұмыстарын тия­нақтау қажет. Бұрыннан бар нәрсе, ешкім салықты көбейтіп жатқан жоқ, – деді Мақсат Серәлі. Қорыта айтқанда, салық ор­ган­дарының айыбы – елге заң жоба­сын алдын ала нақты түсіндіре ал­мағаны. Соның салдарынан шу шықты. Енді үріккен елге қайтадан жөндеп ұғындыру қиын секілді. Оның үстіне саудагерлер қайтадан қолма-қол ақша сұрай бастады. Әйтпесе заң жобасының мемлекет үшін пайдасы бары жасырын емес. Кәсіп етіп, несібесін тапқан адам салығын да төлеуі міндет. Ал сіз бен біздей кәсіпсіз азаматтар «салық төлеймін» деп дүрлікпесе де бо­лады.

М.Төлеу