Үй құрылысы партиялық бақылауға алынды
Үй құрылысы партиялық бақылауға алынды
432
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев «Nur Otan» партиялық бақылау комис­сия­­­сының отырысында өңір­де тұрғын үй қорын ренова­ция­лау және күрделі жөндеу қалай жүріп жатқаны туралы ай­тып берді. Қазіргі күні Қы­зыл­жар қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 53 көппәтерлі үй салынып жатыр. «Жалға берілетін 8 комму­налдық үйдің ішінде биыл Петро­павл қаласы мен Мамлют ау­данында 330 пәтерлік 4 үй пай­далануға беріледі. Сонымен қатар 1 583 пәтерлік 15 несие үйін пай­далануға беру жоспарланған. Бұл іс-шаралар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде «От­басы банк» АҚ бірыңғай операторы арқылы жоспарланады. Жеке ин­вес­тициялар есебінен Петропавл қаласы мен Шал ақын ауданында 1367 пәтерлі 23 үй салынуда», – деді Сәтжан Аблалиев. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй қорын ре­новациялау арқылы облыс ор­та­лығындағы 3 учаскедегі құры­лыс­тар бұзылатын болды.  Олардың арасында Алтынсарин – Амангелді – Позолотин көшелерінің шека­расындағы учаскелер, Новаторная – Ш.Уәлиханов көшелері және Жамбыл – Партизанская – Парковая учаскелері бар. СҚО әкімі орынбасарының айтуынша, бұл жерлерде 221 пәтерлік көпқа­батты үш үй салынатын болады. Сонымен қатар облыста тұр­ғын үйді күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірде 1 837 көпқабатты тұрғын үй бар. 2011-2020 жылдар аралығында бағдарлама аясында 170 үй жөн­делді, 2021 жылы 15 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізу жос­пар­ланып отыр. Жұмыстар бюджет қаражаты есебінен атқарылады. Партиялық бақылау комис­сия­сының отырысында «Nur Otan» партиясы Петропавл қала­лық филиалы мен «Болашақ» бас­тауыш партия ұйымында пар­тия­лық бақылауды ұйымдастыру және партия ішіндегі тәртіпті нығайту мәселелері тал­қы­ланды.