Қазақстан «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай оның электр энергиясын өндірудегі үлесін 50%-ға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ халықаралық қауымдастық алдында 2060 жылы көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдаған. Алда осындай перспективалы жоспарлар тұрғанда құзырлы органдар жаңартылатын энергия көздерін дамытудың орнына экономикалық тұрғыдан тиімді әрі экологиялық таза Шүлбі мен Өскемен СЭС сияқты өндірістерді арабтарға неге сатып жатқаны түсініксіз? Қазір әлемнің жетекші елдері экологияға миллиондаған тонна зиянды қалдық шығаратын жылу электр стансаларынан бас тартуда. Ал біздің мемлекет болса әлі күнге энергияның 70 пайызын қоршаған орта үшін аса зардапты көмірден өндіріп келеді. Сондай-ақ электр қуатының 15 пайызы су көздерінен алынады. Бұл әрине сонша көп емес, бірақ мұнай мен газ энергетикасымен салыстырғанда әлдеқайда қомақтырақ. Оның үстіне су энергиясының экологияға тигізер зияны аз. Мұндай нысандарды салу және пайдалану ауызсудың химиялық және физикалық қасиеттерін өзгеріске ұшыратпайды. Сарапшылар алдағы уақыттарда экологиялық таза энергия өндірісі дәстүрлі энергия тасымалдаушыларды қолданыстан мүлдем ығыстырып шығатынына сенімді. Елімізде су-энергетика құрылысының нысандарынан басқа 200-ден астам шағын және орташа су электр стансасы салынған. Гидроресурстардың басым бөлігі – шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірлерде. Олардың ең ірілері – Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен, Қапшағай. Басқа кіші су электр стансалары Сырдария, Шарын, Қаратал, Шу, Лепсі, Талғар, Қорғас, Тентек, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. СЭС-тар жыл сайын 170 млрд кВт энергия өндіреді. Ірі СЭС-тердің барлығы энергия жүйесі құрамындағы жылу стансаларымен үйлестіріле кешенді пайдаланылады.
Стратегиялық нысанды сату қаншалықты тиімді?
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Шүлбі мен Өскемен СЭС-ге күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Бірақ оған көптен бері инвестор табылмаған. Ал күрделі жөндеу жұмыстарынсыз су стансаларының өндірістік қуаттарын толық көлемде пайдалану мүмкін болмапты. Сондықтан Үкімет аталған екі су электр стансасын әбу-дабилік компанияға сату туралы шешім шығарған. Әйтсе де, Шүлбі мен Өскемен СЭС шетелдіктерге басы бүтін берілмейді. Олардың меншіктік құқығының 75 пайызы инвесторға, қалғаны мемлекетке тиесілі болмақ. «Бұл жоба өте ұзақ талқыланды. Шүлбі стансасы жетілдіру арқылы қуатын тағы 500 мегаваттқа арттыра аламыз. Араб серіктестер екі су стансасын жетілдіруге құны 6 миллиард АҚШ доллары болатын инвестиция салуға әзірлігін растады. Бұл қаржы тек су электр стансаларына жұмсалмайды – жаңартылған энергия көздерін табуға, оңтүстікте газ генерациясына бағытталады», – деді Энергетика министрі. Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аталған екі ірі су электр стансасын жекешелендіру мамыр айына жоспарланған болатын. Алайда оларға қатысты Жол картасын жүзеге асыру мерзімі өтіп кеткендіктен, сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі 1 желтоқсанға ысырылды. Қазір тәуелсіз консультанттар жекешелендірілетін су стансаларының құнын халықаралық стандарттарға сай нақтылап жатыр, бұл жұмыстар әлі аяқталған жоқ, сондықтан олардың нарықтық бағасы туралы айтуға әлі ерте. Энергетика саласының маманы, экономист Әсет Наурызбаев Шүлбі мен Өскемен СЭС сатылғаннан кейін олардың қызметіне қойылатын талаптардың қалай өзгеретіні және станциялардың қандай тәсілмен табыс табатындығы түсініксіз екенін айтады. Мүмкін шетелдік компания стратегиялық маңызды нысандарды қолға түсіргеннен кейін су реттеу қызметі үшін шектен тыс тариф белгілеп, кірісін үстемақы арқылы молайтуға мүдделі шығар? «Егер жаңа меншік иесі Ертіс өзеніне контрреттегіш салатын болса, онда Шүлбі ГЭС-і реттеуші қуаттың бірегей иесіне айналады. Сөйтіп, тұтынушы шетелдік инвесторға тікелей тәуелді болып қалады. Мұндай жағдайда монополист қызмет құнын бес-он есе көтеріп жіберуі де ғажап емес. Ондай келеңсіздіктер талай рет болған. Сондықтан шетелдік компаниямен шарт жасасқанда бұл жайттар алдын ала келісілуі тиіс»,– дейді Әсет Наурызбаев.ГЭС монополияға айналуы мүмкін
Жалпы, көпшілік мемлекеттер стратегиялық маңыздағы нысандарды шетелдік инвестордың қарамағына өткізбек түгілі, жекенің қолына бермейді. Ал біз әңгімеге арқау етіп отырған қос су стансасының қоғам үшін энергетикалық маңызы үлкен. Өткен көктемде бір топ мәжілісмен Өскемен және Шүлбі ГЭС-нің шетелдіктерге сатылуына наразылық білдірген. Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Решетников су электр стансаларын мемлекет меншігінен алынып, инвесторларға берілуі – тарифті жеке саудагердің өз бетінше белгілеуіне әкеп соқтырады деген қауіп білдірді. – Әрине, су стансаларын жекеменшікке беру мемлекет үшін тиімді. Үкімет бұл жағдайда нысандарды ұстап тұру, жөндеу және пайдалану шығындары үшін басын ауыртпайтын болады. Әйтсе де, өзіндік құнның нарықтағы көтерме бағаға қатынасы тұрғысынан алғанда – бұлар елдегі ең табысты электр стансалары. Олардың жұмысы мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түсірмейді», – деді Сергей Решетников. Мысалы, 2019 жылы Өскемен ГЭС-нің кірісі – 1,8 миллиард теңге, Шүлбі ГЭС-нің кірісі 1,2 миллиард теңге болған. Ал стансалардың барлық ағымдық шығындары мен күрделі жөндеулері мемлекеттің көмегінсіз, өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Әдетте мемлекет пен халықтың мүддесіне үлкен зиян келтіруі мүмкін немесе ел қорғанысына қауіп төндіруі ықтимал нысандар стратегиялық маңызға ие. Ал олардың қаржылық жағдайынан басқа, әлеуметтік, экологиялық қырын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Ал енді, шағын су қоймаларындағы барлық гидроқұрылыстарды жекеменшікке берудің салдары алапат апаттарға, орны толмас өкініштерге ұрындырып жататыны сирек емес. Мәселен, 2010 жылы көктем туа Қызылағаш ауылында осындай қайғылы бір оқиға болды. Онда су қоймасы жарылып, ол 45 адамның өмірін өзімен бірге ала кетті, соның 15-і балалар. Ресейде Саян-Шушенск ГЭС-і жарылуынан 70 адамның қаза тапқаны есте. Сондықтан ГЭС-ның экономикалық субъектілер ғана емес, аса үлкен қауіп ошағы екенін де ойдан шығармаған абзал. Ал контрреттегіш салынғаннан кейін Шүлбі ГЭС-і бірден нарықтағы маңызды ойыншыға айналады. Су электр стансалары Ертістегі гидрологиялық режимді реттейтінін ұмытпау керек. Су әлеуеті тұрғысынан елдегі ең үлкен өзеннің бойынша үш станса тұр, олар энергетикада ғана емес, экономикада да маңызды рөл атқарады. Осыдан кейін мұндай құрылыстар мемлекет меншігіне қайтарылып, оларға қызмет көрсету үшін Арнайы мемлекеттік кәсіпорындар құрыла бастады еді. Енді мұндай стратегиялық нысандардың қайтадан жекешелендіріліп, шетелдіктерге беріле бастауы ойлантады. Мүмкін, бұл сатып алулардың сыртында біреудің мүддесі тұр ма деген күмәннің құлағы қылтияды.