Барар жеріңе жеткенше, сағатыңа қараумен тағатың да таусылады. Бұл әсіресе, Алматының тұрғындары үшін қалыпты жағдай. Былайша айтқанда, уақытымыздың көп бөлігі жолда өтуде.
Қазір бір үйде орта есеппен екі-үш көліктен бар. Ешкім жаяу жүргісі келмейді. Қоғамдық көліктерге отыру дегенің уақытыңды зая кетірумен бірдей болды. Неге дейсіз ғой. Автобустарды 10-20 минут, кейде тіпті жарты сағат күтесің. Автобус жүргізушілерінің аялдамаларда тұрып алатынын айтпаған күннің өзінде кептелістің өзіне көп уақыт жұмсайсың. Сол себепті, барар жеріңе 1-1.30 сағат бұрын шығуыңа тура келеді. Қаланың шеткері аймағында тұратын адамдардың үйінен 2 сағат бұрын шығатыны да сондықтан. Аталған мәселені оңтайлы шешудің жолы қоғамдық көліктердің жолын жеңілдету екені сөзсіз. Бүгінде осы мақсатта еліміздің әр аймағындағы қоғамдық көліктер қатынайтын жолдарға Bus Lanе жолағы төселуде. Бұл әрине, бірінші кезекте автобуспен жүретін жолаушылар үшін қолайлы әрі қоғамдық көлікпен қатынайтын адамдардың санын да арттыра түспек. Bus Lane – қала көшелеріндегі қоғамдық көліктің кедергісіз қозғалысына арналған арнайы бөлінген жолақ. Қоғамдық көлік жолағын енгізу – автобус маршруттарының жылдамдығын арттырып, уақытын қысқартуға, қоғамдық көліктің кептелісте тұруы, қозғалыс кестесінің бұзылуы секілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қалыптасқан тұрақтардың қысқаруына септігін тигізеді.Қалалық қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолдар, яғни «жолақтар» Африка және Шығыс Азиядағы ең кедей мемлекеттерден басқа барлық мемлекеттерде бар. Алғаш рет бұл жолақтар 1940 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында салынған. Ал Еуропа құрлығында арнайы жолақтар алғаш рет Гамбургте (Германия, 1963) қолданыла бастады. Олардың тәжірибесі табысты болғаны соншалық, мұндай жолақтардың төселу жолын басқа мемлекеттердің мамандары келіп үйренетіндей стандартын жасау қолға алынды. Қоғамдық көліктерге арналған жолақ 1964 жылы – Парижде, 1968 жылы Лондонда алғаш рет қолданысқа енгізілді.Бір қызығы, Германияда қоғамдық көліктердің қаладағы қозғалыс жүктемесіне қарамастан, автобустар кестеге сәйкес дәл келеді екен. Ол жақта электр пойызы кешігуі мүмкін, ал автобустар мүлдем кешікпейді. Жолдың көп бөлігінде автобустар «рельспен жүрген трамвайлар» секілді еркін жүреді. Бұл дегеніміз, немістердің арнайы жолақтарды өте тиімді қолдана білетінін аңғартады. [caption id="attachment_173873" align="aligncenter" > Фото: astana.gov.kz[/caption] Қазақстанда Bus Lane жолағын пайдалану бертін келе қолға алына бастады. Бұл бастама елімізде Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы және Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Мамандардың айтуынша, бұл жоба автобустардың жол жүру кестесін анықтап қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігін де күшейтеді. Сонымен қатар автобустардың қатынау уақыты 30 пайызға артады. Дегенмен қазіргі кезде жаңа жобаның қолданысқа енуіне көлік жүргізушілердің басым бөлігі наразылық танытуда. Жобаға шағым айтқандардың дені онсыз да тар көшелердің тынысын арнаулы жолақтар одан сайын тарылтып тастайтындығын сөз еткен. Ал мамандар «керісінше, Bus Lane жобасы қалада қоғамдық көлікпен жүретіндердің санын арттыра түседі» дейді. Нәтижесінде, көшедегі көлік кептелісі де азаймақ. Бұдан бөлек жедел жәрдем мен полиция көліктерінің шұғыл жағдайда діттеген жеріне дереу жетуге қолайлы жағдай жасалынады. Бұл жаңа енгізілімнің тағы бір ерекшелігі – Bus Lane жобасы жол қозғалысының заңдары мен ережелеріне өзгертулер енгізуді қажет етпейді. Жуырда елімізде ресми тіркелген такси көліктерінің қала көшелерінің Bus Lanе жолақтарымен жүру құқығы қаралып, оң шешімін тапқанын да айта кеткен жөн. «Автомобиль көлігі туралы» заңының 26-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар такси тасымалдаушы ретінде қызмет көрсетудің алдында жергілікті атқарушы органға қолданыстағы «Рұқсат және хабарлама туралы» заңымен белгіленген тәртіпте қызметі туралы хабарлама жіберуге міндетті. Осы арқылы ресми тіркеліп, Bus Lanе жолағын басып өту арқылы мүдделі жеріне тез жетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашыла түспек.
Қазіргі кезде Астана, Алматы қалаларындағы бірнеше көшелерде Bus Lane жолағы төселгелі бері оң өзгерістер орын алып, қоғамдық көліктердің қозғалысы да жеңілденгені анық байқалуда. Игі бастама көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бірден бір жолы саналуда. Қоғамдық көліктердің еркін қозғалысын ретке келтірген Bus Lane жолақтары алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде төселіп, жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы жол жүруіне қызмет ете бермек.