Көлеңкелі экономиканың көлемі кең
Көлеңкелі экономиканың көлемі кең
1,196
оқылды
Елімізде көлеңкелі экономиканың түрлері аз емес. Салық пен кедендік алымдардан жалтарудан бөлек қаржы пирамидасы, жалған шот-фактура жасау, астыртын ойын бизнесі мен алкоголь цехы, псевдолоторея, мұнай ұрлығы және тағы да басқа түрлері бар. Бұлардың барлығы қылмыстық жымқыруға жататын жалған кәсіп болса, одан бөлек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да табысынан салық төлемейді. Бұл – ел бюджеті қарайған қаржыдан қағылып отыр деген сөз. Ал жымқырылған қаражатының үлкен көлемі қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін республикадан сыртқа шығаратынын ескерсек, бұл мемлекетке үлкен залал. Ендеше ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіретін замана кеселімен күрес қалай жүруде?

Заңсыз экономика – 23,69%

Елімізде жыл басынан бері 15 қаржы пирамидасы жабылып, са­лымшыларға 2,3 млрд теңгесі қай­тарылып беріліпті. Алаяқтардың әрекетінен 19 мың адам зардап шек­кен. Одан бөлек, көлеңкелі эко­­номикамен күрес бойынша елі­мізде қазір сотқа дейінгі 490 тергеу жүріп жатыр. Оның 28-і атқарыл­маған жұмысқа/қызметке жалған шот-фактура берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты. Бұл ақпараттардың бар­лығын Қаржы мониторингі агент­тігінің төрағасы Жанат Элиманов жариялаған болатын. Оның ай­туынша, биылғы 8 айда 1 508 эко­но­микалық құқықбұзушылық анық­­талған, оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жа­тады. 36 ұйымдасқан қылмыстық топ­тың әрекеттеріне тосқауыл қо­йылған. Алкоголь өнімдерін шы­ға­ратын 26 жасырын цех пен 224 заң­сыз ойынхана жабылған. Жал­пы, соңғы 4 жылда көлеңкелі эко­номика 29%-дан 23%-ға дейін тө­мендеген екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2019 жылы елі­мізде ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 23,69% бо­лыпты. Бұл ауқымның 11,38%-ы, яғни жартысына жуығы (48%) Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің индикаторы­на – салық пен кедендік алым-жиымдарға тиесілі. Екінші ин­ди­катор формальды (биресми) емес, сек­тордағы кәсіпорындардың вал­дық қосылған құн көлеміне қа­тысты. Яғни, үй шаруашылығы жағ­дайында ешқандай тіркеусіз қолдан өнім өндіріп немесе жеке қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр­ғандар 23,69%-дың 6,2%-ын (26%) құрайды. Осылайша, бұл екі негізгі индикатордың өзі 74% бо­лып отыр. Мұның сыртында қар­жы пирамидасы, мұнай ұрлығы, заңсыз ойын мен алкоголь өндіру, жалған шот-фактура жасау сынды тағы да басқа қылмыстық әрекеттер бар. Биыл 21 қыркүйекте Үкімет қау­лысымен «Көлеңкелі эконо­микаға қарсы күрес бойынша шаралардың 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспары» қа­былданды. Оның нәтижесінде кө­лең­келі экономиканы 2021 жылы 21,5%-ға, 2022 жылы 19,9%-ға және 2023 жылы 18,2%-ға төмендету көзделіп отыр.

Ағартушылық мәдениетті арттыру керек

Көлеңкелі экономиканың Ішкі жалпы өнімнің ширегіне жуық бөлігін алып отырғаны, әрине жақ­сы емес. Бұл – ел қазынасы қарай­ған ақшадан қағылып отыр деген сөз. Мәселен, сөз болып отырған 2019 жылы еліміздің ЖІӨ-сі 181,67 млрд АҚШ доллары болған. Бұл – соң­ғы 5 жылдағы ең үлкен көрсет­кіш. Ал жалпы 1993 жылы бұл вал­дық сома 23,41 млрд болған бол­са, содан бергі 20 жылда ол он есе өсіп, 2013 жылы ең шарықтау шегі 243,78 млрд АҚШ долларына жеткен болатын. Содан бергі алты жылда қайта құлдырап, қайта өскен ЖІӨ былтыр пандемияның салда­рынан 11,2%-ға төмендеп, 163,23 млрд болды. Бұл – Дүниежүзілік банк келтіріп отырған мәліметтер. «Көлеңкелі экономика – ол қай мемлекетте де бар. Оның зиян-зар­дабы орасан зор. Ал жалпы көлең­келі экономиканың ауқымын нақ­ты анықтау, толыққанды есептеп шығу мүмкін емес. Сондықтан да мұндағы қай мәлімет те тек бол­жаммен жасалады. Оны айқындау­дың өзіндік тәсілдері бар. Соның ішінде ең негізгісі – белгілі бір ке­­зеңде күтілетін түсімдер мен нақ­ты түскен түсімнің арасындағы айыр­машылықтар арқылы бағам­дау. Ал оны қалай жеңуге болады деген сұраққа келер болсақ, бірінші кезек­те экономикалық ағарту­шы­лықпен айналысу керек. Белгілі бір кәсіппен айналысатын объек­ті­лердің, оған қоса жеке тұлғалардың да эконо­ми­калық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру керек. Ең бас­ты қадам осыдан басталуы тиіс. Мәселен, кез келген сатып алған та­уарларыңызға немесе қызме­ті­ңізге чек сұрауды әдетке айнал­­дырыңыз. Мұны әрбір қазақ­стан­дық түсінуі керек. Сонда ғана біз кә­сіпкерлерді де ашық жұмыс жүр­гізу мәдениетіне тәрбие­лей ала­мыз», – дейді экономист Асылбек Күздеубаев.

Қолма-қол ақшадан қолайсыздықтар көп

Көлеңкелі экономика дегенде, мұндағы кең тараған қылмыс түрі қолма-қол ақшаға қатысты болып тұр. Кәсіпкерлік субъектілері са­лықтан жалтару, қаражатты қол­ма-қол ақшаға айналдыру мақса­тында іс жүзінде орындалмаған жұ­мыс­тарға, көрсетілмеген қыз­мет­терге, алынбаған тауарларға жалған шот-фактура жазады. Мұндай қыл­мыс­пен күрес кәсіпкерлік субъе­к­ті­лерінің қызметтері бойынша ақпа­раттардың жабық болуына бай­ланысты күрделі боп қалып отыр. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу саласында, квазимемлекеттік сек­торда көлеңкелі айналым өте жо­ғары. Сондықтан да Үкімет был­тыр­дан бастап кешенді күрес жұ­мыс­тарын қатты күшейтіп отыр. Қар­жылық қадағалау органдары жалған шот-фактуралар берумен және қаражатты криминалдық жол­мен қолма-қол ақшаға айнал­дырумен айналысатын 60-тан астам қылмыстық топты құрықтаған бо­латын. Бұл топтар пайдакүнемдік пиғылдарын жүзеге асыру мақса­тында қаржы айналымы 2 трлн теңге болатын 1 200-ден астам ком­панияны пайдаланған. Олар­дың үстінен 47 қылмыстық іс қоз­ғалыпты. Бұл соңғы бес жылдағы ең рекордты көрсеткіш. Соның нә­тижесінде «қолма-қол ақша» дең­гейі осы кезеңде бірінші рет 39%-ға азайып отыр. «Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру проблемасы бұрыннан бар. Бірақ онымен күрестің теріс жағы да жоқ емес. Мәселен, қарсы шаралар кезінде адал кәсіпкер­лер­дің зардап шегіп жататын кездері жиі кездеседі. Олар бір компа­ния­мен бірлесіп жұмыс істеді делік, кейіннен ол компанияны алаяқтар сатып алады да, сол арқылы ақша жымқыра бастайды. Мұндайда қосақ арасында кеткен жазықсыз кәсіпкерлер айыппұл арқалап жа­тады. Дегенмен де көлеңкелі эко­номика бізде бұрыннан гүлдеп ке­леді. Оның бірінші кесірі – салық­тарды аудару мен жинаудың тым аздығы. Өздеріңіз білетіндей, еліміз жыл сайын тиісті деңгейде салық жинай алмай қалып жатады да, дефицитті жабу үшін амалсыздан қайта-қайта Ұлттық қор мен Зей­нетақы қорына қол салуға мәж­бүр. Одан бөлек, мұндай көлеңкелі ақшалар біздің елде көп ретте одан әрі жемқорлық мақсатта және осындай заңсыз қызметке жұмса­лып жатады. Қалай дегенде де, заң­сыз табысты легализациялауға бағытталған түрлі жолға қойылған схемасы бар кез келген көлеңкелі экономика – ол ресми экономи­каның бүйіріндегі жарық секілді ел дамуына үлкен кедергі келтіретін күрделі кесел», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Көлеңкелі экономика – тек ел қазынасын қаржыдан қағып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіретін құбылыс. Өйткені оның бір ұшығы криминалға, тіпті халықаралық терроризмге барып тіреледі. Осы ретте Қазақстан ха­лықаралық «Ақшаны жылыста­ту­мен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының» (FATF) Қылмыс­тық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қар­сы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық филиалының мүшесі екенін атай кету керек. Бүгінде Қаржылық мо­ни­торинг агенттігі мүдделі мемле­кет­тік органдармен өзара әрекет­тесе отырып, 2022 жылы өтетін Өзара бағалаудың екінші раундына дайындық үстінде. Оның нәти­же­сінде «Ұлттық тәуекелді бағалау» шарасы арқылы еліміздің заң­на­масына FATF-тың 40 ұсынымын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Бұл ұсынымдар Қазақ­стан­ның кірістерді жылыстатуға қарсы ин­декс бойынша әлемдік Basel AML Index рейтингінде позиция­сын жоғарылатып, инвестициялық кли­матты жақсартпақ. Қаржы ми­нистрлігі FATF ұсынымдарын ен­гізе отырып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ла­уазымды тұлғаларына және олар­дың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салып отыр. Алдағы уақытта салық орган­дарына кәсіпкерлік субъектілердің түпкілікті бенефициарлары туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік бере­тін заңнама бекітілмек. Ұлттық заңнамалар оффшорлық юрис­дик­цияларға ақшалай аударым бөлігі бойынша жетілдірілетін болады. Бұл жұмыстардың барлығы Мем­лекет басшысының тапсырмасы аясында жүзе асып отыр. Естері­ңізде болса, осы мақсатта қаңтар айында Президенттің Жарлығымен Қаржы мониторингі агенттігі құрылған болатын.

Нұрлан ҚОСАЙ