Заңсыз экономика – 23,69%
Елімізде жыл басынан бері 15 қаржы пирамидасы жабылып, салымшыларға 2,3 млрд теңгесі қайтарылып беріліпті. Алаяқтардың әрекетінен 19 мың адам зардап шеккен. Одан бөлек, көлеңкелі экономикамен күрес бойынша елімізде қазір сотқа дейінгі 490 тергеу жүріп жатыр. Оның 28-і атқарылмаған жұмысқа/қызметке жалған шот-фактура берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты. Бұл ақпараттардың барлығын Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жариялаған болатын. Оның айтуынша, биылғы 8 айда 1 508 экономикалық құқықбұзушылық анықталған, оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 36 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттеріне тосқауыл қойылған. Алкоголь өнімдерін шығаратын 26 жасырын цех пен 224 заңсыз ойынхана жабылған. Жалпы, соңғы 4 жылда көлеңкелі экономика 29%-дан 23%-ға дейін төмендеген екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2019 жылы елімізде ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 23,69% болыпты. Бұл ауқымның 11,38%-ы, яғни жартысына жуығы (48%) Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің индикаторына – салық пен кедендік алым-жиымдарға тиесілі. Екінші индикатор формальды (биресми) емес, сектордағы кәсіпорындардың валдық қосылған құн көлеміне қатысты. Яғни, үй шаруашылығы жағдайында ешқандай тіркеусіз қолдан өнім өндіріп немесе жеке қызмет көрсетіп, табыс тауып отырғандар 23,69%-дың 6,2%-ын (26%) құрайды. Осылайша, бұл екі негізгі индикатордың өзі 74% болып отыр. Мұның сыртында қаржы пирамидасы, мұнай ұрлығы, заңсыз ойын мен алкоголь өндіру, жалған шот-фактура жасау сынды тағы да басқа қылмыстық әрекеттер бар. Биыл 21 қыркүйекте Үкімет қаулысымен «Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша шаралардың 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспары» қабылданды. Оның нәтижесінде көлеңкелі экономиканы 2021 жылы 21,5%-ға, 2022 жылы 19,9%-ға және 2023 жылы 18,2%-ға төмендету көзделіп отыр.Ағартушылық мәдениетті арттыру керек
Көлеңкелі экономиканың Ішкі жалпы өнімнің ширегіне жуық бөлігін алып отырғаны, әрине жақсы емес. Бұл – ел қазынасы қарайған ақшадан қағылып отыр деген сөз. Мәселен, сөз болып отырған 2019 жылы еліміздің ЖІӨ-сі 181,67 млрд АҚШ доллары болған. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Ал жалпы 1993 жылы бұл валдық сома 23,41 млрд болған болса, содан бергі 20 жылда ол он есе өсіп, 2013 жылы ең шарықтау шегі 243,78 млрд АҚШ долларына жеткен болатын. Содан бергі алты жылда қайта құлдырап, қайта өскен ЖІӨ былтыр пандемияның салдарынан 11,2%-ға төмендеп, 163,23 млрд болды. Бұл – Дүниежүзілік банк келтіріп отырған мәліметтер. «Көлеңкелі экономика – ол қай мемлекетте де бар. Оның зиян-зардабы орасан зор. Ал жалпы көлеңкелі экономиканың ауқымын нақты анықтау, толыққанды есептеп шығу мүмкін емес. Сондықтан да мұндағы қай мәлімет те тек болжаммен жасалады. Оны айқындаудың өзіндік тәсілдері бар. Соның ішінде ең негізгісі – белгілі бір кезеңде күтілетін түсімдер мен нақты түскен түсімнің арасындағы айырмашылықтар арқылы бағамдау. Ал оны қалай жеңуге болады деген сұраққа келер болсақ, бірінші кезекте экономикалық ағартушылықпен айналысу керек. Белгілі бір кәсіппен айналысатын объектілердің, оған қоса жеке тұлғалардың да экономикалық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру керек. Ең басты қадам осыдан басталуы тиіс. Мәселен, кез келген сатып алған тауарларыңызға немесе қызметіңізге чек сұрауды әдетке айналдырыңыз. Мұны әрбір қазақстандық түсінуі керек. Сонда ғана біз кәсіпкерлерді де ашық жұмыс жүргізу мәдениетіне тәрбиелей аламыз», – дейді экономист Асылбек Күздеубаев.Қолма-қол ақшадан қолайсыздықтар көп
Көлеңкелі экономика дегенде, мұндағы кең тараған қылмыс түрі қолма-қол ақшаға қатысты болып тұр. Кәсіпкерлік субъектілері салықтан жалтару, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, алынбаған тауарларға жалған шот-фактура жазады. Мұндай қылмыспен күрес кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері бойынша ақпараттардың жабық болуына байланысты күрделі боп қалып отыр. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу саласында, квазимемлекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары. Сондықтан да Үкімет былтырдан бастап кешенді күрес жұмыстарын қатты күшейтіп отыр. Қаржылық қадағалау органдары жалған шот-фактуралар берумен және қаражатты криминалдық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатын 60-тан астам қылмыстық топты құрықтаған болатын. Бұл топтар пайдакүнемдік пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында қаржы айналымы 2 трлн теңге болатын 1 200-ден астам компанияны пайдаланған. Олардың үстінен 47 қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл соңғы бес жылдағы ең рекордты көрсеткіш. Соның нәтижесінде «қолма-қол ақша» деңгейі осы кезеңде бірінші рет 39%-ға азайып отыр. «Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру проблемасы бұрыннан бар. Бірақ онымен күрестің теріс жағы да жоқ емес. Мәселен, қарсы шаралар кезінде адал кәсіпкерлердің зардап шегіп жататын кездері жиі кездеседі. Олар бір компаниямен бірлесіп жұмыс істеді делік, кейіннен ол компанияны алаяқтар сатып алады да, сол арқылы ақша жымқыра бастайды. Мұндайда қосақ арасында кеткен жазықсыз кәсіпкерлер айыппұл арқалап жатады. Дегенмен де көлеңкелі экономика бізде бұрыннан гүлдеп келеді. Оның бірінші кесірі – салықтарды аудару мен жинаудың тым аздығы. Өздеріңіз білетіндей, еліміз жыл сайын тиісті деңгейде салық жинай алмай қалып жатады да, дефицитті жабу үшін амалсыздан қайта-қайта Ұлттық қор мен Зейнетақы қорына қол салуға мәжбүр. Одан бөлек, мұндай көлеңкелі ақшалар біздің елде көп ретте одан әрі жемқорлық мақсатта және осындай заңсыз қызметке жұмсалып жатады. Қалай дегенде де, заңсыз табысты легализациялауға бағытталған түрлі жолға қойылған схемасы бар кез келген көлеңкелі экономика – ол ресми экономиканың бүйіріндегі жарық секілді ел дамуына үлкен кедергі келтіретін күрделі кесел», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Көлеңкелі экономика – тек ел қазынасын қаржыдан қағып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіретін құбылыс. Өйткені оның бір ұшығы криминалға, тіпті халықаралық терроризмге барып тіреледі. Осы ретте Қазақстан халықаралық «Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының» (FATF) Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық филиалының мүшесі екенін атай кету керек. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесе отырып, 2022 жылы өтетін Өзара бағалаудың екінші раундына дайындық үстінде. Оның нәтижесінде «Ұлттық тәуекелді бағалау» шарасы арқылы еліміздің заңнамасына FATF-тың 40 ұсынымын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Бұл ұсынымдар Қазақстанның кірістерді жылыстатуға қарсы индекс бойынша әлемдік Basel AML Index рейтингінде позициясын жоғарылатып, инвестициялық климатты жақсартпақ. Қаржы министрлігі FATF ұсынымдарын енгізе отырып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салып отыр. Алдағы уақытта салық органдарына кәсіпкерлік субъектілердің түпкілікті бенефициарлары туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін заңнама бекітілмек. Ұлттық заңнамалар оффшорлық юрисдикцияларға ақшалай аударым бөлігі бойынша жетілдірілетін болады. Бұл жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзе асып отыр. Естеріңізде болса, осы мақсатта қаңтар айында Президенттің Жарлығымен Қаржы мониторингі агенттігі құрылған болатын.Нұрлан ҚОСАЙ