Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ – Қарағанды облыстық «JasOtan» жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ –  Қарағанды облыстық «JasOtan» жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов
626
оқылды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында шыққан Тұңғыш Президент, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың   «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ» атты түйінді мақаласы өне-бойы өнегелі, ұлағатқа толы. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлының «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады» дегені халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бүгінде еліміз көркейіп, біртұтастығын сақтап отырғанын көрсетеді. 

Шыны керек, Елбасының бұл мақаласын біздің аларымыз көп. Еліміздің 30 жылдық тарихына шолу жасай отырып, қиын кезеңде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен жүк артылғанын сезіндік. Себебі біз секілді тәуелсіздіктің құрдастары мен тәуелсіздікке дейінгі жастардың айырмашылығы жер мен көктей.  Өйткені біз, тәуелсіздік жастары ол үшін күрескен жоқпыз. Сондықтан тәуелсіздіктің дәмін сезіне алмадық, бойымыздан өткізе алмадық. Алайда Елбасының мақаласын оқи отырып, бүгінгі еліміздің тәуелсіз таңы оңай келмегенін түсіндік.

Енді осы ата-бабаларымыздан қалған жерімізді сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру, біртұтас ел болу қиынның қиыны. Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі – шекара шебін бекемдеу болатыны анық. Бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ қайсарлық пен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды бекітіп алды. Еліміздің шекара мәселесін шешудегі ең басты нәтижесі – болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекараны қалдыру. Көрші елдермен қалыптасқан жақсы қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ынтымақтастықты ұлғайту.