Ауғанстандағы жағдай студенттерді де толғандырады
Ауғанстандағы жағдай студенттерді де толғандырады
443
оқылды

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, әлеуметтік желілерде кең талқыланып жатқан Ауғанстан мәселесі студенттердің де назарынан тыс қалған жоқ.

Ғылымды дамыту халықаралық орталығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген «Ауғанстандағы тұрақсыздық: Орталық Азия қауіпсіздігін шешу жолдары» тақырыбындағы мақалалар байқауына республикалық жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысты. Байқау Қазақстандағы бітімгершілік бастамаларды жариялап, насихаттау, жастардың бойына азаматтық тәрбие қалыптастырып, саяси белсенділігін арттыру, студенттер арасынан дарынды жастарды анықтап, қолдау және студенттік жарияланымдардың сапасын арттыру мақсатында жарияланды. Байқау «Үздік сараптамалық мақала», «Үздік қоғамдық-саяси мақала» және «Ауған мәселесін шешудегі инновациялық әдіс» номинациялары бойынша өткізілді.
– Байқау еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жатқан жастардың геосаяси мәселелерге араласып, еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті бұрынғыдан да бағалай түсуіне, студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етті. Байқау қатысушылары өз мақалаларында ауған трагедиясын сезіне отырып, шиеленіске толы жағдайларды орынды саралай білді. Әлеуметтік әділеттілікті жақтап, жағдайды шешудің жолдарын көрсетуге тырысты. Ауғанстаннан ағылған есірткі заттары мен қару-жарақтар әлемдегі нашақорлық дертін ұлғайтып, қауіпсіздікке нұқсан келтіре ме деген алаңдаушылық сезімдерін айқын білдірді. Байқау қатысушыларының басым бөлігі ауған мәселесін шешудің басты жолы елдегі білім сапасын арттыру деп санайды, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова.
Белгілі журналистер, ЖОО оқытушылары, ғалымдар қатысқан әділқазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды тақырыпты терең ашу, жаңашылдық, материалды баяндау логикасы мен мазмұндылығы, сауаттылығы, жеке көзқарасын білдіру сынды критерийлер бойынша бағалап, дерек пен дәйекті, білімді қажет ететін мәселелерді студенттердің салмақты сараптай білгендігін атаса, байқау жеңімпаздарын марапаттаған Ғылымды дамыту халықаралық орталығының бас директоры Нұржан Нұрахметов: «Мақалалар байқауы Ауғанстандағы жағдайды реттеу мәселелері бойынша 2021 жылдың 6 тамызда Ашхабадта өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші консультативтік кездесуінің қорытындыларына арналған», – дей келе,  студенттердің жаһандық мәселені талқылап, өздерінің саяси сауатын көрсете білгендігіне ризашылығын білдірді. Ауғанстан Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мадиев студенттердің осындай өзекті тақырыпты өз деңгейінде алып шыққандығына алғыс білдіре отырып, болашақта қаламдарын ұштай түсу қажеттігін баса айтты. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылардың барлығына сертификат табысталды.