Nur Otan-да қылмыстық процесте тараптардың тең құқылығын арттыру тәсілдері талқыланды
Nur Otan-да қылмыстық процесте тараптардың тең құқылығын арттыру тәсілдері талқыланды
187
оқылды

Nur Otan партиясы жанындағы Құқықтық кеңес алаңында қылмыстық процесте тараптардың жарыспалылығын арттыру мен тең құқылығын және оған қатысушылардың құқықтарын қорғау кепілдігін күшейтудің тұжырымдамалық мәселелері талқыланды.

Жиында қылмыстық процестегі айыптаушылық сипатты төмендету, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту, айыпталушыларды сотқа беру, дәлелдеу, судьяның, прокурордың және адвокаттың жауапкершілік деңгейін арттыру мәселелері көтерілді. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Назиля Раззақ Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы деп баса айтқанын атап өтті. Ол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Бұл жағдайда сот сайыспалы, ал судья айыптаушы тараптан еркін болуы қажет. Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Асылбек Мүсірәлинов сот талқылауларында жарыспалылықты дамыту қажеттілігі туралы айтты. «Басты сот талқылауы кеңес заманында қандай болса, сол күйінде қалды. Сондықтан соттар айыптау парадигмасының ескіргенін сынға алады. Қазір сотқа барлық материалдар бірден түседі. Оларды оқығаннан кейін, судьяға айғақтар мен дәлелдемелерді бүге-шүгесіне дейін зерттеп әуреленбей-ақ тергеумен және прокурормен келісе салу оңайырақ. Сондықтан біз сотқа тек прокурордың айыптау актісі мен адвокаттың қорғау актісі ғана енгізілуі керек деп есептейміз. Тікелей сот залында әрбір тарап өз дәлелдерінің неғұрлым сенімді екенін ашық түрде дәлелдейді. Бұл судьялардың бейтараптығын сақтайды», – деді Асылбек Мүсірәлинов. Өз кезегінде Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетов Кеңестің назарын айыптау және қорғау тараптарының теңсіздігіне аударды. Мәселен, дәлелдемелерді тек сотқа дейінгі тергеу органдары жинайды, бұл ретте олар үстемдікке ие болады. Ал қорғаушы тарап тек нақты деректерді жинайды. «Бірақ тергеушілер бұл нақты деректерді қылмыстық іс материалдарына үнемі қоса бермейді. Бұл қылмыстық процестің теңдігі мен жарыспалылығына теріс әсер етеді. Біз қорғаушыға жиналған дәлелдемелерді қорғау актісімен тікелей сотқа ұсыну құқығын беруді, сондай-ақ ҚІЖК-де адвокаттың қатысуынмен басты сот талқылауы басталған сәттен бастап айып тағу сатысын айқындауды ұсынамыз», – деді Мансұрхан Махамбетов. Ал сол кезде, айыптау мен қорғау тараптарының теңдігін қамтамасыз етуге қатысты ғылыми қоғамдастықтың көзқарас басқаша. Профессор Гүлнар Сүлейменованың айтуынша, бұл олардың өкілеттіктері мен функцияларының айырмашылығына байланысты объективті түрде мүмкін емес.
«Адвокаттың қолында қылмыстық қудалау органдарындағыдай процессуалдық қана емес, ұйымдастырушылық та, қаржылық та ресурстар кешені жоқ. Бұл түсінікті, өйткені олардың қолында мемлекеттің барлық күші мен қуаты бар. Ал адвокатта бары тек оның клиенті, яғни жеке тұлға ғана. Ол көп жағдайда дәлелдерді жинау үшін қажетті барлық қаржылық шығындарды көтере алмайды», – деп атап өтті Гүлнар Сүлейменова.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында кінәні мойындау үкімнің негізіне кінәнің дәлелі ретінде жатқызыла алмайды. Мұны заңнама деңгейінде бекіту тергеу сапасын едәуір арттырып, сот айыптаушылық сипатын жоғалтады және жарыспалылықты ынталандырады», – дейді адвокат Дмитрий Куряченко. Кеңес төрағасы күн тәртібінің қызу талқыланғанын және құқықтық қоғамдастықтағы сындарлы диалогқа алғашқы қадам жасалды деп санауға болатынын айтты. Оның айтуынша, бұл соңғы кездесу емес, осы бастамаларды талқылау әрі қарай да жалғасын табады.

Талқылау қорытындысы бойынша Құқықтық кеңес мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура өкілдері, тәжірибелі адвокаттар, ғалымдар, сарапшылар және отырысқа қатысқан басқа да мамандар бірқатар ұсыныстар әзірледі, олар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.