Бағдат ТЕЛТАЕВ: Жол сапасын арттыру үшін еңбектенудеміз
Бағдат ТЕЛТАЕВ: Жол сапасын арттыру үшін еңбектенудеміз
282
оқылды
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының,  Халықаралық көлік академиясының және А.Эйнштейн атындағы Халықаралық энергетика академиясының академигі, «Қазақстан жол» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Бағдат Телтаевпен жол саласында ашқан ғылыми жаңалығы туралы аз-кем әңгімелескен едік. – Аға, әңгімеміздің әлқисассын ғылыми жаңалығыңыздан бастасақ. Осы ретте оқырмандарға оның қыр-сырын түсіндіріп берсеңіз. – Рақмет! Бұл ғылыми жаңалық жолдар сапасын арттыруға, оның беріктігін күшейтуге мүмкіндік береді. Қандай инженерлік құрылыс болсын оны жасап шығарған соң, оған табиғи климаттық факторлар, механикалық күштер әсер етпей қоймайды. Уақыт өте келе инженерлік нысандар өзгерістерге ұшырайтыны да заңдылық. Содан кейін ол пайдалануға жарамсыз болып қалады. Мысалы, көлік жолдарының осы сияқты белгілі бір уақытқа дейін қызмет көрсету мерзімі бар. Негізінен біз нормалық құжаттар бойынша жолды жиырма жыл уақытқа төтеп беру керек деп саламыз. Ең негізгі жолдар асфальт бетоннан жасалады. Ал мұндай жолдарға климаттың ықпалы тиеді. Айталық, солтүстікке қарай қатты аяз болғанда олардың көбі суыққа шыдамай қарс айырылып кетеді. Жарықшақтар пайда болады. Ал оңтүстікке қарай керісінше үдерістер болуы мүмкін. Біз өз зерттеуімізде жолдың асфальт-бетон жамылғысының қалай бұзылатынын, не себепті бұзылатынын ұзақ жылдар бойы қарастырдық. Соның ішіндегі көп кездесетін бұзылу түрлерінің бірі – төменгі температуралық жарықшақтардың пайда болуы. Ол жарықшақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көп кездеседі. Енді ғылыми жаңалыққа келетін болсақ, әуелден асфальт бетондарының қатты аязды төменгі температураларында жол жамылғысында пайда болатын жарықшақтарының құпиясын ашуды мақсат еттік. Әрі осы жарықшақтардың жиіліктері қандай, қай уақыттарда және не себепті болатынын анықтадық. Жаңалық бір күнде ашылмайды. Оған біраз уақыт дайындық керек. Мен жалпы ғылыми жұмыстарымды студент кезімде бастадым. Содан бері ғылыммен айналысып келе жатырмын. Үшінші курс оқып жүргенімде маған жолдар неге бұзылады деген тапсырма берілді. Осы тақырыпта диплом қорғадым. Кейіннен кандидаттық диссертация, докторлық диссертация қорғадым. Одан кейін ғалым ұстаздарыммен, шәкірттеріммен бірге жұмыс істедім. Бүгінге дейін ресми түрде менің ғылыми жетекшілігіммен 5 адам ғылым докторы, 28 адам ғылым кандидаты атанды. Осы жұмыстардың біразы ғылым механикасына байланысты болды. Әсіресе, соңғы он бір жыл төңірегінде мен Қазақстан жолын зерттеу институтында жұмыс істеген кезімде бұл тақырып терең зерттелді деп айта аламын. Бұл жаңалықтың ресми авторы мен болғаныммен зерттеуге көп адамдар қатысты. Ондаған жылдар жүргізілген зерттеулер талдаудан өткізіліп, көңілге қонымды нәтиже берді. – Ендігі кезекте жол саласының игілігіне жұмыс істеп келе жатқан "ҚазЖол" мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Біздің институтымызды әлемге танымал ғылыми-зерттеу ордасы деуге толық негіз бар. Шет елдерде өтетін ғылыми конференцияларға, конгресстерге, ғылыми симпозиумдарға жиі шақырту аламыз. Әр жұмысымызға белгілі профессорлар пікір білдіреді. Мысалы, әлемде механика бойынша ұйымдастырылатын Конгресте 10-15 баяндамалардың біреуі ғана өтеді. Сонымен қатар еліміздегі көлік, жол, механика саласы бойынша өтетін форумдарға тұрақты түрде қатысып тұрамыз. Томпсон, Рейдерс, Сколус сияқты деректер қорына кіретін журналдарда мақалаларымыз жарық көріп тұрады. Институтымыздың материалдық-техникалық базасы өте жоғары. Бірнеше зертханаларымыз бар. Заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Терең ғылыми-зерттеу жүргізу үшін қажетті аспаптарды өзіміз жинайтын болдық. Асфальт бетонның механикалық қасиеттерін зерттедік. Біз зертханаларымыздың көмегімен 1 400 шақырым республикалық маңызы бар жолды сараптамадан өткіздік. Ол кешен заманауи компьютерлік және ақпараттық техникалық жүйелермен жабдықталған. Шетелден келген ең мықты мамандар да біздің институттың жұмысына таңданыспен қарайды. Білікті мамандар ордамызға жиі келіп бізбен бірге жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді. Мамандарымыздың деңгейі жоғары болғаннан соң шетелге іс-сапарларға жиі шығады. Америка сияқты алпауыт мемлекеттерден шақырту алып тұрамыз. Осы орайда мына бір жайттарға тоқтала кетсем деймін. 2006 жылдан бастап асфальтқа қатысты материалдарды зерттеуден өткіздік. Соның нәтижесінде еліміздің түрлі аймақтарында 100-ден астам тәжірибелік жол бөлімдері салынды. Олардың сапасына мониторинг жасалып, зерттеу қорытындысы бойынша үздік сапа көрсеткен материалдарды пайдалануға көңіл бөлудеміз. 2015 жылы еліміздегі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға табиғи климаттық жағдайларды, жолдың үстіндегі автомобильдердің әсерін, жолдың санаттарын есепке алатын жол құрылымдарының түрлерінің альбомын жасап шығардық. Бұл республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар одан бөлек сондай құжатты қолдану әдістемесімен жергілікті жолдарға арнайы құжат жасап шығардық. Негізі Қазақстанның жері, аумағы қанша үлкен болса да климаттық жағдайы бойынша екі-ақ аумаққа бөлінеді. 2014 жылы жаңа карта әзірлеп, 4 аймаққа бөлдік. Сол картаны енгізу бойынша Қазақстанда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Асфальт бетонның шағыл тас мастикалық асфальт бетон деген жаңа түрі бар. 2006 жылы Алматы қаласында біз оны тұңғыш рет қолданған болатынбыз. Он жыл өткеннен кейін осы шағыл тас мастикалық асфальт бетонын Қазақстанның барлық жерінде қолданылды. Асфальт бетонның түрі оңтүстігімізде де, солтүстігімізде де тиімді екенін көрсетті. Сондықтан біз бұл асфальт бетонның түрлі маркаларын жасап, оның құрамындағы материалдардың сапаларын көтеріп ылғи жетілдіріп отырамыз. Атап айтатын болсақ, бір ғана шағыл тас асфальт бетонының ШМА 20, ШМА 15, ШМА 10 деп аталатын түрлері тәжірибеден өтті. Оларға полимер қостық. Элвалой, клатон, ботанал деген үш полимер Америкадан келеді. Италиядан супер пласт, Ресейден КМА полимері, Италиядан Сер витамит полимері, Австриядан техролог, Ресейден Дорсан, Германиядан вескопласт 2901 деп аталатын материалдар қолданылады. Қазақстанда да полимерлер өндіріліп жатыр. Көптеген инновациялық ұсыныстарымызды жол саласына арнаудамыз. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша да біздің полимер асфальт бетондарымыз қолданылуға ұсынылып жатыр. – Алдағы мақсат-жоспарларыз қандай? – Автомобиль жолдар Комитеті республикалық екі бағдарлама жасаған болатын. Бағдарлама тендерге түсіп, біз осы бағдарламаны жеңіп алдық. «Жол саласындағы стандарттарды жетілдіру», «Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын сараптамадан өткізу» деп аталатын екі бағдарлама біздің негізгі жұмысымыз болады. Одан бөлек те көптеген жұмыстарымыз бар. Қандай зерттеулер болса да оны тікелей өндіріспен байланыстырып отырамыз. Зерттеулеріміздің сапасын тереңдету үшін іргелі ғылымдарға да назар аударамыз. Бұрын механика-математика ілімдерін меңгеріп, тәсілдерін қолданып келсек, қазір химия, физика ілімін меңгеріп химиктермен, физиктермен әріптестік байланыс орнатылған. Бір айта кетерлігі, зерттеулеріміз тек қана жол аясындағы ғана зерттеулер емес, ол, сондай-ақ, химиялық, физикалық зерттеулерді қоса меңгеріп, сәтті пайдаланып жүргеніміздің дәлелі. Алдағы уақыттағы жоспарлар өте көп. Бәрі де жол саласына байланысты. Қазіргі таңда шетелдік ғалымдармен де байланысымыз бар. Италияның оңтүстігінде орналасқан Калабрия университетімен 2014 жылы бірлесе жұмыс жасау туралы келісімге келдік. Битомдық материал, битом және полимер қосылған битомдық материалды химия тұрғысынан терең зерттеп жатырмыз. Болашақта жолымды жалғастыратын шәкірт тәрбиелегім келеді. Алған білімді кітап қылып жазу да жоспарда бар. Еңбегім ғылымға қосылған бір үлес болып кітапханада тұрса, мен үшін үлкен қуаныш сол болар еді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Абылайхан ЖҰМАШ