Әдебиетіміздің әкімі
Әдебиетіміздің әкімі
1,022
оқылды
Сайын Мұратбековпен көзі тірісінде екі рет жолықтым. Бірінде – Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде, екіншісінде – «Түркістан» газетінің редакциясында. Қазақ әдебиетінің классигімен қаламдас достары, әріптестері, қаламгер ағалары туралы сыр шерткенбіз. Сайын аға «бес тапал» жөнінде сүйсіне әңгімелеген еді. Одан кейін Қалихан Ысқақпен екі рет Қатонқарағайға жол түсті. Бірінде – Оралхан Бөкейдің 60 жылдығына барып қайттық, екіншісінде – өзінің 70 жылдығын туған жерінде атап өтті. Қалихан ағаның үйінде болып, Дәмеш апаның қолынан дәм таттық. Қаламгердің қара «мәшіңкесін» тырсылдатып, жазу жазып жатқанын талай көргенбіз. Сол жазу мәшіңкесінен қазақ әдебиетінің қоржынына қаншама көркем дүниелер қосылып еді. Қалихан ағамен әңгіме айту – бір ғанибет.  Алаш арыстарынан бастап, 60-70 жылдардағы әдебиетке ерекше тоқталатын еді.  «Бес тапалдың» екеуінің де Әкім көкесіне құрметі бөлек-ті. «Келмес күндер елесі» осындай әдемі әсерден туған болар. «Қазақ әдебиетінің Әкіміне» айналған жазушы Әкім Тарази бүгінде сексеннің бесеуіне келді. Өткен күндерді, қимас сәттерді, бірге жүрген шақтарды сағынатыны рас. Әкім ағамен бірге біз де өткен ғасырдың 60-70 жылдарына қайта оралғандай болдық.  

Рамазанды жылатып алғанымыз бар

Сайын «Мемлекеттік сыйлықты» кеш алды» дейтіндер де бар. Шын мәнінде, Сайынға Мемсыйлық дер кезінде берілді. Сол комиссияның құрамында өзім де болдым. Сондықтан көзі кеткеннен кейін сыртынан әңгіме айтудың тіптен қажеті жоқ. Сайын, Қалихан, Рамазан бәріміз ешкімнің сыртынан ғайбат айту дегенді білген жоқпыз. Не айтсақ та, бір-бірімізге ашық айтатын едік. Айтқанда да, қатты айтатынбыз. Бір-бірімізден мінімізді, кемшілігімізді жасырған жоқпыз. Сол үшін де біздің достығымыз айрықша болды. Бізді сыртымыздан «бес тапал» дейтін.  Өйтіп айтқандарына еш ренжіген жоқпыз. «Бес тапал» дегеніміз – Сайын, Қалихан, Рамазан, Қабдеш және мен. Кейбіреулер біздің қатарымызға Жұмекен мен Мұқағалиды да қосады. Жұмекен де, Мұқағали да ерекше құрмет тұтқан ағаларымыз болды. Жақсы сыйластық. «Бес тапал» дегенде – күндіз-түні бірге жүрген достар едік. Бізді біріктірген шығармашылық деңгейіміз деп ойлаймын. Қай-қайсымыз да әңгіме не повесть жазсақ, бірінші болып, бір-бірімізге оқытуға тырысатынбыз. Барлығының шығармасын оқып, ұнатсам, ұнағанын айтамын, ұнатпасам, неге ұнамай қалғанын тіке айтатын едім. Бір-бірімізді өтірік мақтау болған жоқ. Рамазанды бір рет сынап-сынап, жылатып алғанымыз бар. Бізге ренжіп, Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасына кетіп қалды. Сол жақтан қайтып келгеннен кейін Павлодарда жүріп, «Солтүстк шұғыласын» жазды. Ол шығарманың ең алғашқы оқырманы да – мен. Қатты ұнаттым. Оны өзіне де айттым. Рамазанға «Алматыға қайт» дедім. Солай, ол елге, әдеби ортаға қайта оралды. Ал Қалиханмен көрші тұрдық. Көрші тұрған кезде де достығымыз, сыйластығымыз арта түспесе, кеміген жоқ. Бұл да Алланың берген бір шарапаты шығар.  

«Етікшімен» әдебиеттің есігін қақтым

Сайынды әдебиетке алып келген – Әбу Сәрсенбаев. Мені таныған – Ғабит Мүсірепов. Онда Ғабең «Ара» журналының редакторы болып, қызмет атқарады. Ауылда жүргем. Бір күні «Етікші» деген әңгіме жаздым да, соны «Ара» журналының редакциясына поштамен салып жібердім. «Етікшінің» жазылуы да қызық. Біз етікші шалмен көрші тұрдық. Үйден шығып, мектепке бара жатқан жолда етікшінің үйіне бір қарап өтемін. Бір күні әлгі етікші мені көріп: «Әй, Әкім, бері кел» деп шақырып алды.  Бардым. Сәлем бердім. Етікші әңгімелесіп отырып, маған бір сырын айтты. «Үнемі 38 размет етік тігемін. Неге деп ойлайсың?» деп, бетіме бір қарап алды да: «Себебі, бізді капиталистер қоршап алған. Егер мен 39-40 размерлі етік тіксем, Совет одағында адамдардың аяғы өсіп кеткен, күндіз-түні жұмыс істейді деп ойлайды. Ал егер 38-ден төмен болса, Совет одағында адамдар жалқау, жұмыс істемейді, сосын аяқтары өспейді деп айтады» дейді.15 шақты етікті сөреге тізіп қойыпты. Үйге келгесін бәрін әкеме айтып беріп едім, «Қарағым, ол үйге неменге барып жүрсің. Ол бір есі кіресілі-шығасылы адам ғой» деп қабағын шытты. Кейін ойласам, науқас адам тұрмақ, сау адамның да советтік санасының озып кеткені шамалы екен ғой. Әлгі етікші шалдың айтқанына іштей бір күліп алдым да, сосын осы тақырыпты фельетонға айналдырып,  «Ара» журналына салып жібердім. Көп ұзамай пионер вожатый ретінде балаларды Алматыға бастап апаруым керек болды. Бардық. Бір күні жолда келе жатсам, сол жақтағы үйге көзім түскені. Сыртында  әдемі жазу тұр: «Ара»-«Шмель». Ет өнеркәсібі министрлігінің ғимараты екен. Министр – Костин. «Өзі ет өнеркәсібі екен, министрі Костин болғаны қызық екен» деп, бір күліп алдық. «Ара» сол министрліктің 3 қабатында орналасыпты. Ішке кірдім. Есікті тартып көріп едім, ашылмады. Теуіп көріп едім, ар жағынан: «Әй, бұл қайсың?» деген дауыс естілді. Келісті келген ер азамат есікті ашты. Әбен Сатыбалдиев екен. «Шырағым, ашылатын есік болады, ашылмайтын есік болады» деп, күліп алды да, «Қайдан келдің?» деп сұрады. «Шу ауданынмын» деп едім, «Сен әлгі Үртайдың баласысың ба?» деп сұрады. Әкемді таниды екен. Содан ол кісі мені жетектеп, Ғабеңнің алдына алып келді. Ол кісі өте маңғаз адам екен. Біз кіргенде жазу жазып жатты. Басын көтерген де жоқ. Біраз үнсіз күтіп отырдық. Сәлден соң ғана басын көтерді де: «Еее, сен, немене фельетонист боламын деп, келдің бе?» деп сұрады. «Етікшіңді» оқып шықтым. Жақсы екен. Жұмысқа қабылдаңдар» деп, қасымдағы кісіге тапсырма берді. Содан әкеме қоңырау шалдым. «Әке, мені Ғабит Мүсірепов жұмысқа алайын деп жатыр» деп сұрап едім, әкем: «Қой, балам. Елге қайт» деп ұрсып сөйледі де, тұтқаны тастай салды. Екі күннен кейін Алматыға іздеп келді. Біреулер маған «әкең іздеп жүр» деп айтты. Әкем: «Қарағым, ауылға қайтамыз. Жайдан-жай Ғабит Мүсірепов жұмысқа алып, неғылсын. Хулигандардың қатарына қосылып кеткенсің ғой» деп уайымын жеткізді. Сосын әкемді ертіп барып, Ғабеңе таныстырдым. Ғабең оған қатты ұнады. Әбекең екеуі бір-бірін бұрыннан білетін адамдар болған соң, тіптен әмпей-жәмпей болып кетті.  Сөйтіп, Ғабеңнің қарамағында екі жыл жұмыс істедім. Әкем ауырып қалғасын, елге кеттім. Елге кеткеннен кейін де, «Араға» жиі жазып тұрдым. Жазған шығармаларым да дер кезінде жарияланып тұрды.  

Сайын мен Қалиханды өзім таптым

Ғабеңнің арқасында фельетонист болып жүріп, қысқа-қысқа әңгіме жаза бастадым. Жақсы ағаның қамқорлығы ерекше болды. Мұхтар Әуезовтің лекциясына қатыса алмадым. Сыртынан қызығып, құмартып жүретінмін. Ол кісі Мәскеуде көп жүрді ғой... Ең үлкен өкінішім де осы болды: яғни, Мұқаңа көзі тірісінде жақындай алмағаным. Қол созса жетерлік, жақын жерде түрып, Әуезовке батылым жетіп, батып бара алмағаныма өкінемін. Сәлем бере алмадым. Ол кісінің «Абайын» оқыдым. Айрықша қызығып оқыдым. Ол кісімен бір Мәскеуде жүрдік. Бір күні тіпті «Москва» қонақүйінде ұшырасып та қалдық. Онда «Крокодильге» жазып жүретін кезім. Іссапармен келіп жүремін. Бір күні қонақүйге кіре бергенімде, іштен Мұхтар Әуезов шығып келеді екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жаймен сыртқа шығып кетті. Ең қызығы,  кешкісін сыртқа шығайын десем, ол кісі іщке кіріп келеді екен. Өзім біртүрлі сезініп, ырым қылып, есіктегі қолы тиген жерді ұстадым. Толқып кеттім. Дәл қасында тұрып, батыл сәлем бере алмағаныма өкіндім. Бұл менің өмір бойғы арманым болып қалды. Әуезов қайтыс болғанда да, ВГИК-тің екі жылдық киносценарийлер курсында оқып жүргем. Жазушылар одағында кезекшілік атқаруға келген Ғабең де Мәскеуде болатын. Мінезім қатты болғандықтан, әкем өлгенде де жылай алмағанмын. Кейін анам қайтыс болғанда да, жылай алмадым. Неге екенін білмеймін?! Ал Мұхтар Әуезов қайтқанда, өз-өзімнен жыладым. Қасымда ешкім жоқ. Жалғызбын. Мүмкін, сол әсер еткен болар. Әлде жалғыздықтың күйігі ме? Әлде әдебиеттің киесі ме екен мені жылатқан?  Сірә, екеуінің де себебі болар... Ал «Литературная газетаға» фельетонист болып жүргенімде, мақала жазып тұрдым. Бірақ орыс тілінен гөрі қазақ тілінде жазғаным дұрыс деген шешімге келдім де, қазақша кітаптарды көп оқи бастадым. Әуелі Қалиханмен дос болдым. Кейін Сайын қосылды. Екеуінің де шығармаларын елде жүргенде көп оқитынмын. Кейін Алматыға келгенде, екеуін де өзім тауып алдым. Рамазанды да өзіміз таптық. Бір қызығы, бұлар бір-бірін жақсы көргенімен, мен жоқта бір-бірін іздемейтін еді.  Қалихан бір күні маған: «Көке, жүр, Алтайға кеттік» деді. Сайынды бірге ала кеттік. Алтайды армансыз араладық. Қалиханның Алтайына сүйіндік, сүйсіндік. Арада бес-алты ай өткенде Сайын бізге: «Жүріңдер, менің туған жерімді аралайсыңдар» деп, Талдықорғанға шақырды. Содан кейін өзім туып-өскен өлкеге алып бардым. Әр сапарымыздан бір-бір шығарма туатын еді. Сайынның мені кейіпкер етіп, «Басында Үшқараның» деп жазатын сапары сол кез. Ақан Нұрмановпен де етене жақын араластық. «Құланның ажалы» –аяқталмай қалған шығарма. Қалиханға аяқтау керек деп, ұсыныс тастаған да өзім. Ақан орысшаға да, қазақшаға  өте жүйрік болды. Шығармаларын да орыс тілінде жазғаны – сондықтан. Ол Талдықорған облысының Ақсу  ауданында туғанымен, өскен жері – Торғай облысы, Амангелді ауданы.  Оны қазақша сөйлеткен – Қалихан. Ақан 34 жасында өмірден өтті. Бірінші бөлімі қазақша, екінші бөлімі орысша жазылған. Оны аяқтап шыққан соң, Қалиханның: «Қолымда «Құланның ажалы» қалды. Екінші бөлімін қазақшалап, үшінші бөлімін қысқа қайыруыма тура келді. Ақанның ойын таба алдым ба, таба алмадым ба, білмеймін...Амал жоқ, Ақанның өзі болса, басқалай аяқтар ма еді?» деп жүргені сондықтан. Ол жылдары тың игеру басталғаны белгілі. Солтүстік облыстардың көбінде қазақтар аз. Корреспондент болып жүргенде ауыл-ауылды жиі аралаймыз. Сонда байқағаным, Павлодар облысының 80 пайызы орыстілді болатын. Кейбір совхоздарда қазақтар мүлдем жоқ. Оның себебі, тың игереміз деген желеумен Сібірден келімсектерді көп алып келді. Сол жылдардағы келеңсіздіктерді әдебиетте көрсетуге тырыстық. Аханның да тақырыбы – Кейкі батыр. Ол  жабық тақырыптардың бірі болатын. Оның сол жабық тақырыпқа баруының өзі – ерлік. Кеңестік цензура біздің де шығармаларды талай «қидалады». «Тасжарғаным» көп сыналды. Тіпті пьесамды сынағанына қарамай, сахнаға шығарған режиссерлер болды. Риза болдым. Біздің буынның ең үлкен қасіреті – осы. Кеңестік цензураның «қайшысына» ілініп, талай жақсы дүниелер қиылып кетті.  

Мәскеуде білім алуыма Ғабең себепкер болды

Ғабең «Социалистік Қазақстанға» ауысып кетті. Елден келгесін, сәлем берейін деп, Ғабеңе кіріп шықтым. Ол кісі мені көрді де: «Сен маған дұрыс келдің. Мәскеуге оқуға екі бала сұрап отыр. Біреуі орыс болсын деді. Екінші орынға өзің бар» деді. Онда орысшаға жүйрікпін. Сонымен, киноға келуіме де Ғабең себепкер болды. Киногерлер одағының екі жылдық курсына жіберген де сол кісі. 1960 жылы барып, 1962 жылы бітіріп қайттым. Қалихан менен кейін барды. Бізді кино саласына әкелген – Камал Смаилов. Үш фильмім бар. «Арман-атаманды» көретіндер әлі көп. Киноға келген кезде Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, бәрінің көзі тірі. Сұлтан Қожықовтың да жұлдызды шағы. Барлығымыз қатар жүрдік. Қызу, қайнаған ортада жүрдік. Қазақ киносының дәуірлеген, өркендеген тұсында «Қазақфильмде» жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Кинематографистер одағын да басқардым. Шәкен Айманов кеткеннен кейін үш жарым ай бос тұрды. Сол орынға мені Қонаев алып барды. Кинодан қашып кеткен жоқпын. Киноның сюжеті бөлек, әдебиеттің сюжеті бөлек. Сол үшін өз еркіммен ол ортадан кеттім. Маған жазу керек болды. Көркем дүниеге ойыңды қысылмай, айтуға болады. Ал киносценарийдің жөні бөлек. Сол себепті де, әдебиетке оралуым керек деп шештім. Әрі екі-үш томдық шығармаларды көп сынай бермейді. Үлкен шығармаларды қазір оқымайтын болды ғой. Шығармаларымның бәрін қайта оқып, өз-өзіме сын көзімен қарап отыратын қасиетім бар. Сайынды да, Қалиханды да, Қабдешті де қайта оқимын. Сайынның әңгімелерін оқып отырып, ғажап күйге түсемін. Оның таңдамалысын қолға алып:  «Құдайым-ау, мына ғажаптың бәрін Сайын жазған ба?» деп таңқалатыным бар. Балалық-жастық дәуірімізді, дәуір ғана емес, дәуренімізді ала кеткен ауылдың тіршілігі қандай керемет еді! Ауылдағы қарапайым адамдардың тағдырын көркем тілмен сөйлете білген Сайынның қаламының да құдіреті бар-ау... Адамды сүйе білу, кейіпкерін сүйе білу, түсіне білу  нағыз жазушыға ғана тән қасиет деп ұғамын. Сосын Қалиханды қолға аламын. Оған да ризашылығым басым. Ақыр соңында, өз шығармаларымды оқимын. Оны да оқып отырып, астын сызып қоятыным бар. Кез келген шығармама «дұшпанның» көзімен қараймын. Бұл шығарманы оқығанда өзгелер қалай қарайды деген ой тұрады. Сол себепті де, сын көзбен баға беруге тырысамын. Біздің буын әдебиетке дайындықпен келді. Соның арқасы болар, олар әдебиетке жақсы шығармалар қосты. Әдебиеттің өркендегені де сондықтан.  Аллаға тәубе, өмірімде тек жақсы адамдар жолықты. Қаламгер ағаларым да ерекше іні тұтты. Достыққа адал болдық. Ешқашан біреуге жағымпазданып та көргем жоқ. Осы мінезімді ұнатқан болуы керек. Сын айтсам, сынымды көтерді. Ұнатсам, ұнатқанымды айттым. Жақсы сын жазушыға көмектеседі. Егер біз бір-бірімізді құр мақтай берсек, Сайын да, Қалихан да, Рамазан да жақсы жаза алмас еді. Бір-бірімізді өлтіре сынау арқылы өзімізді түзедік. Жақсы жазуға тырыстық. Бұл біздің шығармашылығымызға көп әсерін тигізді. Қазір қазақ әдебиетінде Әкім Таразидің ерекше қолтаңбасы қалса, біріншіден,  Алланың арқасы, екіншіден,  Ғабит Мүсіреповке алғыс айтамын. Үшіншіден, қанаттас, қаламдас достарымның арқасы.  Қазір жазушыларға ақыл айтпаймын. Соңғы жылдары Жазушылар одағының жиынына да көп бармайтын болдым.  

Жақсы шығарма қиындықта туады

Менің достарым әдебиеттің тарихында классик болып қалды. Олар – қазақ әдебиетінің төртінші буыны. Сайынды, Қалиханды, Рамазанды классик емес деуші табыла ма? Жұмекен мен Қадырдың классиктігіне кім таласады? Біздің буын – өте үлкен. Соның бір он бесі қазақ әдебиетінің классигі атанды. Мұқағалидың жасы үлкенірек, әдебиетке бұрын келсе де, біздің буынға кірді. Біз әдебиетке әдебиеттен келген жоқпыз. Біз елдің тұрмысын, қиындығын көріп келдік. Ал әдебиетке әдебиеттен келгендер іске жарамай қалды. Бір кездері одаққа 50-60 адамды бірден қабылдады. Олардың бәрі журналистикадан келді. Журналистиканың тілі бөлек бәрібір. Осы үшін Қалдарбек Найманбаевқа ренжіген кезім де болды. Кейін тағы біраз адамды қабылдады. Ол кездері «айлықты көбейту үшін адам санын артыратын». Қазір мүлдем көбейіп кетіпті. Қырғыз бен өзбек бізден асып кетті. Қай халық болса да, ең мықты дегенде, бес-алты жазушы болады. Ары асып кетсе, 20 адам болуы мүмкін. Журналистің жанры бөлек, жазушының жанры бөлек. Журналистер де ерекше қадірлеймін. Күні-түні шапқылап жүреді. Жұмыстары оңай емес. Соңғы жылдары көп оқымайтын болдым. Прозаиктер тіптен жоқтың қасы. Жақсы шығарма көзіме түспеді. Ақындардың арасында бірен-саран мықты ақындар бар. Бірақ олардың бір кемшілігі, көпшілігі бір тақырыпты шиырлап жүр. «Айым да сен, күнім де сен» дегеннен аса алмайды. Өлең жақсы,  бірақ тақырыбы – жаңалық емес. Жақсы, қиын әдебиет халық, ел қиналған кезде туады. Бетін ары қылсын, қазақ әдебиеті дамуы үшін сөйту керек, бүйту керек деп айта алмаймын. «Жақсы ақын болу үшін бақытсыз балалық керек» деген Қадырдың сөзі дұрыс.  Дәл осы сөзді Хемэнгуэй де айтқан деседі. «Тасжарғанды» бір жылда жаздым. Күніне екі беттен асырмаймын. Тапсырыспен шығарма жазғам жоқ. Өтініш айтып, тапсырма берсе, өздерің жазып алыңдар дейтінмін. Араласатын біздің буыннан ешкім қалмады. Қабдеш келіп тұрады Алматыдан. Достарымды сағынғанда шығармаларына үңілемін. Достарымның ешқайсысынан артық болған жоқпын, артық санамаймын да. Әр уақытта менің алдымда Сайын, Қалихан, Рамазан тұратыны анық. Мені жұбататын сол нәрсе. Жақсы шығарма – жанға жұбаныш. Көп оқимын. Көп түзеймін. Жалпы, жазушының басқадан еш айырмасы жоқ. Ол да көптің бірі. Бірақ жазушыны көптің бірі деп айта аласыз ба? Себебі, олар өз тазалығы үшін күресіп жүрген адам. Ең үлкен сот –   өзі. Оны көбісі мойындай бермейді.   P.S. «Өзіммен өзім күндіз демей, түн демей, арпалысып жүріп  өттім. Мен ешуақытта өзімді өзім жақсы көрген емеспін, ешуақытта өзімді-өзім болдым, толдым деген емеспін. Мен күндіз жұртпен әңгімелесіп жүргенде, түнде ұйықтап жатқанда, тек әдебиет деген сайқал-сұлуды бағындырумен, сонымен күресумен, соның бір жымиған, беріле жымиған сәтін аңдып, соның соңынан аңдып жүрген адаммын» деп ағынан жарылған екен Әкім аға. Расында да солай. Ол әдебиетті өзінше бағындырды. Әдебиеттің Әкіміне айналдды. Қаламгердің жары, жазушы-драматург Роза Мұқанова өзінің «Менің Таразиым» атты мақаласында: «Әкім Тарази жеңіл оқылатын суреткерге жатпайды. Тілі жатық, жеңіл оқылғанымен, ой астары, жер қыртысы сияқты түрлі-түсті қабаттың сырын аңғартады. Меніңше, өмірбаяны таяз, көргені мен түйгені аз адамнан суреткерлік шықпайды. Суреткер сүзгіден өткендей тазарып барып, сол тазару жолында талай бәле-жаладан, қауіп-қатерден, қиянаттардан сүрініп өтіп, сүрленген тұста, азапты жеңіп, не жеңілген тұста ғана суреткерлікке қол жеткізер» деп жазады. Жазушының адами болмысын, қадір-қасиетін көрсетіп отыр. Жазушы туралы жазушыдан асырып жаза алмас, сірә! Не десек те, әдебиетіміздің  Әкімі, қазақтың Әкімі аман болсын дейміз!