Жалақы кешігіп, жарна жайына қалды
Жалақы кешігіп, жарна жайына қалды
© коллаж: Елдар Қаба
501
оқылды
Қымбатшылық қысып, баға шарықтап бара жатқанда жалақысын ала алмай зар илегендер де табылып тұр. Ақмола облысы Астрахан ауданының әкімдігі жанындағы коммуналдық шаруашылығында қарапайым жұмысшылар талайдан бері шешілмеген жанайқайларын редакцияға жеткізді. Олардың айтуынша, үш жылдан бері зейнетақы, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру үшін қызметкерлерге көк тиын аударылмаған. Алайда қолдарына тиетін бар-жоғы 40 мың теңгенің айналасындағы жалақысынан бұл қаржы тұрақты түрде ұсталып келген. Бұған қоса, жұмысшылар жалақы алмағанына да үшінші айға кеткенін жеткізді. «Мәселе жөнінде облыс әкі­міне, тіпті Президент Әкімші­лігіне хат жазғанымызбен, еш нәтиже болмады», – дейді олар. Ал ау­дан­дағы жергілікті билік өкілдері жала­қы­ның уақытында аударылып жатқанын ай­тады. Бір қызығы, жергілікті билік өкілде­рінің айтқан жауабы бір-біріне ұқсамады... Коммуналдық шаруашылық қызмет­кер­лері жергілікті әкім­діктерден еш қайыр болмаған соң хатты Президент Әкімшілі­гіне жол­дапты. Ал олар аталған шаруа­шылық жекеменшікте болған­дықтан, мораторийге сәйкес тек­­­серіс жасауға құқығы жоқ еке­нін жеткізген жауаппен құтылыпты.

Үш жылдан бері зейнетақы, үш айдан бері жалақы...

«Бұл коммуналдық шаруашы­лықта екі жылдан бері жұмыс іс­теймін. Осы екі жыл бойы менің және үш жылдан бері істеп келе жатқан басқа жұмысшыларға зей­нетақы, әлеу­меттік және меди­циналық сақтанды­руы­на бір тиын да аударылмады. Бірақ жа­ла­қы­мыздан ұстап отырады. Көпшілік шағым айтуға жұмыстан айырылып қаламыз ба деп қорқады. Бұрынғы басшымыз жұ­мыс­тан шығарылған. Жаңа басшы жақында келді. Естуімізше, біздің жалпы осы зей­нет­ақы аударымымызға коммунал­дық шаруа­шылықтың қарызы 10 миллион теңгеден асып жығылған. Оған қоса, жалақы алма­ға­нымызға да үшінші айға жуықтады. Пре­зи­дент Әкімшілігіне жолданған хатқа же­ке­меншікті тексере ал­май­мыз деген сипатта жауап келіпті. Біз әкімдік жанындағы мем­лекеттік коммуналдық шаруашылық емес­піз бе?! Мұны қалай түсінбекпіз?», – дейді Астрахан ауданы тұрғыны Галина Аянова. Бүгінде халқының саны 5 мың­ға жетіп жығылған Жалтыр ауылы бір айдан бері тұрмыстық газдың тапшылығын тартқан. Осыған дейін газ баллондарын толтыратын жанармай құю стансасында енді газ құюға тыйым салынған. Газсыз қалған жұрттың кө­лігі бары газды 120 шақырым жердегі елор­дадан құйып келетін болған. Жұртты толғандырған сұрақ­тардың жауабын іздеу үшін аудан әкімімен тікелей тілдеспек болдық. Бірақ әкім коммуналдық шаруа­шылық жұмысшыларының зей­нетақы және басқа да ұсталымдары жөнінде ешқандай шағым түс­пегенін айтып ақталды. «Коммуналдық шаруашы­лықтың жұ­мыс­шыларына жалақы осыдан екі күн бұ­рын толықтай аударылған. Жалақыдан еш­­қандай қарыз жоқ. Ал зейнетақы, әлеу­меттік ауда­рымдар мен меди­ци­налық сақ­тандырулар туралы сізден алғаш рет естіп отырмын. Ма­ған мұндай еш шағым түскен жоқ. Егер жа­лақы бойынша сауал­дары болса маған ті­келей шықсын. Ал тұр­мыстық газ тапшылы­ғы­на келсек, Шортандыдағы газ жары­лы­сы­нан кейін жанармай құю стан­сасынан газ құю­ға бірден тыйым салынған. Қазір көше­лерде газ тарататын кө­ліктер жүр. Елор­дадан газ стан­сасын Астрахан мен Жалтырда ор­нату туралы келісім жасамақпыз. Бұл мәселе алдағы үш күнде белгілі болады», – дейді Астрахан ауда­нының әкімі Нұрлан Сейілов. Аудан әкімімен тілдескеннен кейін қарамағындағы орын­ба­сарлары мен бөлім басшы­ларынан телефон қоңыраулары түсе бас­тады. Бірақ зейнетақы және басқа да аударымдары жөніндегі жауап бөлек болды. «Коммуналдық шаруашылық қызмет­кер­лерінің жалақыдан қа­рызы болған жоқ. Ал зейнетақы, әлеуметтік аударым мен ме­ди­ци­налық сақтандырудан мәселе бар екені рас. Бірақ үш жыл емес, соң­ғы бір жыл ғана қарыз. Қаражаттың жетіспеушілігіне бай­ланысты бұл аударымдар уақытында ауда­рыл­мады. Газ стансасын салмақ болған бі­реу­дің құжаттары сәйкес келмеді. Тағы бір жет­кізушінің қоймасы бар. Енді келі­сім­шарт­тар жасап мәселені шешпекшіміз», – дей­ді тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінің басшысы Сағынтай Мұхамеджанов.

 «Зейнетақы аударымдары төленбегені рас»

Ал салаға жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының берген жауабы мүлде бөлек болды. «От жағушыларға, сушылардың бәріне жалақы кешіктірусіз ау­дарылады. Өйткені мұндай аз ақ­шаға жұмыс істейтіндер өте аз. Ал жалақы бойынша тек соңғы қа­раша айына қарызбыз. Зейнетақы аударым­дары бойынша жағдайдың күрделі екенін ашық айтамын. Иә, дәл солай зейнетақы жарна­лары аударылмай жатыр. Себеп – қа­ражат тапшылығы. Жұрт­тың көбі суды ұр­лап қол­данады. Төлеген қаражат жетпейді. Ком­му­налдық шаруашылықтың көмірі де бюджет қаражатына алынады. Әсіресе, жаз айла­рында жалақы төлеу қиынға соққан. Жа­рыққа ғана 6 миллион теңге шығын­да­лады. Алдағы қаң­тар, ақпан айларында қа­рыздарды толығымен жабамыз. Ешқандай мә­селе болмайды», – деп сендірді Астрахан ау­даны әкімінің орын­басары Руслан Мұқанов.

P.S.

Сонымен, аудандағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметкер­лерінің жалақысы мен зейнетақы және басқа да ау­дарымдар айнала­сын­да бір қитұрқы шырғалаң бар еке­ні анық байқалды. Ал мәселені жер­гілікті билік пен тиісті органдар қа­лай шеше­тіні алдағы уақыттың еншісінде...

Ақмола облысы